Жақсы кеңесші наразылықты көрмейді

  • 30.10.2020
  • Malim Админ

Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ штаттан тыс кеңесшісі Ерболат МҰХАМЕДЖАН  сұмдық мәлімдеме жасады. Қазақстан ұлттық арнасының «Ашық  алаң» бағдарламасында жоғары білім сапасына қатысты талқылауға қатысқан ол «Біз үкіметтен талап еткен кезде материалдық жағдайды басты назарға қоямыз. Киім, тамақ, үй талап етеміз. Неге сапалы білім бер деп сұрамасқа? Мектептер мен университеттер сапалы білім бермейді деген талаппен митингке шыққан адамды көрдіңіз бе? Лайықты білім бере алмасаң, сапалы білім алудың жолын көрсет деп те ешкім айтпайды. Жалпы халық емес, белгілі бір қоғам өкілдері ғана бұл мәселені көтеріп жүр»,-деп салды.

Ерболат МҰХАМЕДЖАННЫҢ бұл сөзі «Ашық алаңды» жүргізуші Мақсат ТОЛЫҚБАЙҒА ұнап кетті ме, әлде, басқа бәле тілден деді ме, үндемей қоя салды. Әйтпесе, спикердің дәл осы сөзін терістеп тастайтын мысал өте көп еді. Білім сапасы үшін өтіп жатқан митингтер жаппай сатылып жатқан дипломдардан әлде қайда көп қой.

Алысқа бармай-ақ, осы хабардың түсірілімі өткен Қазмедиа Орталығы ғимаратының дәл түбіндегі жылға жуық наразылықты мысалға айта салайық. Астанадағы Есіл ауданының тұрғындары үш ауысымда мектептен шаршаған. Ауданда жалғыз мектеп – №59 лицей ғана бар. Бұл мектепте бір сыныпта 40 оқушы қысылып оқыйды. Ал осы ауданда яғни, қаланың орталығында бос тұрған жер теліміне қала әкімдігі  жалпы саны 2 мың пәтер шығатын бірнеше биік-биік тұрғын үйлер салмақ. Есіл ауданының тұрғындары осы үй кешендерінің салынуына қарсылық көрсетіп, тоздырмаған табалдырық қалдырмады.  Тіпті, салынатын тұрғын үйлердің жобалауындағы қателіктерді анықтап, қала әкімдігінің құрылысқа қатысты заңсыз шешімдерін әшкерлеп, президенттен бастап, құзыры бар үлкен-кіші орындардың бәріне ашық хат та жазды.  Таң атырып, күн батырып талай наразық жиынын да өткізді. Не үшін? Еріккеннің ермегі үшін бе? Әлде, істерге іс таппай жүр ме еді? Жоқ. Күндіз мемлекеттік, бюджеттік қызметте, жұмыста жүріп, шаршап шалдығып келіп, кешкісін естімейтін әкімдікпен алысудағы мақсат жалғыз ­­– балаларды сапалы білімге жеткізу ғана. Егер ойын-сауық сауда орталықтары қаптап тұрған Есіл ауданынында мектеп жеткілікті болса, үш ауысымның не екенін оқушы білмейтін болса, онда ата-аналар әкімдікпен алысып жын ұрып па! Жүйкелерін жұқартпай жатпай ма үйлерінде. Оқушылар сарайы да керек дейді олар. Оның да себебі бар.

Ата-аналар репетитр жалдаудан тозып кеткен. Өйткені, сығылысып отырған мектептегі білім сапасы сын көтермейді. Ал оқушылар сарайы салынса, баланың дамуына, пәндік үйірмеге, спорттық шараларға, даму орталықтарына қатысуға  мүмкіндік көп болмай ма! Міне, осы арманға жете алмай жүрген ата-аналар жыл басынан бері ереуілдеп келеді. Ал олардың наразылықтары Қазмедиа Орталығы ғимаратының терезесінен анық көрініп тұр. Алайда «Ашық алаң» бағдарламасында жүргізуші Мақсат ТОЛЫҚБАЙ қонағы Ерболат МҰХАМЕДЖАННАН бұл  даудың жайын сұрамайды.

Жалпы, кеңінен алып қарасақ, елдегі кез-келген митингтің түпкі мақсаты сапалы білім, сапалы өмір үшін өтіп жатқан жоқ па! Бірақ, оны түсінетін билік пен бала қайда?!.

 

Байланысты жаналықтар

Тоқаев мұқтаж елдерге көмектескісі келеді

07.04.2020

Бақытжан Позилов: Шымкент трансплантация орталығына айналады

29.04.2021

Аймағамбетов қырын қарап отырған университеттер

18.09.2020

28 дәрігер коронавирус жұқтырды

03.04.2020

"Ата-аналары күтіп алмай-ақ қойсын, олар карантинге жатады"

27.04.2020

Президенттің орысша сөйлеуіне тиым салды

11.10.2020