Алматы жұртшылығы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековті Алматы жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды.
Қазақстан Жазушылар одағында өткен қаралы жиынға қаламгердің достары, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, жазушының оқырмандары қатысты.
Жазушының досы, белгілі қаламгер Төлен Әбдік, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, актер Асанәлі Әшімов, ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, тағы басқа кісілер сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің әдебиеттегі, қоғамдағы өшпес еңбегі туралы айтты.
Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы әр жылдары Қазақ ССР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.
Дулат Исабеков – қазақ оқырманына кеңінен таныс шығармалардың авторы. Жазушының «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» және басқа да кітаптары шыққан. «Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары жарық көрген.
Дулат Исабековтің шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген. Ол – түрлі сахналарда қойылып жүрген ондаған пьеса авторы.
Дулат Исабеков шығармалары ағылшын, француз, неміс, орыс және басқа да тілдерге аударылып, пьесалары түрлі елдерде қойылған.
Фото: Мақсат Құсайынов
MalimBlocks

Дулат Исабеков. Социализм зәулімі (Әңгіме)
Мәскеуде қандай қаулы қабылданбасын алдымен Алматыға жететін әдеті. Совет үкіметі орнаған күннен бастап съездер мен толып жатқан пленумдардың шешімі Россияның мыңдаған деревнялары мен басқа республикалардың үстінен төрт мың шақырым еш жерге аялдамай аман-есен ұшып өтіп, ең әуелі дәл осы жерде жүзеге асып жатады. Әлгі деревнялар мен республикалар орталықтың шешімін енді естігенде қазақстандықтар оған баяғыда-ақ бел шешіп кірісіп кеткен боп шығады. Істі кім бұрын бастаса, әдетте сол бұрын бітіреді ғой, сондықтан әлгі деревнялар мен республикалардың біреуі енді кірісіп, енді біреулері ойласып отырғанда Қазақстан орталыққа ол шешімнің орындалып біткені жайлы рапорт беріп, келесі қаулының кез-келгеніне кірісіп кету үшін алақанын ысқылап дайын отырады.