Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

Маңғыстау облысындағы IT-лицейдің оқушысы Рамазан Бутантаев Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.
Ол Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы — APLO-2025 шарасында жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды. Рамазан Бутантаев аймақтың ең мықты қатысушыларын басып озып, алтын медаль иеленді.
Жалпы, Қазақстан құрамасы лингвистикалық олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті — 5 медаль және 3 Құрмет грамотасын жеңіп алды:
Алтын медаль:
Рамазан Бутантаев — 10 сынып, мамандандырылған IT-лицей, Маңғыстау облысы.
Күміс медаль:
Самир Сарбасов — 12 сынып, НЗМ, Астана қаласы.
Қола медаль:
Тимур Кантаев — 11 сынып, "Арыстан" мамандандырылған мектебі, Алматы қаласы;
Зере Серікова — 11 сынып, №9 "Зерде" мектебі, Астана қаласы;
Темірлан Сейтбаттал — 11 сынып, БИЛ, Ақмола облысы.
Құрмет грамотасымен марапатталғандар:
Ислам Сипатталов — 10 сынып, БИЛ, Ақтөбе қаласы;
Шыңғыс Қарасаев — 11 сынып, НЗМ, Орал қаласы;
Арон Хасанов — 11 сынып, БИЛ, Атырау қаласы.
Биылғы олимпиадаға Қытай, Австралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд сияқты Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінен 500-ге жуық оқушы қатысты.
Asia Pacific Linguistics Olympiad (APLO) — жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық лингвистикалық олимпиада. Бұл олимпиада логикалық ойлау, тілдік түйсігі мен мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға бағытталған және Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға (IOL) қатысуға жол ашады. APLO — оқушыларға халықаралық деңгейде өздерін сынап көруге және академиялық ортада таныла түсуге үлкен мүмкіндік береді.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі