Ақын Нәзира Бердалы өлеңдері

Мұңды бақыт
Қандай бақыт – қалаға қар жауғаны,
Ақ ұлпалар – көңілімнің маржандары.
Қандай мұңды – қар жауған құтты күні
Жанымда жоқ жалғызым жалғандағы.
Қандай мұңды – қардың да еритіні,
Қандай мұңды – жардың да жеритіні…
Қандай бақыт – көктемнің келетіні,
Қандай бақыт – бақытқа сенетінім…
Қаралы сұлу
Қара түн, бәлкім, қаралы сұлу құсалы?
Қара көз жабық, айқара ашық құшағы.
Қараңғыдағы соқыр көбелек жалпылдап,
Жарыққа қарай ұшады.
Қаралы сұлу көзінен
Тама алмай қалған жас ұқтық.
Күнәлі ме екен көбелек,
Қойса егер тағдыр асық қып?
Көбелек – жүрек...
Бұл әлде бір заңы ма екен өмірдің:
Біреудің бағы,
Біреудің соры ғашықтық...
Тілгілеп жатыр жүректі
түсінбес тілді түн алмас
Әкетер, болса, тілекті,
ал одан басқа түк алмас.
Қаралы сұлу қайғыдан
қарс айырар да кеудесін,
Соқыр көбелек...
бәрібір жарықсыз өмір сүре алмас.
* * *
Бие-бұлттан жылы саумал сауып қыр,
Еріді қар, Күн демінен тауып нұр.
Елжіреген табиғат,
Жаңа жаңбыр жанарынан
Жасыл көктем жауып тұр.
Көктемде болар бүкіл әлемнің тылсымы:
Жыр сыры сонда, нұр сыры сонда, бүр сыры...
Дәл бір мендегі мазасыз жүрек дүрсілі –
Дәу тамшылардың шатырды тепкен тырсылы.
Тебілетіндей темірдің қанша жазығы?
Тыңдамады оны тұнық тамшының таза үні.
Мендік бір сезім мөлт етіп барып құлады:
«Туған күніңмен, нәзіктіктердің нәзігі!»
Сағыныш түстес көктемгі сәуле сейілі,
Сағыныш түстес мұңайған тамшы кейібі.
Кешір, қызыңның естілмей жатса кей үні,
Мерекеңмен сол, мейірімділердің мейірі!
Өзің секілді жымияды Күн, қарашы!
Жымияйын мен, жылама тек сен, АНАШЫМ!
Көктемде екен ғой бүкіл әлемнің жұмбағы:
Ана мен қыздың, аспан мен жердің арасы.
Жауын
Жауын!
Жаудың ба?
Жып-жылысың.
Өзіңсің таңғы бағым, түнгі ырысым.
Көктемнің хабаршысы, қуанышы,
Тағы да сол көктемнің бір мұңысың.
Тырсылынан естіліп тойдағы ән,
Жанарымда жауын – жас, ойда – күмән.
Бал балалық шағымды байқап тұрмын
Тынымсыз тамшылардың ойнағынан.
Мұның қалай, мұңымды өршіткенің?
Жыр құмар жан алқынып, өршіп демім...
Шер толқытқан көңілімнің шарайнасы –
Шеңбер-шеңбер...шертілген көлшіктерің.
Бұлтты әкеліп, биікке асып қойған
Бұл жаңбырдан сай-сала тасып, толған.
Биші тамшы, күн көктем, жылы жаңбыр,
Өздеріңе әрқашан ғашық болғам!..
Саксафоншы
Тілсіз жылап өмірге ғашық әні,
Тәкаппар мұң табанға басылады.
Тиын тастап үлгермей тақияға,
Тағдырлылар...әр жаққа асығады.
Жалқы ғұмыр, жалқы жан, жалғыз әлем
Қолдан келсе, басқаша ән салғызар ем...
Қаланың қайғысына куә болып,
Жер астында сыңсиды жалғыз әуен.
Жалғыз әуен...
Жоғалған сенім бүгін
Жылыта алмай әуреде темір Күнін.
Саксафоннан сыңсыған сенің мұңың –
Сәуле таппай сенделген менің күйім.
Ауыл. Іңір
Ауыл. Іңір. Беймаза шақ – естегі
Азан-қазан мал қайтқанда төстегі.
Дала аспаны, түн алдында түнерген
Қызылбауыр бұлттары бар көшпелі...
Санамдағы сол суретті сарғайтқан
Алматының алтындалған кештері.
Көкте жұлдыз, жерде жұлдыз, жұлдыз – маң,
Көше күлкі, тарап жатқан мың қыздан.
Кереметін көп көресің қаланың
Айлы түнде кемпірқосақ туғызған.
Жыр болып жас, тамшы болып күй ақты,
Сәнқой қала самаладай сый апты.
Шам жарығы, Ай жарығы, әйтеуір
Алматыда түн болмайтын сияқты.
Көктем-көңіл күздің күйін кешкенде
Ерке шақтар шығып кеткен естен де.
Шырағданның жарығымен
ешкім ертек айтпайды
Ұзақ, ұзақ кештерде...
Ертектен соң тәтті-тәтті түс көріп,
Тыншығанда бар әлем
Шөп үстіне шығып алып, үйіп қойған маямен,
Жанарыммен жұлдыздарды санар ем.
Қолым созсам жететіндей көрінген
Аңқау аспан, өзіңмен бір қалар ем,
Мәңгі бірге қалар ем...Әттең?!

Самое читаемое
