Қарабақ қақтығысының көкесін біз көретін едік

  • 12.11.2020
  • Бағашар Тұрсынбайұлы

Бексұлтан Нұржеке-ұлы – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. «Әй, дүние-ай» романы үшін жоғары марапатқа ие болған қаламгер әдебиет табалдырығын алпысыншы жылдардың ортасында аттады. Мұқағали Мақатаевтың алдында өзін қарыздар санайды. Себебі, алғашқы шығармасын оқып, жарық көруіне ықпал еткен. Күләш Байсейітованың үстінен арыз жазғандарды, Ілияс Жансүгіровтің белгісіз болып келген шығармасына жолыққанын, қазіргі қазақ тілінің өзекті мәселелерін осы сұхбатта сөз етеді.

Аға, қазір жазушылық Мемлекеттік сыйлықпен өлшенетіндей көңіл-күй бар. Міндетті түрде сол сыйлықты алу керек секілді. Өзіңіз де лауреатсыз, сыйлық алғаннан кейін бірдеңе өзгере ме?

– Оны бәлен деп айту қиын ғой. Сыйлық беру деген көп елде бар. Әлемдік Нобель сыйлығы, француздардың Гонкур сыйлығы. Кеңес одағы кезінде де болды. Жазушыларды ынталандыру үшін жасалған нәрсе ғой. Қазақстанның Халық әртісі, Халық жазушысы, Еңбек сіңірген әртісі деген сияқты атақтар болды. Бұны керек емес деп айта алмайсың. Бұл адамдардың деңгейін өлшеу ме, пайымдау ма – сондай бір дәрежедегі дүние деп ойлаймын.

Қазақстанның Халық әртісі деген атақты алып тастағалы, байқайсың ба, бәрі бірдей болып кетті. Бәрі жұлдыз. Кеше ғана ән айта бастаған баланы «біздің жұлдызымыз» дейтін болды.

Жұлдыз бола берсін ғой. Бірақ халық өнердің бәрін бес саусағындай біліп отырған жоқ қой. Сондықтан бұл қажет пе деп ойлаймын.

Кейде бұл сыйлық жәй адамдарға да беріліп жатады. Бір жағдайға байланысты алып кететіндер де болады. Бәрін соған бола күйдіруге тағы  қимайсың. Адам болған соң пендешілігі болады екен. Әртүрлісі болады ғой. Мысалы, Төленді, Дулатты сыйлыққа лайық емес деп кім айта алады? Қайта солар сыйлықтың дәрежесін көтеріп тұр. Біреуге қимай сыйлықты ұстап тұра алмайсың. Алсын. Халық бәрін біліп отырады.

Мемлекеттік сыйлық «Әй, дүние-ай» романы үшін алдыңыз. Алдыңызда М. Әуезов тұрғанда осы романды жазу қаншалықты қиын болды? Әуезовпен бәсеке болды ма?

– Жоқ. Мен «Күтумен кешкен ғұмыр» деген роман жазғам. Ол да 1916 жыл туралы. Бірақ Совет заманы. 80-жылдардың ішінде. Өйткені атам Ешмұхамбет, әжем Батпан деген кісілер 1879 жылы туған адамдар. 1916 жылғы елдің Қытайға қарай үріккенін, патша әскерінің халықты қырғанын көздерімен көрген. Солар маған әңгіме айтады. Мен 15 жасымда екеуінен де айырылдым. Сонда өздерінің көп туысқандарының ары өткенін, бері өткенін, Іленің сол жағасында албан дейтін тайпа, оң жағында суандар тұратынын айтатын. Екеуі ағайынды тайпа. Дулаттар теріскей жақта, Арқас тауының ар жағында тұруы керек. Қаратал өзені жағында. Олай дейтінім Дулаттың бейіті Қараталдың Балқашқа құяр тұсында тұр. Ол картада тұр. Осы үш ағайынды тайпа шығыс шекарада болған.

Бар бәле осы шекарадан келеді. Мемлекетке тисетін жау да шекарада. Сонда бұлардың қайта-қайта үріккенін, қайта-қайта шабуылға түскенін солар айтып отыратын. «Түске дейін бар ауыл, түстен кейін жоқ» дейтін. Ауыл деген ол кезде бір үйлі, үш үйлі, мың үйлі болады екен. Шыңғысханның ауылы Шан Шуньның айтуына қарағанда, мың үйден тұрған. Мың киіз үйді елестетіп көрші. Міне, солардың айтқаны жүрегіме қонған. Бала кезде естіген нәрсе ұмытылмайды. Сонда Әтіке, Нұржеке деген батырлардың болғанын, солардың орыстардың жерді, суды алуына қарсы күрескенін  айтатын. Сөйтіп менің әкемнің атын Нұржеке қойған. Одан кейінгі баласын Әтіке деп қойған. Сонда атамда елді сүйетін қасиет болған екен ғой деп осы күні риза болам.

