Америкалық актер Эрик Дэйн 53 жасында өмірден өтті. Оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты отбасы растады, деп хабарлайды Malim.kz.
NBC News телеарнасының мәліметінше, өткен жылдың көктемінде Дэйн өзіне амиотрофиялық бүйірлік склероз (ALS) диагнозы қойылғанын жариялаған еді. Бұл – жүйке жүйесін зақымдайтын, ауыр әрі өлімге әкелетін дерт.
Актердің отбасы таратқан мәлімдемеде оның соңғы күндерін жұбайы, екі қызы және жақын достарының ортасында өткізгені айтылған.
"Оның орны ойсырап қалды. Біз оны әрдайым сүйіспеншілікпен еске аламыз. Эрик жанкүйерін ерекше жақсы көрді және олардың көрсеткен қолдауы мен махаббатына әрдайым алғыс білдіріп жүрді. Отбасы осы қиын кезеңде жеке өмірге құрметпен қарауды сұрайды", – делінген мәлімдемеде.
Эрик Дэйн кеңінен танымал "Анатомия страсти" сериалында доктор Марк Слоан рөлін сомдаған. Ол бұл жобада 2006-2012 жылдар аралығында ойнады.
Сондай-ақ HBO арнасының "Эйфория" сериалында Кэл Джейкобс образын орындады.
Бұдан бөлек, актер "Бурлеск", "Люди Икс: Последняя битва", "От заката до рассвета", "Выжившая" секілді фильмдерге де түскен.
