Ақын Алма Түсіпбекова өлеңдері

Түсіпбекова Алма Ақылбайқызы – 1978 жылы 17 қыркүйекте Қарағанды облысында туған. 1999 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша, 2004 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Заңтану мамандықтары бойынша тәмамдаған. 2009 жылы Қарағанды қаласында өткен Қасым Аманжолов атындағы мүшәйраның лаураты, 2014 жылы республикалық «Фариза Оңғарыснова» атындағы мүшәйраның жеңімпазы. 2015 жылы «Жанарымдағы жазу» атты кітабы жарық көрді.

Аялдар Күнтуған

  • 26.11.2024

***

Ол кезде көктем еді,

Арқаның ақ жауыны секілденген,

Бір сезім жүрегімді өпкен еді.

Тербелген қыр төсінде қызғалдақта,

Сол шақтың көп дерегі.

Сонан соң жаз да келді жасандырып,

Жанымның жанарына жас алдырып.

Жайнаған жасыл әлем ортасында,

Шаттандық, шын ба екен деп осы дәурен,

Махаббат мұнарасын қашап жүріп,

Жасамай жасандылық.

Күз келді.

Мұңға батып атыраптар,

Сарғайып құлап жатты жапырақтар.

Екеуміз бірге жүрген соқпақтар да,

Өшіпті...

Солай келіп жатыр ақпар.

Тағдырдың бар тепкісін біздерге арнап,

Жинаған секілді ме ақырап бар?..

Бар екен тіршілікте нұсқа нелер,

Не дейін?

Ертең енді қыс та келер. ...

Жаным-ау, бар еді ғой қайсарлығың,

Бақыттың бұрымынан ұстап өлер...

Ақ қармен бірге әкелші ақ сезімді,

Шынымен мені сүйіп, құшсаң егер...

УАҚЫТ...

Санаулы сағаттар, секундтар сырғыған,

Өмір-ай, ақырын ымыртқа жылжыған.

Уақыт тоздырған арғымақ тұяғы,

Ақ бұлттан әрі ұшқан ақынның қиялы.

Өткеннің елесін тереңге тұмшалап,

Сырғиды көз арбап, әне бір құм сағат.

Саябыр тартады, басылып арыны,

Уақытқа бас иген күн-ана жалыны.

Сыры оның неде екен?

Сен сұрап білдің бе?

Уақытқа елеңдер, қауызы гүлдің де.

Әр минут - ең қымбат, өзіңді қамшыла,

Уақытқа бағынар, мөп-мөлдір тамшы да.

Уақыттың іздері - даланың күзінде,

Әкем мен анамның әжімді жүзінде.

Уақыт қатал ма?

Бағасын беріңдер,

Құмары қанбаған қызғалдақ еріндер...

Аспан да, жер-дағы, бар әлем, тіршілік,

Уақытқа бағынған, ақырын күрсініп.

Қалталы боп, бәрін сатып ал, сен мейлі,

Уақыт бірақ та еркіңе көнбейді.

Қандай жан бұл заңға тосқауыл бола алар,

Уақыттың нүктесі - айқұлақ молалар...

Данышпан - уақыт.

Тек соған бас ұрып,

Ғасыр тұр, уақыттың иығына асылып...

Санаулы сағаттар, секундтар сырғыған,

Өмір-ай, қайтейін, бір үміт, бір күмән...

ЗАМАНАНЫҢ УҒА ТОЛДЫ ӨЗЕГІ...

Мені бір күн топтанып кеп таламақ,

Жәдігөйлер жанымды жүр жаралап.

Замананың уға толды өзегі,

Таусылмайды, ішкенменен шаралап.

Мына түрмен көгере ме көсеге?

Бұл-дағы бір маңдайдағы пешене.

Қайтер едің, қайырылар жан болмай,

Тілім, дінім қансыраса көшеде?

Заман уы осы де!..

Күтудеміз кімнің ғана әмірін,

Қасиеттің кім илейді қамырын?

Қайтер едің, тасыраңдап тексіздер,

Балталаса тарихыңның тамырын?

Заман уы осы де!..

Сөздерімен сәуле құйып санаға,

Ақыл айтар абыз қайда балаға?

Қайтер едің, өркениет төр сұрап,

Өткеніміз қаңғып қалса далада?

Заман уы осы де!..

Ақты даттап, күйін кештік аланың,

Аузын тырнап керегі не жараның?

Қайтер едің, сырт айналса өзіңнен,

Жан досым деп, сыр ақтарған адамың?

Заман уы осы де!..

Күрсінемін, көбейген соң нала шын,

Заманамен қайдан табам жарасым?

Қайтер едің, шырылдатып тірідей,

Қоқысқа егер тастаса ана баласын?

Заман уы осы де!..