Одан кейінгі маған қозғау салған – Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу» деген шығармасы. Бұл шығарма тәуелсіздік алардың алдында, әлде сәл кейін пайда болды. Оған дейін Ілиястың жазғандарының бәрін өртеді. Жоқ болды деген.

Мына Қонаев көшесінің бойында тұрған, жалғызбасты орыс тергеуші болған. Ілиястың мұраларының бәрі өртеді деп хаттаған, бірақ өртемеген. Сандықта алып қалған. Сол жылдары жалғызбасты орыс өліп қалады. Өлген соң исі шыға бастайды. Көршілері барып, үйіне кірсе, иіс мүңкіп тұр. Ештеңе жоқ. Жалғыз сандық бар екен. Ішін ашса, өңкей арабша жазылған қағаздар. Олар облыстық архивке хабарласып, өткізген. Сәуле Боранбаева деген бастығы болған. Кейін арабша оқи алатын адамды әкеп қараса, баяғы Ілияс Жансүгіровтің жазбалары. Соның ішінен «Жетісу» шығады. Онда албандарды орыстардың қалай қырғаны, олардың қалай қарсылық көрсеткені, Әубәкірдің естеліктері, Колпоковскийдің Ұзынағашты қалай алғаны, Қоқандармен соғысы бәрі жазылған.

Серікбай Оспанов деген ақын ініміз бар. Сол: «Беке, сіз осындай дүниелерге құмар едіңіз ғой» деп сол шығарманы маған берді. Кітап қып шығарған екен. Соны алдым. Сәуле Боранбаева сонда табылған бүкіл материалды реттеп, маған танысуға берді. «Осыны оқып, халыққа жеткізсеңіз», – деді. Мен бәрін қарап, «Ілиястанудың жаңа беті» деп мақала жаздым. Сондай қуандым. Бірақ біздің ғалымдар былқ еткен жоқ. Біз өлі мен тірінің арасында жүрміз. Ілім-білім деген жоқ. Мен Ілиясты оқығанда талай жыладым.

Ілияс білген дүниені Мұхтар білмеуі мүмкін емес Бәрі қатар адамдар ғой. Бірақ айтқызбайтын білді, жазып қалдырды. «Қилы заманның» өзі қанша уақыт ашылмай қалды. Шыңғыс Айтматов орысша бөлім қосып, орыс тілінде шығарды, Әди Шәріпов қазақ тілінде шығарды. Бұлар кезінде ерлік жасады. Осындай бірең-сараң адамдар болмаса, шын халықтық ұмтылыс болған жоқ.

Мен жаңағыны оқығанан кейін, архивке барып, салыстырғым келді. Сол жерде көзім кетті, бес ай отырдым. Кәдімгідей еңкілдеп жыладым. Түн жарымда ұйықтап жатқан ауылды қырады. Фонберг деген хорунжий. Көтерілісшілерді қырдық деп жазады. Түн ішінде қайдағы көтерілісші. Сол жазбамен Ілиястың жазғаны бірдей. Оны біздің тарихшылар оқымаған. Бір ғана Тұрсын Жұртбай оқыған екен. Алматыда сол көтеріске байланысты сот өткен. Бұл жазбалар сол сотта айтқан Фонбергтің сөздері. Мен ештеңе қосқан жоқпын. Романға кіргіздім.

Осы жерде саяси мәні бар екі мәселені тарихшылар әлі күнге айтпай келе жатыр.

Қандай мәселе?

– Мына Фольбаумның берген бұйрығы бар. «Орыс адамының қаны тамған Қарақол, Қарқара бұдан былай туземецтардың аяғы тимейтін жер болады. Осы жерден автономия құрамыз» деген. 1916 жылғы көтеріліс болмағанда, автономия құрылатын еді. Сонда Қарабақтың көкесін біз көретін едік. Осыны Ілияс айтқанда, анығына жетейін дедім. Жеттім. Расымен солай екен. Ал қай тарихшы осыны айтты. Айтпайды. Неге айтпайды? Архив ешқашан құпия болмаған. Бірақ бізде архив ұстау, сақтау мәдениеті жоқ. Мен Күләштің (Байсейітова) үстінен арыз жазған жеті адамды іздегенде көрдім. Түк жоқ. Баяғыда жетеуінің біреуі ұрлап алып кеткен шығар. Оны ешкім білмейді.

