34 адамның 52 млн ақшасын қалтаға басқан турагенттік басшысы ұсталды

Қарағанды қаласында туристік агенттіктің иесі 30-дан астам адамды алдап, ақшасын қалтаға басқан, көп кешікпей кәсіпкер ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Қарағандыда 53 жастағы азаматша полицияға арызданды. Ол туристік агенттік иесінің алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болғанын мәлімдеді. Әйел көптен күткен демалысын ұйымдастыру үшін турагентке 900 мың теңге берген, алайда уәде етілген сапар жүзеге аспай қалған, — делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында бұл агенттікке қатысты осындай тағы бірнеше шағым тіркелгені анықталды. Қазіргі уақытта полицияға осы туристік агенттіктің қызметіне шағымданған тағы 34 азаматтың өтініші түскен.
Күдікті өз әрекетін валюта бағамының күрт өсуімен және соның салдарынан туындаған қаржылық қиындықтармен түсіндірген. Тергеу мәліметінше, жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық залал шамамен 52 миллион теңге. Тергеудің объективті әрі жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында күдікті уақытша қамауға алынды.
Фото: Malim.kz