Ұрпағымыз ұмытқан соң анттарын,

Ұмыт болған дәстүрім мен салттарым!

Қайтер едің, қайғы жұтып, күрсініп,

Интернатта мекендесе қарттарым?

Заман уы осы де!..

Табар ма екен жүректегі дерт емін?

Жақсылықтың кім кереді желкенін?

....Абай ішкен у еді ғой, ішейін,

Есеңгіреп қалмасын деп ертеңім!..

МАХАББАТТЫҢ МОНОЛОГЫ ШЫҒАР КҮЗ?..

Біздің жаққа күз келді,

Мұңдылау ән айтамыз-ау біз де енді.

Жапырақтар басып жатыр ақырын,

Жасыл бақты кезіп жүрген іздерді.

Жапырақтар түсіп жатыр үзіліп,

Сағыныштан сарғайғандай жүз үміт.

Қайтқан құспен бірге ілесіп үмітім,

Боласыз ба, сіз ұмыт?

Уақытымның зырылдайды ұршығы,

Гүлдер ме екен... сол сезімнің бүршігі.

Сағынышым жапыраққа айналса,

Ақ қайыңға айналармын бір күні...

Амал нешік?

Бәріне де шыдармыз,

Бұл мезгілден талай сырды ұғармыз.

... Аңсағаны алыс кеткен жандарға,

Махаббаттың монологы шығар күз?..

Ақиқаты - өзіңменен бір демім,

Түсімде әр кез өзіңменен біргемін.

Айналама күліп қарап жүргенмен,

Аянышты, сенсіз өткен күндерім.

Тектіліктің ізгілікпен жаны бір,

Аққу құста адамзаттың ары жүр.

... Оранайын үлде менен бүлдеге,

Әдемі емес маған сенсіз бәрібір.

Арман болып, біз аңсаған ақ белес,

Үркіте ме, басқа қонған бақты егес?

Шара-шара бал ішейін көземен,

Бірақ сенсіз тәтті емес.

Кім біледі?

Мүмкін бұл да сынақ па?

Білем, білем.

Жүрсің менен жырақта.

Байлық деген бұлақ болып ақса да,

Сенсіз оның қадірі жоқ бірақ та...

Дей тұрғанмен - күдік деген бекер ғой,

Сені-дағы мазалай ма секемді ой?

Бір білгенім - сенсіз өткен күндердің,

Қасіреті - ең азапты екен ғой!..

КІМ БАР?..

Сансыз сауал санаңызды тесе ме,

Қиналсаңыз, оны өзгелер ұнатар.

... Анау бір жан жылап тұр ма көшеде,

Кім бар, оны жұбатар?

Ал, сүріндім.

Мерейіңіз өсе ме?

Мен шығармын, түнектейін түнді емер.

... Анау бір жан құлап жатыр көшеде,

Қолтығынан кім демер?

Қасіретке қайырлай ма, бар кеме?

Оралайық адамилық жайтқа мың.

... Анау бір жан айтпақ болды әлдене,

Кім тыңдайды айтқанын?

Тиын шығар, біреулерге бағасы,

Дөкей көкем алтын түйме тағыпты.

... Анау бір жан кеткен, сірә, адасып,

Кім көрсетер бағытты?

Төгіледі дейсің ғажап жыр қандай,

Тағдыр соры татып тұрған таңдайдан?

... Анау бір жан жетімсіреп тұрғандай,

Кім сипайды маңдайдан?

Көз жасы боп, шарасынан төгілдім,

Музамменен қосылыпты мұң бүгін.

Өксігінен өлең туды көңілдің,

Кім кеседі кіндігін?..

ИТ КӨЙЛЕК...

Күліп, бірде жылап алып торыға,

Тағы түсем Тәңір жазған жолыма.

... Анашымның сандығының ішінен,

Ит көйлегім түскені кеп қолыма.

Бала кезім.

Таныс көше, таныс бақ,

Мен өзіңнен кеткем қалай алыстап?!

Аспан жақтың түскен едім жолына,

Шақырған соң қолын бұлғап, ғарыш жақ.

Кердең болсаң, басымыздан бақ ұшар,

Күндер қайда, балалықпен табысар?

Берекелі басталса егер бір ісім,

Бір ит келіп, балағыма жабысар.

Амал нешік, көңілдерден күй кетті,

Өркениет рухымды күйретті.

Не дей алам, ит мінезді бауырға,

Итке мініп, қамшылаған иректі.

Білем, сен де қалжырадың, жоқ әлің,

Кімге айтамыз, қара өлеңнің обалын?

... Тауға апарар жолға түссем,

алдымнан

Азу тісін ақситады қоғамым.

Қарыздармын тазалығың үшін де,

Саған деген сағынышым - күшінде.

Айналайын балалығым, қап кеткен,

Анашымның сандығының ішінде...

