Қырғызстандағы төңкерістің артында топтық мүдде жатыр

  • 07.10.2020
  • Malim Админ
Алатаудың омырауын егіз еміп отырған ел болған соң, қырғыз жұртындағы қоғамдық-саяси оқиғаларға мән бермесек болмайды. Бұл ретте мен мынаны айтқым келеді:
Қырғыздардың өжеттігін, белсенділігін өз басым қолдаймын. Керек десеңіз, алаңға боз үйлерді тігіп тастап, билікке ашық талап қоятын батылдығына қызыға да, қызғана да қараймын.
Қырғыздардағы демократия да қызықтырады. Оларда баспасөз еркін, сөз бостандығы күшті. Баспасөзді жекелеген тұлғалар қаржыландыра алады. Соған сәйкес қырғыз баспасөзі де айтарын ашық айтып, жазарын ашық жазады. Әлеуметтік желілер, ақпараттық порталдар былай тұрсын, телеарналардың өзі Мемлекет басшысынан бастап Үкімет мүшелерін, Жоғарғы Кеңес депутаттарын сынай алады.
Кез келген қырғыз азаматы өзінің талабын алдыға салып, арзу арманын айтып, Ақ үйге кіруге қақылы. Президент пен Парламент үйінің алдында он адам, тіпті екі адам шағын митингі өткізетін мүмкіндікке ие. Полиция олардың қауіпсіздігін ғана бақылап тұрады.
Қырғыздың мемлекеттік қызметкерлері де қарапайым. Ең жоғарғы лауазымға қол артқан ұлығының өзі халықтың алдында кішік. Елмен есептеседі, адамша сөйлеседі. Тілге келеді. Көптің жағдайын ұғуға ұмтылады.
Халықы сияқты қырғыз депутаттары мен үкімет адамдары да – еркін. Партияласының немесе Үкіметтегі әріптесінің ісі жақпай ма, жалтақтамайды, жалтармайды, турасын айтады. Керек десеңіз, қарсы тарапқа шығып кетеді. Қателессе, жария түрде кешірім сұрайды.
Қырғыз халқы пысық, еңбекқор. Қырғыздар байтақ даласы, аста төк байлығы бар қазақтың базарына әкеліп өздері қолдан жасап, өндірген дүниесін сатады. Жастары өріп шетелдерде жүр. Тапқан таянғандарын қырғыз жастары еліне тасиды. Қырғыз айылдары сондай қажырлы жастардың арқасында жайнап тұр. Қырғыз жастары оқу-біліміге де құштар. Осы күні қайда барсаң да алдыңынан «ассалаумағалайкум, байке» деп қырғыздың өрімідей қыз-жігіттері шығады. Қырғыздар – шетінен патриот. Елін жамандап, жерін жамандап, «мен мұндай мемлекетте тұрмаймын, кетемін, азаматтығымды өзгеретім, ұлтымды өзгертем» дейтін қырғызды таппайсың. «Атаң қоқи, бүгүн жақшы болмаса, ертең гелечек жақшы болад та» дейді біздің қырғыз бауырлар.
Қырғызға тағы бір қызғатының – тұтас қырғыз қырғыз тілінде сөйлейді. Ішінара өзге ұлттар да саяси науқандар барысында айыр қалпақты ағайынымыздың тілінде сайрап жүреді. Қайбір жылы, Ақаевтың тұсында болса керек, билікшіл топ орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берелік дегенде қырғыздың тайлысы мен таяқтысы қалмай әлгі бастамаға қарсы шықты. Болдырмай тастады.
Міне, осындай еркін елдің ерік-жігерін кейінгі кездері кланаралық күштер басқа арнаға бұрып барады. Халық қуатын клан көсемдері жеке бастарының мүддесіне пайдалануда. Соның салдарынан қазір Қырғызстандағы демократия демократия емес, демогогтардың ықпалына түсіп қалған бұқаралық дүмпуге (охлократияға) ұласып барады. Егер бұл охлократия емес, демократия болса, Қырғызстан осы күні бір нәтижеге жетуі керек еді ғой. Демокртаия дегеніміздің өзі нәтиже емес пе? Мысалы, қырғыздар алдымен Ақаевты елден аластады. «О!» дедік. Билікке Бакиев келді. Бакиев билікке бір өзі келмепті, бандасын ерте келіпті. Сөйтіп ресми Бішкекті банды жайлады. Қырғыздар ақ боз үйді самсатып тігіп жіберіп, жиын өткізді де, Бакиевті де бір-ақ түнде қыр асырды. «Оппо!» дедік. Отуынбаеваны ғана орынтағында отырғызып, орнына Атамбаевты сайлағанда және «бәрекелді» дегенбіз. Өйткені Атамбаев Бакиевпен ұстасқан батыр еді. Артынан Атамбаев та «кәкай» болып шықты. Атамбев орнына мұрагері Жиенбековті қалдырды. Сондағы оның ойы – Қырғызстанды Парламенттік Республика жасап, партиясы арқылы Заң шығарушы органды алу екен. Онысын саясатта сақ, қырағы қырғыздар біліп қойып, тағы да аттанға басты да, Жиенбеков Атамбаевты соттап тынды. Енді Жиенбековті төңкеріп тастап қайтадан Атамбаев пен оның айналасындағыларды алдиярлауға шақ қалып отыр. Бұның арғы жағында «Атамбаевты бекерге күйдіріппіз, обал жасаппыз, азаматымыз осы екен» дейтін елдік мүддеден гөрі топтық, аймақтық мүдде жатса керек. Өйткені Қырғызстандағы саяси айтыс-тартыс соңғы жылдары осындай сипат алып үлгерді. Ал бұның соңы жақсы болмауы мүмкін. Біз Қырғызстанның «Борбор Азиядағы демократия аралы» бола отырып, дамығанын, тыныштығын, тұрақтылығын қалаймыз. Қалай болғанда да бұл ел ұлттық келісім аясында демократиялық даңғыл жолда өмір сүрсе екен дейміз.
Байланысты жаналықтар

Білім мен ғылым жолы – адал жол

13.11.2020

Аида Балаева: Ұлттық кеңес қоғамда ой еркіндігі барын көрсетті

29.09.2020

Коронатест пен медмаска арзандады

09.11.2020

Тоқаев төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

11.05.2020

Адвокат Құспан президент жолдауына пікір білдірді

01.09.2020

Әкім ханым дән еккенімен, диқандар су таппай жатыр

28.05.2020