Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

Жазушы Дидар Амантай «Гүлдер мен кітаптарында» кітаптардың аты ұзын-шұбақ болып берілгеніне сын айтылған кезде бұл өзінің кітапқа деген тағзымы, құрметі екенін түсіндірген еді. Кітаптар мен гүлдер барда ғана адам «ең әуелі сөз болған» қадым замандардағы өзінің қарапайым, шынайы, ерекше бекзат болмысын табады, кітап дегеніміз – дүниені тану, даналыққа қадам, гүл – жастық, сезім, тазалық, бұл екеуі өмірге мағына дарытады, нәр береді.
Автор осыны бар шығармасында жалықпай айта түседі. Кейде кейіпкері болып жеткізеді, кейде өзінің философиялық ой орамдарында келтіреді. Дидар Амантай – жоқ іздеуші. Ол қызылды-жасылды, жарқ-жұрқ еткен, бүгінгі тез өзгергіш, айнығыш қоғамда жоғалып бара жатқан мөлдірлікті, шынайылықты, кейбіреулер үшін архаизмге айналған, қат болған дүниелерді іздей береді. Оның «Букинист. Кітап дүкені» деп аталатын әңгімесі осы ойды қуаттай түседі. Жүрегінің бір-бір бөлшегі секілді кітаптардан сөрелер бос қалып, жас кезінен ұқыптап жинаған дүниелері сатылып жатқанына, бүкіл ғұмыры зая кеткеніне қамыққан адаммен бірге еріксіз күрсініп қаласың. Күрсіністің себебі көп…
…Мына дүниенің маңдай жылытар шуағы мен жеті спектр секілді көмкерген сиқырлы шапағына шомылып жүрген жаймашуақ шақтарымыз еді. Түртінектеп әлденені оқып жүретін құрбымыздан алдымен жас жазушының атын естідік. Оның інісінің аты Дидар болатын. Содан ба, Дидар Амантайдың жазғандарын бірден жанына жақын қабылдап, кіріп-шыққанда басқа студенттер қақшып кетпесін деген сақтығы ма, кітабын жастығының астына салып жататын. Ол құрбымыз бүгінде шалғай аудандағы газеттің бас редакторы. «Ерекше, жаңаша жазады, сөйлемдері ешкімге ұқсамайды, әсіресе, диалогтары басқаша» деген пікір айтатын ол өзі де сүйікті жазушысына еліктеп әңгіме жазатын, көңілі түссе оқытатын да. Кейін ол мақтаған жазушының «Қазақ әдебиетінен» Әлия Бөпежанова апаймен өзара модернизм, постмодернизм туралы пікірталастарын көзіміз шалды. Тағы бір басылымдардан жазушының әңгімелерін оқи бастадық.
Біздің ауылда да әредік көңілденіп кетсе Дулат Исабековтің «Бонапартын», «Ескерткіштегі» Әштанның қылықтарын салып, ішек-сілесі қата әңгімелейтін ақкөңіл адамдар бар-тұғын, алайда шаңы бұрқырап аспанға көтерілген шағын ауылдан келген студентке Дидар Амантайдың әңгімесі күрделі көрінгені рас.
Оған себеп – шығармада бастысы – сюжетін баяндап, идеясын айқындау деп үйреткен. Әсіресе, автордың бірыңғай диалогтан тұратындай әңгімелері тосындау көрінген, кейде сөйлесуші екі адам бір-бірін жалғап, ой алмасудың орнына әрқайсысы өз ойымен отыратындай және кейіпкер міндетті түрде елден ерекше білімдар, пәлсапашы болып келетіндіктен оның айтқан ойын асықпай сіңіріп оқымасаң, қорыту қиын. Бірақ, бәрібір, көзім түссе оқымай қалмайтынмын. Әуелі финалдан басталып, одан кері әңгімеленіп, суреттеліп… егер оқиға болса, оны кейде басына, кейде ортасына әкеліп елестете беруге болатын, оқиғаның нақты уақытының белгісіздігі шығарманың жаңашылдығын паш етіп, әлдебір құпиядан үміттендіріп, өзіне тарта берсе керек. Нақты кейіпкері өзіміз оқып жүрген Т. Нұрмағамбетовтың, С. Мұратбековтың кейіпкерлері секілді шығарма басталысымен ежелгі танысыңдай ішіңе кіріп кетпейді, көз алдыңда көлбеңдеп жүрмейді және сол шығармаларда анау айтқандай оқиға да болып жарытпайды, оқиға туындатуға келгенде автордың соны керексінбейтінін де байқайсың. Оқырманы сюжетсіз шығарма оқуға дағдыланған ба, жоқ па, онда автордың шаруасы жоқ, бірақ менмұндалап тұрар нақты кейіпкерсіз, басы жай басталып, ортасында ширығып, аяғында шегіне жететін нақты оқиғасыз да баяу толқыған бірқалыпты суреттер тізбегі көз алдыңа келіп, иіріміне тарта береді.
