Дәрігер Күләш Ахметованы ақындыққа баулыған
Жамбылдағы медициналық училищені оқып жүргенде Өкім ағасының үйінде тұрыпты
Биыл балалар әдебиеті бағбанының бірі, мәні терең өлеңдерімен талай өренді тәрбиелеген қаламгер Өкім Жайлауовтың туғанына 94 жыл толып отыр. Сара сөздің зергері әдебиетте өз әлемін қалыптастырып қана қоймай, талай дарынды жасқа жол нұсқап, қамқорлық танытты. Жалпы, қазақ балалар әдебиеті өкілдерінің ішінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Бердібек Соқпақбаевтардың аты жиі аталып, насихаты да жеткілікті деңгейде жасалып жатады. Өкім сияқты есімдерді өкінішке қарай оқырман тұрмақ, қолына қалам алып жүрген жазушы-ақындардың көбі білмейді.
Балаларға арнап шығарма жазатын қаламгерлер өзі де баладай пәк, жаны таза, мейірімді, кішіпейіл болады деп жиі айтылады. Алайда, осы санатта аталатын кейбір ақын-жазушының ішімдікке үйір болып, 40 жастың о жақ бұ жағында өмірден өтіп кеткенін білеміз. Кейбірі жөнінде Қадыр Мырза Әлі «Иірім» және «Жазмыш» кітаптарында жазғаны мәлім. Өкім Жайлауовты бұл қатардан іздеуге әсте болмайды. Ақынды басқалардан гөрі жақын танитын, тағдыры бір шаңырақта тоғысқан жары Роза Жандарқызы оның мінезі жұмсақ, парасатты жан болғанын айтады. «Ешкімнің артынан ғайбат сөйлеп, мінез көрсеткенін көрген емеспін. Жарқын мінезі, баладай пәк, кіршіксіз жан дүниесі кім-кімді болса да баурап алатын»,-деп еске алады.
Сөз зергері Жамбыл облысы Үшарал ауылының тумасы. Болашақ көрнекті ақынның тырнақалды туындысы оқушы кезінде облыстық «Еңбек туы» газетінде «Қызыл гүл» деген алғашқы өлеңі жарияланады. Талантты жас ары қарай білімін дамыту ниетімен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін оқып-бітіреді. Ойы ұшқыр, ізденімпаз Жайлауовтың еңбек жолы республикалық балалар басылымы бұрынғы «Қазақстан пионері» қазіргі «Ұлан» газетінде басталған. Бұл баспасөзде бір жылдай қызмет еткен қаламгер 1954 жылы Жамбылға облыстық «Еңбек туы» газетіне жұмысқа орналасады. Туған жеріне ту тіккен жетелі жігіт ойлы да терең мақалаларымен оқырман зердесін ашып, таным көкжиегін кеңейтті. Кейіннен республикалық газет-журнал редакцияларында түрлі қызмет атқарып, қазақ баспасөзінің дамуына үлес қосты. Тұңғыш кітабы «Шәкірт ойынан» кейін тынысы ашылып, әр жылдары «Жасыл бақша», «Шопан дауысы», «Жарқын жаз», «Арай», «Күміс жаңбыр», «Соны соқпақ», «Мәңгілік от», «Мезгіл бояулары», «Шартараптан шарапат», «Шұғылалы шақ» атты жыр жинақтары жарық көргенін білеміз.
