Ақын Сағат Әбдәғалиев өлеңдері
Сағат Әбдуғалиев Мұхтарұлы 1948 жылы 22 ақпанда қазіргі Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. Т. Досымов Сағат Әбдуғалиевтің барынша толық жырлар жинағын құрастырып, 2008 жылы Алматы қаласы, «Арыс» баспасынан «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» деген атпен жарық көрді. 1984 жылы қайтыс болған.
АШЫЛУ АПОГЕЙІ
Ашиды алмағайып көңіл-айран,
Тіршілік – текетірес толы майдан.
Жоғалған жақұттарым жеті көмбе,
Табайын отыз бесте оны қайдан?!
Қайткенде қыламын деп халықты елең,
Жырыммен жүректерге жарық берем.
Болмыстың бедерлерін біле түстім
Бітпейтін Өмір деген әліппеден.
Қайбірде басып жүріп қиынға аяқ,
Сыйластан бәлсінбедім – сыйымды аяп.
Өлеңнен алтын азап арқаладым,
Бақыты өтер ме екен бұйырмай-ақ?!
Тозбасын азаматтар текке есіріп,
Тиісті басқа қырау, бетке сүлік.
Даурыққан дастарқандас достарың да,
Кещесі келе-келе кетті өшігіп.
Жарыққа көрінсе де жәй кітабым,
Жасымнан мекен еттім ой бұтағын.
Жыр-анам жылағанда жұбандырып,
Қуаныш қамшылады қайғы табын.
Өлең боп өртегенде бойымды алау,
Іздейді болашақтан тойым қалау.
Тәңір де кешірмейтін тасырлық қой,
Талантты тірісінде мойындамау!
Көңілдің байқалмасын қош кемдігі,
Саулыққа көтерейік тосты ендігі.
Тірінің санатында жоқ де мені,
Жүректен ақындығым өшкен күні.
АЛМАТЫДАҒЫ АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ
Алатау төріндегі төре мүсін,
Бұрады Сізге деген бөлек ішім.
Жалғыз жіп екеумізді жалғастырды
Қазақтың қоңыр шекпен өлеңі үшін.
Жеткесін ұрпағына үні ғажап,
Жаттаймыз атамыздың жырын азат.
Қайғысы кішкене елдің күңірентіп,
Ұйқыдан ерте оянған ұлы қазақ!
Жарысқа жарамайды құр даңғаза ат,
Табылар іздегенге жырдан да азап.
Тар сынды төбесіне тақиясы,
Тарихтың көз алдында тұрған қазақ!
Тәңірі қалдырғасын тілекті ұмыт,
Жауласты білместікпен білек түріп.
Сенделген сенен кейін өлең жазып,
Сұмдық-ай, біздікі не жүректілік?!
Әзірге жібек емес, жырым – сәтен,
Ботаңның байқадың ба түрін шат өң?!
Тұлғаңа тағзым етпей тұра алмаспын,
Өнердің өріндегі бірінші әкем!
О, менің қасиетті қартым Абай,
Айтайын қағидамды қалтырамай:
Жайнаған жұлдыздарға көрік болып,
Тұрады мәңгілікке жарқырап Ай!
ВАРШАВА ВОКЗАЛЫНДАҒЫ ЖАҢБЫР
Талаурап атып таң балғын,
Сөндірді состав жол шамын.
Лейтенант, нені аңғардың,
Қаракөздерінен Польшаның?!
Найзағай-тұлпар тебінді,
Бұлттарға белін тас құрсап.
Астаңда-кестең көгіңді
Аралап кетті жас бұршақ.
Танытсын аспан сұсты ірең,
Достыққа ашық мәңгі есік.
Бұл елдің бір кез үстінен,
Көкешім кетті қан кешіп.
Шаңдардан алды шайынып,
Шағала вокзал – су самай.
Танауды кетер айырып,
Жайықтың жұпар жусаны-ай!
Сусаған жерді уатқан,
Жаңбырдың жайлы артын күт.
Жаныңа өгей шуақтан
Соғады бірақ салқындық.
Ырғақтың тауып гүл ебін,
Алаңдар кешті ұлан сәт.
Жұртым деп соққан жүрегім,
Жаңбырын қырдың тұр аңсап.
Қайырам деген көк төсін,
Найзағай сен де өжетсің.
Отаным менің – отбасым,
Нұрыңа жылы не жетсін!
МОНОЛОГ
Тас атқандай табалап жаздың несін,
Қитұрқылық көңілдің қазды іргесін.
