Қазақстан азаматын өзбек кеденшісінің ұрғаны рас па — СІМ жауабы

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Навои» өткізу пунктінде болған жағдайға қатысты түсінік берді.
Еске салсақ, оқиға 5 шілде күні екі ел шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода қазақстандық азамат пен өзбекстандық кеден қызметкері арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқанын байқауға болады. Сондай-ақ видеода кеденші Қазақстан азаматын ұрып жіберген.
Бейнежазба желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Көптеген пікір қалдырушы аталған жағдайға ресми түрде баға беруді және кінәліні жауапқа тартуды талап етті. Желі қолданушылардың пікірінше, шекарада бейбіт азаматтарға күш қолдануға жол берілмеу керек.
Бар ақпаратқа сәйкес, аталған оқиғаға байланысты Қазақстан мен Өзбекстан шекара өкілдері кездесу өткізді. Кездесу барысында өзбек тарапы бұл мәселені әділ әрі объективті қарастыратынын хабарлап сендірді, - деген жауап алдық Сыртқы істер министрлігінен агенттік жолдаған сауалға.
Осы орайда СІМ мәселенің ерекшелігін ескере отырып, мән-жайды анықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жүгінуді ұсынып отыр.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