Өкімнің мектебі
Өкім Жайлауов қаншама бұлақтың көзін ашқан, талаптың тұлпарын тақымдап мінген дарындарды тас қияға бағыттаған адам. Оған қарап бой түзеп, тәлім-тәрбиесін алып өскендер аз емес. Облыстық газетті жазушымен әріптес болған Кәрім Баялиев естелігінде белгілі қаламгерлер Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Жарылқасын Амановтар «Өкімнің мектебінен» өткендерін айтады. Тараздың «Дөңгелек саз» деген жеріндегі ақынның үйі әдеби ортаға айналған екен. Ақынның әсіресе жерлес таланттар алдында сіңірген еңбегі орасан. «Ол облыстық газетте алғашқы әдебиет беттерін, редакция жанынан әдебиет бірлестігін ұйымдастырды. Әдебиет әлеміне бет алған жастар, орта буын ағаңның жанынан үйіріліп шықпайтын. Біреуге жақсылық жасауға асығып тұратын. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Жоғарыда есімдері аталған ақындармен кейін Алматыда да әдеби байланыста болып, ортасындағы жарасымдық дәстүрін үзген жоқ»,- дейді Жайлауовтың жары Роза Төлейбайқызы.
Өкімдей кең жүректі тұлғаның шарапаты тиген, қамқорлығын көрген жанның бірі – белгілі ақын Күләш Ахметова. Ол Жамбылдағы медициналық училищені оқып жүргенде Өкім ағасының үйінде тұрыпты. Көп сөйлемейтін нәзік қыз көрпесіне оранып алып, өлең жазып отырады екен. Өкімнің шаңырағында жүріп ол Асқар Тоқмағанбетов, Нұрғиса Тілендиевтермен танысады. «Ағамыз таңмен таласа өлең жазатын еді» дейді шәкірті. Училищені екі жыл оқып мейірбике атанған Күләш Үшаралдағы медпунктте істеген көрінеді. Талантты қызды 1968 жылы Қазақ Ұлттық университетіне де түсіруге Жайлауұлы көмек беріп, септігін тигізген. Ғалым Мырзатай Жолдасбеков сол кезді былайша еске алады. «Өкім Жайлауов аға «Мырзаш, болашақта жақсы ақын болады деп мына екі қарындасыңды алып келіп тұрмын, бірінің аты – Күләш, бірінің аты – Ізімкүл, көз қырыңды саларсың – деп, тұлымы желбіреген екі қызды қолыма тапсырып еді. Ізімкүл университетті бітірерде менің жетекшілігіммен Ұлбике ақыннан диплом жұмысын қорғады, ал Күләш, Өкім аға айтқандай, ақын болып шықты. Содан бері көзімізден таса болған жоқ, үнемі толысу үстінде келеді. Өзінің жырымен оқушыларының мейірін қандырып, көкейіндегісін табумен, халқын қызғыштай қорғаумен келеді», - деп жоғары бағасын береді. Бүгінде айтулы ақын болып отырған Ахметова да ұстазының өнегелі жолын, қамқорлығын ұмытпайды. «Қазақ әдебиетін кең далаға теңесек, сол далада Жайлауовтың да өз жайлауы бар. Ол жайлаудың өз жылғасы, өз бозторғайы бар» деп ізетті ілтипатын білдіреді.
Арқалы ақын Қуандық Шаңғытбаев бір мақаласында «Өкімнің шығармалары оқырмандарды өмірге, табиғатқа, туған жерге, ата-ана, дос-жаранға деген сүйіспеншілікке шақырады. Махаббат пен еңбекке деген құштарлығыңды арттырып, қиындықпен күресе білуге, жамандықтан жиреніп, жақсылыққа қуана білуге тәрбиелейді. Оның ақындық алымына, қаламгерлік қарымына риза боласың», деп жазғаны бар. Ал, сыншы Сағат Әшімбаев «Ақын қандай тақырыптағы өлеңдерінде болмасын, өзіндік ерекшелігін тиісті дәрежеде танытып отырады»,-деген байыпты бағасын берді. Айтпақшы, әйгілі «Қуырмаш» әнінің сөзін жазған Өкім Жайлауов. Ақынның соңында поэзиясынан бөлек «Ата-ана туралы жыр», «Мәншүктің анасына хаты» атты повестері қалған. Демек, жүзеге асырылып жатқан «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында Жайлауовтың да шығармалары оқырман назарына ұсынылса дейміз.