Құлсарыда 7 жастағы қызды зорлап, өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Атырау облысында 7 жастағы қызды зорлап, өлтірген ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкімді Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина жариялады, деп хабарлайды Malim.kz Ақ Жайық сайтына сілтеме жасап.
Қанды оқиға 5 маусымда Құлсары қаласында болған. Қыз бала аулаға ойнауға шыққан соң, үйіне қайта оралмаған. Кейін оның денесі Құрсай өзенінің маңынан табылды.
Тергеу дерегінше, 35 жастағы ер адам мас күйінде баланы зорлап, қылмысын жасыру мақсатында тұншықтырып өлтірген. Мәйітті өзенге тастаған соң, ол дүкеннен ішімдік алып, танысының ауласында ұйықтап қалған.
Күдікті өз кінәсін мойындамағанымен, сот куәгерлердің айғақтары, бейнежазбалар және сараптама қорытындылары арқылы оның кінәсі толық дәлелденген деп шешті.
Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау») және 99-бабының 3-бөлігі («Кәмелетке толмағанды өлтіру») бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына ерекше тәртіптегі түрмеде жазасын өтейді.
Сондай-ақ сот шешімімен қылмыскерден жәбірленушінің отбасына 20 миллион теңге өтемақы өндіру туралы қаулы шығарылды.
Үкімді жариялау кезінде судья Зарема Хамидуллина былай деді:
«Мұндай дамыған қоғамда жазықсыз баланың өмірін қиып, аса қатыгездік таныту — тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның трагедиясы».
Фото: Ақ Жайық