457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

"Қайратты" Чемпиондар лигасына шығарған Темірлан Анарбеков туралы не білеміз?

"Қайрат" футбол командасы өз алаңында "Селтик" командасын жеңіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Тарихи жеңіске жас қақпашы Темірлан Анарбеков себепкер болды. Негізгі уақытта да, қосымша уақытта да есеп ашылмаған соң ойын пенальтиге ұласты. Пенальти сериясында қарсылас команданың үш соққысын қайтарған Темірлан ойынның басты қаһарманына айналды.
Осы орайда Malim.kz Информбюро порталы әзірлеген 21 жастағы Темірлан Анарбековтің футболдағы жолы туралы материалды оқырман назарына ұсынады.
Атыраудан – Алматыға
Темірлан Анарбеков 2003 жылы 14 қазанда Атырауда дүниеге келген. Ол 11 жасында Атырауда балалармен доп теуіп жүріп, "Атырау" командасына іріктеу жүріп жатқанын естіген. Темірлан әу баста алаңда ойнағысы келген, бірақ оны алмаған. Екінші құрамға ілінген Темірланды қақпашы болмағандықтан қақпаға қойған. Ол ұзын бойыл болмаса да бірнеше соққыны қайтарған соң жаттықтырушы оған қақпашы болуды ұсынған. Солай Темірланның футболдағы жолы басталған.
Футболға әдеттегідей шабуылшы немесе қорғаушы болып емес, бірден қақпашы ретінде келген Темірлан көп ұзамай "Қайрат" академиясының назарына түсті. 2017 жылы академияға ауысып, футболдың қыр-сырын үйрене түсті. 

"Алматыға жарысқа келгенде скауттар мені байқап, қаралымға келуді ұсынды. Ата-анаммен ақылдасқан соң Алматыға барамын деп шештім. Бәрі сәтті өтіп, мені академияға алды. Басында қиын болды. Бірақ футболға деген махаббатым барлық қиындыққа қарсы тұрды. Ол кезде Қазақстанда мұндай жоғары деңгейдегі академия бар екенін білмедім де. Бәрі ұнады. Жігіттермен жақсы араласып кеттім, команда жақсы болды. Бапкерлер көп нәрсе үйретті. Бәрі үшін алғысымды айтамын", – деді ол Қазақстан футбол федерациясына берген сұхбатында.

Темірлан Анарбеков 2020 жылы 17 жасында Қазақстан Премьер-лигасында "Қайрат" сапынла дебют жасады. Ол "Таразға" қарсы матчта алаңға шығып, бір матч өткізді. Сол жылы "Қайрат" Қазақстан чемпионы атанды. 2022 жылғы маусымда "Қайрат-Жастар" командасының капитаны атанып, Бірінші лигада тұрақты ойнады. 2024 жылғы маусымда уақытша елордалық "Жеңіс" клубында өнер көрсетті. 

"Клубтың ұсынысы болды. Қыста "Қайраттың" басшылығы "Жеңіс" клубына баруға қалай қарайтынымды сұрады. Келістім. Ешкім сен ойнайсың деп уәде берген жоқ. Бірінші нөмір үшін бәсекелестікті жеңу керек болды. Лига Кубогының жартылай финалында "Қайратқа" қарсы матчта ойнамаймын деп ойладым. Бірақ алаңға шығуым үшін өтемақы төледі. Өзімді барынша көрсеткім келді. Бапкер жалға беру мерзімі аяқталған соң "Қайратта" күтетінін айтты", – деді Темірлан Анарбеков.

2025 жылы "Қайраттың" негізгі қақпашысына айналып, Қазақстан Премьер-лигасында алты ойын өткізді. 
Жаттықтырушылар оның сабырлы мінезін, ойынға деген жауапкершілігін ерекше атап өтеді. Қақпадағы сенімді қимылдары мен тактиканы тез ұғып, қорғаушылармен тіл табысуы оны негізгі құрамға біртіндеп жақындатты.

Ұлттық құрама

Анарбеков жасөспірімдер құрамасынан бастап Қазақстан намысын қорғап келеді. Ол 2019 жылы – Қазақстан U-17, 2021 жылы – Қазақстан U-19, 2022–2024 жылдары – Қазақстан U-21 құрамасында ойнап, барлығы 15 кездесу өткізді. 2025 жылдан бастап ол Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылып, ірі халықаралық матчтарда ел намысын қорғап жүр. Алайда ол ұлттық құрама сапында әлі дебют жасаған жоқ. 

"Ол кезде ұлттық құрамаға шақырады деп ойламадым. Ата-анам мен достарым тізімді жіберген соң бірақ көрдім. Қақпашы ретінде өскендіктен шақырды деп ойлаймын. Болашақта Қазақстанның нөмірі бірінші қақпашысы болғым келеді", – деді футболшы.

"Селтикке" қарсы тарихи матч
"Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық "Селтик" клубымен кездесті. Глазгода сырт алаңда өткен матчта негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақат алып, ойынның 75-минутында оны Темірлан алмастырды. Жас қақпашы қарсыластардың жойқын шабуылына қарамастан тамаша ойын көрсетті.

Алматыдағы қарымта матчта қақпашы қызметін мүлткісіз орындап, қаһарман атанды. Тоқсан минут бойы қақпаны қалтқысыз күзетті. Қосымша уақытта да гол жібермей, матчты пенальти сериясына жеткізді. Селтик футболшыларының үш бірдей соққысын қайтарып, "Қайратты" тарихи жеңіске жетеледі. Осылайша алматылық клуб алғаш рет Чемпиондар лигасының ттоптық кезеңіне шықты. Осы ойыннан кейін Темірлан Анарбековтің есімі алтын әріппен жазылып, жанкүйерлердің аузынан түспеді.
Алматыдағы қарымта ойында қақпашы қауіпті бес соққыны қайтарып, одан кейін пенальти сериясында үш голды қайтарды.  

Фото: SNS Group via Getty Images