457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Астрономдар «ұйқыдағы» 14 галактиканы анықтады

Астрономдар Үлкен жарылыстан кейінгі жұлдыздардың түзілуі тоқтаған 14 галактиканы анықтады. Бұл жаңалық галактикалардың ерте кезеңдегі эволюциясы туралы түсініктерді өзгертеді,- деп хабарлайды Malim.kz. 

Астрономдар «Уэбб» ғарыш телескопының көмегімен Үлкен жарылыстан кейінгі алғашқы миллиард жыл ішінде өмір сүрген 14 «ұйқыдағы» галактиканы тапты. Бұл жүйелерде жұлдыздардың түзілуі тоқтаған, ал бұл бастапқы кезеңдерінде галактикалар жаңа жұлдыздарды белсенді түрде қалыптастыруы керек деген болжамдарға қайшы келеді.

arXiv препринттер серверінде жарияланған зерттеу былтыр табылған төрт осындай нысанды толықтыра түсті. Жаңа «ұйқыдағы» галактикалардың массасы Күн массасының 40 миллионынан 30 миллиардына дейін өзгереді.

Жұлдыздардың түзілу процесі әртүрлі себептермен тоқтауы мүмкін. Мысалы, галактиканың ортасындағы аса массивті қара құрдым (қара тесік) жұлдызаралық газды қыздырып, оны жаңа жұлдыздардың түзілуіне қажетті жағдайлардан айырады. Сондай-ақ көршілес галактикалар суық газды тартып алуы мүмкін. Басқа жағдайларда газды қыздырып немесе сыртқа шығарып жіберетін қуатты процестер орын алады. Мысалы,  жаңа жұлдыздардың жарылыстары, күшті жұлдыздық желдер немесе жұлдыздардан шығатын сәуле қысымы.

Жұлдыз түзілуіндегі мұндай үзілістер 20–25 миллион жылға созылуы мүмкін, содан кейін бұл процесс қайта жанданады. Бақылау нәтижелері телескоп көрген кезде бұл галактикалар жұлдыздар түзуін 10–25 миллион жыл бұрын тоқтатқанын көрсетті. Ғалымдардың болжамынша, олардың көпшілігі уақыт өте келе қайтадан белсенді күйге оралуы мүмкін, бірақ бұған толық сенімділік жоқ.

Қазіргі таңда мұндай «ұйқыдағы» галактикалар сирек кездеседі, әрі олардың көптеген қасиеттері әлі жұмбақ күйінде қалып отыр. Астрономдар алдағы уақытта бақылау жүргізуді жалғастырмақ. 

Фото: BBC