Оралда ашылуы тиіс "келешек мектебі" қолданысқа берілмеді

Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектеп 30 тамызда тапсырылуы тиіс еді.
Алайда Медколледж ауданындағы мектеп құрылысы әлі жүргізіліп жатыр. Осыған орай мәселенің мән-жайын білу мақсатында тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға ресми сауал жолданған.
Компанияның мәліметіне қарағанда, Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 963 қаулысына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мерзімі 2025 жылдың соңына дейін деп белгіленген.
Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесінде салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысының
Білім күніне дейін аяқталмауының негізгі себебі — мердігер ұйым «JJ Construction» ЖШС-ның (бұрынғы «Жайық жарығы» ЖШС) өз міндеттемелерін тиісінше орындамауы.
Мердігер тарапынан құрылыс алаңына қажетті еңбек ресурстары, арнайы техника мен құрылыс материалдары уақытылы жеткізілмеді.
Шарт талаптарына сәйкес, мердігерге айыппұл санкциялары салынды.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жанданып, нысанды 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Тапсырыс беруші тарапынан құрылыс барысы қатаң бақылауға алынып, жұмыстардың сапалы және уақытылы орындалуы қамтамасыз етілуде, — делінген ресми жауапта.
Құрылыс басында мердігер мекеме өкілінің пікірін білмек болып едік. Әйтсе де компания бас директорының орынбасары, жоба жетекшісі Мақсат Батырбеков ақпарат бере алмайтынын алға тартты.
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтің нақтылауынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш ғимарат құрылысын биылғы 1 қыркүйекке дейін бітіру көзделген еді.
Осының ішінде Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы 600 орындық мектеп қана пайдалануға берілді.
Оралдағы аталмыш мектептен басқа Бәйтерек ауданы Достық ауылындағы 1 200 орындық білім нысаны құрылысы да мәресіне жете қойған жоқ.
Осы екі мектепті салу барысында отандық құрылыс материалдарымен қамту бойынша қиындықтар туындады. Мұның бір себебі — Қазақстан бойынша «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 104 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылыс материалдарына сұранысты көбейтіп жіберді. Бәрі бір жерден алынатындықтан, іркілістердің болуына әсер етті. Достық ауылындағы 1 200 орындық мектеп ғимаратында құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталды. Қазіргі кезде іске қосу-реттеу, аумақты абаттандыру және технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жұмысы атқарылып жатыр, - дейді басқарма басшысы.
Фото: Ғ.Сейтақ /Kazinform

Ең көп оқылған