Ақ қанатын қағып жетер ар саған,

Алыс кетпе, ақ үмітім, аңсаған!

... Ит көйлекті бала болғым келеді,

Ит өмірден кездерімде шаршаған...

МЕН САҒАН ХАТ ЖАЗЫП ОТЫРМЫН...

Жетеді қинағаның!

Мені бақыт балымен сыйла, жаным.

Өзің барда өмірім гүл атқанмен,

Өзің жоқта жоғалтқан сый да мәнін.

Жетеді жылатқаның!

Қасиетін сен де біл, бұл ақ таңның.

Сен болмасаң тарылып мына ғалам,

Сен бар кезде қалады жырақта мұң.

Жетеді өкінгенім!

Жөн болар, сезім, саған бекінгенім.

Сен барда арман қонып айдыныма,

Сен жоқта жалғыз аққу секілді едім.

Жетеді күйінгенім!

(Мен әлі үкілі үміт үйіндемін).

Тек сені тағдырыма баладым мен,

Тек сені баға жетпес сыйым дедім.

Келе ғой, келші маған!

Мен екем, жан-жүрегі ең сірі адам.

Өзегім толғанымен өкінішке,

Махаббат!

Түбі сенен еншімді алам!

Жаратқан жайсыздықтан айырғасын,

Өткенім су түбінде қайырласын.

... Бақыттың әні естілді жағалаудан,

Екеуміз бірге айтайық қайырмасын!.

ҚАЙТА ОРАЛҒАМ ОН СЕГІЗ КӨКТЕМІМЕ

Телефоның сөнулі, үн қатпайды,

Мазалайды мені бір жұмбақ қайғы.

Сөнбеді ме сезімің маған деген?

Көгершіндей...

Жем іздеп саған келгем.

Маңдайымнан сен едің иіскеген,

Сол сәтте мен бақытпен түйіскен ем.

Жанарыңнан нұр көргем, шуақ көргем,

Өзің ғана жаныма қуат берген.

«Жаным» дедің аймалап, баяу ғана,

Көңілдегі еттің сен қаяуды ада...

Еркелеттің.

Тағы да еркелеттің,

Жазғы аспанын жанымның көркем еттің.

Ерінімнен ақырын өпкеніңде,

Қайта оралғам он сегіз көктеміме.

...Көңіл бөлмей байлықтың түйіріне,

Пейіліңе шөлдедім, мейіріңе.

Сөндірулі телефон өкінерім,

Тез оралшы, тек сенен өтінерім!

Талай төзген тіршілік дауылына,

Алшы мені құшаққа, бауырыңа!..

СЕН БАҚЫТТАН ШАЛҚЫШЫ...

Жетіп саған жүрегімнің дүрсілі,

Көктер ме екен, сол сезімнің бүршігі?

... Қасіреттің тіліп өтіп кебінін,

Көкке кетем бір күні!..

Жәудіреген жанарынан жас тамған,

Мәңгілікке қоныс табам аспаннан.

Азабымның "ғажап" деген бетіне,

Мәңгіліктің мөрін басам расталған.

Ібілістің жығылмағам ығына,

Қабіріңе сияр ма екем, құбыла?

... Аспан жақтан (адаспасын өзің деп),

Жер бетіне төгіп тұрам шұғыла.

Көкті кезу сай маған,

Күн батқанда тылсым нұрлы ай болам.

... Көкке қарай көзіңді бір сала сал,

Ақ шуаққа толған кезде айналаң.

Мөлдір мұң кеп бассын, мейлі, еңсені,

Көңілімнің басылмасын кемсеңі.

Жарығымды тосып сенің жолыңа,

Аспан жақтан демеп тұрам мен сені.

Маған келсін, тағдырымның талқысы,

Мені қойшы!..

Сен бақыттан шалқышы.

... Күннің нұры, айдың аппақ сәулесі,

Мен деп ұқшы, жүрегімнің жартысы!..

КИІК ЛАҒЫ

Қалайша елжіремей тұра алайын,

Өзіңде – бар нәзіктік, сірә, дәйім.

Жалғанның жаурадың-ау желінен сен,

Келе ғой жақынырақ, құралайым.

Келе ғой, жақынырақ, аялайын,

Жүрегін жылуымның аямайын.

Үркесің...

Мына тағдыр жақсылығын,

Көруге жазбаған-ау, сірә, дәйім.

Кел енді...

Жаныма кел, жасқанбағын,

Сенбісің, сан адасқан, қашқан бағым?

... Елжіреп қоя бердім сені көріп,

Қайтадан оралғандай аспандағым.

Құралай!

Айналайын көздеріңнен,

Табармын мұндай жанар өзге кімнен?

Сөзсіз-ақ сырын айтар көз барлығын,

Қалайша тіршілікте сезбедім мен?!

Сен қандай ғажап едің, керемет ең!