Бірақ сіз олар туралы жаздыңыз ғой. Білдіңіз бе?

– Жаздым. Білдім. Оны білгенде мұрағаттан таба алмадым. Министр болған композитор ағамыз «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында өзінен кейін министр болған Еркінбек ағамыз көрді деп айтты. Одан кейін Еркінбек ағаға звондадым. Осылай-осылай деп едім, «Ойбай, Бексұлтан, нең бар ода. Еркағали айта береді» деп зәресі ұшып кетті. «Ой, аға, Еркеғали Рахмадиев жазды ғой» десем, «Ондайды неге айтасың, ондайды неге іздейсің?» деп шошып кетті. Содан кейін Еркеғали Рахмадиев ағама қайта звондап ем: «Айтпаса айтпасын, қайтесің. Сен де маған көзім тірі кезде сілтеме жасама. Сен алты адамды жазыпсың. Солар кім?», – деді. Алтауын айттым.

«Аңыз адам» журналында Шапиян деген қыз болды. Соған: «Қиын шаруаға жұмасам барасың ба?», – дедім. «Барам», – деді. «Онда Ермек Серкебаевқа, Бибігүл Төлегеноваға, Кәукен Кенжетаевқа барып, Күләшқа арыз жазған адамдардың кім екенін білесіз бе деп сұрай аласың ба?», – дедім. «Сұраймын», – деді. Сұрады. Үшеуі де азар да безер болды. Бірақ 1961 жылы Арзедовадағы клубта болған кездесуде Бибігүлдің өз аузынан Күләштің орнына Қытайға барғанын естігем. Жетеуінің бірде біреуі Күләш жайында обал жасадық демей кетті. Мен Күләш жайында әңгіме жаздым, менің де үстімнен сондағы ағаларымыздың бірі арыз жазды.

Олар кімдер, аға?

– Айтуға бола ма?

Бір кезде айтылуы керек қой.

– Мен «Қайран Күләшта» жұмбақтап айттым. Онда былай дедім, егер Күләштің үстінен арыз жазылмаса, Ришат, Мүсілім Абдуллиндар Қазақстанның Халық әртісі болмай қалар ма еді? Кәукен Кенжетаев, Байғали Досымжанов, Хадиша Бөкеевалар осы атақтарына жетпей қалар ме еді? Бәрі де жетер еді ғой. Бибігүл де бар атағын алар еді. Іштарлық деген мәселе ғой. «Жұлдыз» журналына «Түсіну қиын түйін» деп жаздым да. Бірақ біздің жұрт оқымайды. Анализ жасай алмайды. Біртүрлі жағдайға түстік қой қазір. Ең көп оқитын халық едік. Қазір ең оқымайтын елге айналдық.  Қанабек Байсейовтің өзі жеті адам арыз жазғанын білмейді. Күләштің өзі білмеген. Өйткені қолдарына арызды көрсетпеген. Ал жетінші адам драмадағы Байғали Досымжановтың зайыбы боп шықты. Оны Еркеғали Рахмадиев ағамыз айтып берді. «Көзім тірі кезде сілтеме жасама» деген. Онысын орындадым. Міне осылардың бәрін ойлаймын да, біздегі іштарлыққа қайран қалам.

Ана жақтың тарихын сол жақтың адамы жазсын деп ойлайтындай. Елдік мүддеде Мұхтар Әуезов көрсетіп кетті ғой.  Жаны тыныштық бермеді. Қазір бізде сол жоқ.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Жаңа Алаш» ютуб  арнасынан көре аласыздар.

https://www.youtube.com/watch?v=wSJKHBrBnDA&t=3246s

Байланысты жаналықтар

Біртановтың бұрынғы орынбасары ұсталды ма?

01.08.2020

Өзбекстанда енді 18 жасқа толмаған жастарға діни білім берілмейді

11.06.2021

Тарихы терең Таңбалы

13.03.2021

Ербол Алшынбай. "Бұл бөлмеге жыр жазуға кіргенмін..."

23.09.2020

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның туған күні

28.09.2020

Шымкентте өнер мектебі ашылды

15.03.2021