Шәлкиіз жыраудың өмірбаяны
Қазақ жыраулар поэзиясындағы көрнекті өкілдерінің бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы. Шалкиіз Тіленшіұлы 1465 жылы қазіргі қазақ даласының батыс бөлігінде, ықпалды дала шонжары отбасында дүниеге келген. Шалкиіз жыраудың анасы Ноғай ордасының әмірі Мұса бидің қызы. Үш жасында анасынан жетім қалған Шалкиіз нағашы жұртының қолында тәрбиеленіп өседі. Көшпелі қазақ пен ноғайдың жауынгерлік рухты ту еткен еркін өмірін бастан кешкен Шалкиіз Ноғайлыдағы Үлкен орданың әмірі Темір Мансұрұлының, Жүсіп бидің, Қазақ ордасының ханы Хақназардың маңында қызмет атқарады. Жыраудың өмір жолыннан хабар беретін ақпараттарды оның өлеңдері мен толғауларынан табуға болады.
Шалкиіз жыраудың есіміне қатысты айтылғанда, «Шалгез», «Шәлгез» түрінде келетінін көреміз. Жалпы қазақта «шәлгез», «шәргез», «шалкес» деген сөздің «асау» деген мағынасы бар екенін де ескерсек, Шалкиіз жыраудың шығармашылығынан байқалатын арындылық, асаулық сарынға бола, өз заманында солай лақап атқа ие болған болуы да мүмкін деп болжауға негіз бар. Шалкиіз жыраудың өмір сүрген уақыты – Ұлы Далада көшпенді халықтар құрған қуатты феодалдық мемлекеттердің дәуірлеп тұрған шақ болатын.
Шалкиіз туындылары қазақ пен ноғай халықтары арасында күні кешеге дейін таралып айтылып келген. Шалкиіз шығармалары ХІХ ғасырдан бастап қағаз бетіне түсірілген. 1875 жылы «Императорлық орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің жазбалары» жинағында орыс, қазақ тілдерінде жарық көреді. Бұдан кейін «Астраханский вестник» газетінде, жарық көреді. Ыбырай Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» және басқа да жинақтарда әр кезеңде жарық көрген. Кеңес дәуірінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» т.б. жинақтарға енген. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясында Шалкиіз жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы талданады және орта мектеп пен арнайы орта, жоғары білім беретін оқу орындарындағы «Қазақ хандығы дәуірі әдебиеті» цикліне енгізіліп, оқытылып келеді. Шалкиіз жыраудың «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Ор, ор қоян, ор қоян», «Асқар, асқар, асқар тау» т.б. туындылары көшпелі қазақ халқының өмір сүру салтынан, моральдық ұстанымдарынан, әдептік түсініктерінен хабар береді. Жыраулар пэзиясына тән өршіл романтика, ел қорғаған ерлердің ерен тұлғасы жайлы толғаулар Шалкиіз шыармашылығында да көрініс тапқан. «Ер Шобан», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Алаштан байтақ озбаса» т.б. жырлары оқырманын, тыңдаушысын патриоттық сезімге бөлейді.