Сұғанақтай сұғынып сорың нешік,
Сәулесін жүрегімнің аз білгесін.
Бажайласаң байыпты сыр аңғарып,
Ұрдажық пенделерге ұран-қамыт.
Жыртық шапан шырайлы
Шындық үшін
Гильотина астына тұрам барып!
Е, бәтшағар, барлығын білуге асық,
Қателікке бұл күнде күлу – кәсіп.
Біздерде серіліктің салқыны бар,
Серіге сексенде де сұлу ғашық!
Ақын болдың – ақиқат әскерісің,
Дос көбейіп, жалғанда қас кемісін.
Алаяқтың ауылын алысқа апар,
Арамзаның аяма бас терісін!
Сұхбатыңнан сүрінбе, сырбаз ақын!
Зікірі зиянкестің – мыңға зақым.
Қасқырлары қырқысқан қу тірліктің
Көртышқаны тағы бар ін қазатын.
Жапырақты лайым сары күз деп,
Мен емес көктемеден көңіл үзбек.
...Ақын да – алақұйын камикадзе,
Жүретін өлімнен де өлім іздеп!
ҚАРОЙДАҒЫ ТОЛҒАНЫС
Аяулы анаң – ақиқат та,
Атаң – кек!
Төрелердің тәтті қанын татам деп,
Бөрілермен бөрілерше белдескен,
Сен менен де бақыттысың,
Махамбет!
Төс етіңді майыстырып тас тірлік,
Қуаныш па? –
Көжектейін қашты ырғып.
Садақада сапырылысқан жұртыңа
Жаугерлікте бұйырмаған бас бірлік.
Заман деген
Заман емес – қари түн,
Бытырадай бөлініпті жан ұйқың.
Басың кетті,
Мынау мылқау даланың
Адамдыққа жеткізем деп «әр итін»...
О, Махамбет!
ЖАҢҒЫРЫҚ
Тектілерге түспейтұғын күні түк,
Мұндар болсам, мәртебемнің міні тұт.
Жаным маған жасыл түсті дейсің бе,
Сенің дилы дидарыңды ұмытып.
Сәуірлерде тасымайды сай тегін,
Жалқы жүрек жұбаныштың айт емін.
Бір ақынға жар болудың бақытын
Болмыс саған бұйыртпады, қайтемін.
Нүктелерді ноқталайтын үтір ғып,
Сақал сатқан сайтандарға түкірдік.
Солармен де саратанда су ішіп,
Тірі жүрген тірлігіме – шүкірлік!
Өмір кейде көрсеткенде өгей сын,
Шыңыраудан бұлдырайды бегей шың.
Жалғыздарға жан беретін керексе,
Жақсылардың жұтар демі көбейсін!
Жанарымның жоғалтам деп нұр шығын,
Талпынғанның көрдім талай қырсығын.
Тап өзіңдей бір адам да ұқпайды,
Менің машқар жүрегімнің дүрсілін.
Сағыныштан сусап келем қаталап,
Бәдәуиге болмайды екен бата қат.
Егіз бақыт еншісінде есті ұлдың:
Бірі – Отан, екіншісі – Махаббат!
Сол баяғы он сегіздей таранып,
Менің жүдеу жанарыма қара нық.
Бір бақыттың босағасы берік қой,
Бір бақыттың жетпейтіні дәл анық.
Парасаттың пернесінен күй аңдып,
Қасиеттер қоймасына жиям құт.
Нақ осыдан он сегіз жыл бұрынғы,
Жүзіңдегі жымиып тұр ұяңдық.
Алмағайып жоғалғанда абат таң,
Бозторғайым бес құрлыққа таратты ән.
Шәркездікпен шаттық іздеп шырмалдық,
Шайханада шірей жұтқан шараптан.
Бұл шындықтан құтылмақшы кім бұғып,
Мәрте-мәрте мазалайды мұңды үміт.
Бәз-баяғы бозбала мұрт қалпында,
Өзіңе арнап жыр жазатын жындылық.
Туған дала бөбегіне бесік – төр,
Төскейінен тере берсін несіпті ел.
Қызықтырмай қойды мені қашанда,
Шен-шекпені шегеленген есіктер.
Пақырлыққа пәтерлес қой пенделік,
Тұнжырамай төсіңдегі тоңды еріт.
Жыр жазатын жындылығым үшін де,
Өнер-ата алды атына өңгеріп.
Тәжікемді жеткізбейді от тіл кем,
Өтті, кетті қателіктер бет тілген.
Әкім ұлы болмай жалғыз әкенің,
Ақын ұлы болып елдің кеттім мен!