Венгрия Путинді Халықаралық қылмыстық соттың ордері бойынша қамауға алмайды

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу үшін Будапештке барған кезде, Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) ордері негізінде тұтқындалмайды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
«Біз Ресей президенті Владимир Путинді құрметпен қарсы аламыз және, әрине, оның Венгрияға келуін, мұндағы келіссөздердің сәтті өтуін және кейін еліне аман-есен оралуын қамтамасыз етеміз. Бұл үшін ешкіммен ешқандай келісім жүргізудің қажеті жоқ», – деді Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто 17 қазанда өткен баспасөз конференциясында.
Будапешт Еуроодақтағы өзге елдермен Путиннің сапарына байланысты кеңес өткізбейтінін мәлімдеп, мұны елдің егемендігімен түсіндірді.
«Біз – егемен елміз. Ресей президентін қабылдап, оның АҚШ президентімен келіссөз жүргізуіне жағдай жасаймыз», – деді Сийярто.
Министрдің айтуынша, Путин мен Трамп кездесетін орындар мен басқа да техникалық мәселелер әлі нақтыланбаған. «Кездесудің нақты күні бекітілген бойда, техникалық мәселелердің барлығына қатысты ақпарат береміз», – деп сендірді ол. Сийярто алдағы кездесуді «Будапешт саммиті» деп атады.
Бұған дейін Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан әлеуметтік желідегі жазбасында Венгрия «бейбітшілік саммиті» аясында АҚШ пен Ресей президенттерінің алдағы кездесуіне толық дайындалып жатқанын хабарлаған болатын.
«Венгрия – бейбітшіліктің аралы!» – деп жазды Орбан Х әлеуметтік желісінде.
Фото: marcus/Shotshop/picture alliance