Санайын мен өзіңді неге бөтен?..

Мейірге шөліркеген мына әлемге,

Сұлулық мына сендей керек екен...

Тірлікте ең жазықсыз – тек сен бе екен?

Кеш мені, бір әрекет етсем бөтен.

... Нуына нәзіктіктің ену үшін,

Айналып ақбөкенге кетсем бе екен?.

ҚАРА ГҮЛ

Түсінгенге – тағдырында,

Көз жасындай нала жүр.

Шалықтырар жанды мұңға,

Қырда өсетін қара гүл.

Жауыздықты бақ көреді,

Жия алмаған жұрт есін.

Пейілі оның ақ гүл еді,

Жасын қалай сүртесің?

Қара гүлді аялайтын,

Пенделер аз тірлікте.

Таптайтұғын, аямайтын,

Көз орнында бір нүкте.

(Көңілдерден күй ақтарып,

Сен де ғұмыр кештің бе?).

Өзге гүлдер сияқтанып,

Сыйланбады ешкімге.

Гүл жылады, гүл жылады,

Баса алмастан солығын.

Тұнық аспан тұнжырады,

Көріп көңіл қорымын.

Кім ұғады, кім ұғады,

Айтыла ма жан сыры?

Ақын байғұс құмығады,

Гүлден көріп тамшыны...

Тағдырында – қара таңба,

Қырқада өскен қара гүл.

Алдым оны алақанға,

Күткені оның - дара өмір.

Түсінгенге – тағдырында,

Көз жасындай нала жүр.

Шалықтырар жанды мұңға,

Қырда өсетін қара гүл...

ХАТ

Сен боп басы – биіктің,

Сезіміңе ұйыппын.

Қашықтасың қазір сен,

Халің қалай, сүйіктім?

Мені ойлаумен жүрсің бе?

Күрсінбеші.

Күрсінбе.

... Ғашық болып көрмеген,

Біздің жайды білсін бе?..

Салғаны да – сыз белгі,

Бөлді тағдыр біздерді.

Сен бар кезде жаз еді,

Қазір, міне, күз келді.

Айтсам егер жайымды,

Не дей алам пайымды?

Естен кетпей елесің,

Серік еттім уайымды.

Күтуменен арай күн,

Құс жолына қараймын.

Сипай ескен самалды,

Өзіңе әр кез балаймын.

Сен едің ғой тірегім,

Тілеуіңді тіледім.

Тым алыста жүрсең де,

Өзіңмен бір – жүрегім.

Сенсіз өткен шақтарым,

Қара түнек, қап-қалың.

... Сезімімді алып ұш,

Қанат біткен хаттарым!..

Байланысты жаналықтар

Ақын Ажар Ерболған өлеңдері

26.11.2024

Ақын Бақытгүл Бабаш өлеңдері

20.11.2024

Ақын Бауыржан Майтай өлеңдері

30.10.2024

Ақын Ерлан Нұрдыханұлы өлеңдері

28.10.2024

Ақын Асан-Темір Қаршығаұлы өлеңдері

23.10.2024

Ақын Толқын Қабылша өлеңдері

22.10.2024
MalimBlocks
Ақын Ажар Ерболған өлеңдері

Ажар ЕРБОЛҒАН – 1992 жылы 18 тамызда Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өлеңдері «Сөз сарасы», «Азаттық таңындағы азат жыр», «Сен менің еліме бар» атты жыр жинақтарына енген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты.

Ақын Бақытгүл Бабаш өлеңдері

Бақытгүл Бабаш 1981 жылы Атырау облысында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетін, аспирантурасын тәмамдаған. Халықаралық Шабыт фестивалінің Бас жүлдегері.

Ақын Бауыржан Майтай өлеңдері

Бауыржан Майтай, ақын, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қаз-ҰУ-дың филология факультетін бітірген.

Ақын Ерлан Нұрдыханұлы өлеңдері

Ақын Ерлан Нұрдыханұлы 1975 жылы қыркүйектің 9 жұлдызында ҚХР, Алтай Көктөғай ауданының Өндірқара деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Іле педагогика институтының саясат факультетін бітірген. «Армысың, ару дүние...», «Таң бөбегі», «Көлеңке көзіндегі елес» жыр жинақтарының авторы.

Ақын Асан-Темір Қаршығаұлы өлеңдері

Асан-Темір Қаршығаұлы 1982 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданында дүниеге келген. Ақын. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Ақын Толқын Қабылша өлеңдері

Толқын Қабылша Шахарбекқызы –ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Шабыт» Халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тележурналист. «Жаныммен жалғыз кешкем мұң», «Жаңбырдағы сағыныш», «Осы бір сәт ұнайды» жыр кітаптарының авторы. Өлеңдері әзірбайжан, түрік, испан тілдеріне аударылған.