457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Оразалының Қарасазға соңғы сапары

Ораз ағамның туған жеріне жасаған ең соңғы сапарында қасында болып едік. «Ұстазым Хасен Саматыров 50-ге келді. Қарасазға барып аунап-қунап қайтайық» деді.

Асхат Қылышбек екеуіміз ілестік. Бір ішек студенттер тойдан қалсын ба?! Бақыт Жағыпар ағамыздың көк мәшинесінің артына жайғасып алдық. Ораз рөлге мен отырайын деді. Бәкең тізгінді берді. Ол кезде қаптаған камера жоқ. Есесіне жолдың бойы қаптаған жол полициясы. Байсейітке жеткенше солар жолымызды бөгей берді. Орекең қатты басып қояды. Тоқтатпай қайтсін? Ақынды көрген бетте туған бауырларын көргендей бас салады. Ол кезде суретке түсетін сипайтын смартфон жоқ. Бірақ нөмірін сұрап әңгімесін тыңдауға шетінен әуес. Ақыры алдымыздан керіліп Көкпек жазығы шықты. Сол тұста Орекең ұстазы жайлы әңгімесін ағытты. Хасен ағадан басталған әңгіме Есенқұл Жақыпбекпен аяқталған еді. Айтыста Хасенәліге жететін ақын жоқ, ал поэзияның жүйрігі Есағам ғой.

«Ол да емеспін, бұл күні бұл да емеспін,

Хан да емеспін, біреуге құл да емеспін.

Боқта өсетін кәдімгі гүл секілді,

Болашақта келеді гүлдеп өскім» дейді Есағам. Қалай қарапайым жазады, ә? Оңай сияқты. “Ал жазып көріңдер!” дейді жымиып Орекең.

Әңгіме ұзақ жолды қысқартты. Қарасазға де жетіп бардық. Хасен ағаның қуанышында шек жоқ. Бойы биік, мұртты, жұқалтаң кісі екен. Өмірде алғаш және соңғы рет көруім. Кеудесіне бір медаль тағып алыпты. Орекең әзілдеп «Хасен аға, кеудеңізге не темір тағып алғансыз?» дейді күлімдеп. “Еее, қазір ауылда фронтовиктен азайып барады. Солардың орнына үкімет менен фронтовик жасап жатыр” дейді әзілдеп. Қысқасы, бір керемет сапар болып еді.

Содан көп ұзамай Орекең бақиға асығыс аттанып кетті.

Оразәлі, қайдасың?

Қас-қағымда,

Мені тастап кеттің бе басқа ауылға?

Бейнең сенің әлі тұр күлімдеген,

Қасқа тайды суарған бастауыңда, – деп ұстазы Хасен аға жүрегі қан жылай жоқтап еді.

Биыл міне Хасен ұстазындай Оразалы Доспосыновтың туған жерінде елу жылдық тойы өтті. Өзінсіз, ұстазынсыз. Хасен аға 60-қа да толмай 58 жасында өмірден озған еді.

Ағамның елу жылдығына бара алмадым. Қанша ниеттенгенімен болмады. Іс-сапармен Семейге жүру керек болды. Құдай-әруақтан ұят болды, ұят болды деумен қалдық. Жақсы ағаның жаны пейіште шалқығай. Келесі дүниеде тағы да кезігерміз, аға! 

Қанат Тілеухан  

Фото: ult.kz