«Тотықұс түсті көбелек» пен «Бір топ шеңгел» романын, «Көзіңнен айналдымды» оқып алған кітапқұмар құрбылар ондағы кейіпкерлердің бір-бір рөлді аяғына дейін алып шығуға бекінген кәдімгі актер сынды екенін, тіпті, адамды айран-асыр қылып, өз рөлін ойнап отырғанын біліп отырғандай оқиғаның қашан бітетінін сұрайтынын айтып, таңғалып әңгімелегендері де есте. Бізге де бұл эмоция таныс. «Мен сізді сағынып жүрмінде» бірінші таңғалғанымыз – өзі он беттен тұрса да, повесть аталғаны және шығарманың финалынан бір-ақ басталғаны еді. Біз ол кезде постмодернистік дегенді қайдан білуші едік? Ал Ғалиябану мен Еркіннің, одан Мұхтар мен Еркіннің арасындағы диалогтар ше? Диалогтардағы кейде толымды, кейде толымсыз сөйлемдермен жауап беретін, бірақ қалай жауап берсе де ойландырып, даналыққа бір қадам жақын тұрған адамның образында сөйлейтін кейіпкерлерге кейін таңғалмайтын болдық, себебі қайдан келген ой екені белгісіз, әңгімелесуші екі адамның бірі – автордың өзі-ау деп деп топшылайтынбыз өзімізше. Өйткені кейіпкер де – пәлсапашы, автор да – философ. Автордың «Модерн-Постмодерн» деген әңгімесін алайық. Әуелі үшінші жақтан баяндап, түнгі қаланы суреттейді. Әр заттың бойына сіңірген күн қуаты туралы баяндайды. Мұнда дүние-жаратылыс туралы ой қорыту бар. Әрнәрсені көз алдыңа алып келеді, көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап, жазушы суреттеп отырған сәтті сезіне алатының бар.
«Әрбір затта өз бойына сіңірген күн қуаты бар. Бұл қуат – алапат жарылыстың бізге ұшып жеткен ұшқындары. Біз – оның (алапат жарылыстың) перзенттеріміз. Қоршаған дүние – ағайын-туысымыз. Отбасы фотоальбомы тәрізді, әлемге қайдан, қалай қарасақ та, оны өткен шақта көріп тұрамыз. Әр құбылыс, әр нәрсе – оттан қуат алғандар. Күн – басты от. От-ана» деп түсіндіреді, одан әрі бар адамның бойындағы жалынды түсіндіреді.
Камю, Борхес, Сартр деп кете беретін есімдерді осы кісі жиі ауызға алады. Білуімізше, Сартрға Хайдеггер әсер еткен, Сартр Дидар Амантайды өсірген, шамасы. Әйтеуір, Дидар Амантайдың көпшілікке түсініксіздеу көрінетін ерекше ойларында еркіндіктің лебі аңқып тұрар еді.
Ойласа да еркін, жазса да еркін, бұрынғы ақжемі шыққан сүрлеуге түспей, өзінің соқпағымен жүретін адамның кейіпкерлері де – көбіне қияли дүниеде жабырқаса да, ішкі болмысында еркіндікті сезіне алатын адамдар. Дидар Амантай да еркіндікті Сартр секілді ұғынады, еркіндік деген қалағаныңды жасау емес, тіпті де бос жүріс пен әрекетсіздікке әкелетін қалыпта емес, ешкім тартып ала алмайтын таңдау мүмкіндігі деп қарастырады.
Шығармашылық дегеннің өзі адамның ең бір күшті толқыныстарын, сезімдерін берудегі керемет тәсіл екені, еркіндікке бастайтыны рас қой. Осыдан кейін барып Дидар ағамыз аузынан тастамайтын Сартрдың экзистенциализмді адам мәселесі, яғни адамның жан түкпірі, қуанышы, қайғысы, айналып келгенде, гуманизм деп қарағаны өзінен-өзі түсінікті болды.
«Түсінікті болды» дегенім жай сөз, философтарды түсінуге ешуақытта тырысқан емеспін, бірақ өзің толық түсінбейтін нәрсені ұғам деп талаптанудың өзі құрығанда ойлауға, ойлануға үйретеді. Мысалы, жазушы Дидар Амантай бір өзі қатталып жинақталған, жүйеленген, сараланған каталог іспетті, бір шығарма оқыса, міндетті түрде өзі бұрын оқыған басқа бір жазушылармен салыстырады, оған оның салыстыру мүмкіндігі толық жетеді.
Айтпақшы… Дидар Амантайды оқып отырғанда Маркестің өзіміз оқыған бірді-екілі шығармасы ойға оралады. Маркес шығармасында «дүние мифтер заңдылығынан тұрады, өмір дегеніміз – адамға түсініксіз және күрделі құрылған байланыстар, уақыт дегеніміз кезеңдерден тұратындықтан да біз мәңгілік сұрақтарға жауап беру үшін қайта оралып отырамыз» дегенді түсіндірмек болған. Егер мен бұл дүние тым қарапайым, бірсарынды ережеден тұрады десем ше? Меніңше, Дидар Амантай бұған келіспейді. Өйткені оның шығармаларында көп ой айтылады. Егер өмір бір сарынды әрі өте түсінікті болса, шығармалар жазылмаған болар еді.
Жадыра Шамұратова