Жұмабай Шаштайұлының бір әңгімесі жайында

Ж.Шаштайұлының «Үй мен түз» әңгімесі ағайын арасындағы ынтымақтың бірте-бірте ыдырап, қазақ үшін қадірлі, ұлттық құндылық болып есептелетін ағайындық, бауырмалдық деген қасиеттердің қоғамдағы орнын, құндылықтар бағдарының өзгерісін суреттейді.

  • 07.06.2022
Жазушы Жұмабай Шаштайұлы

«Үй мен түз» әңгімесін фреймдік модельдер арқылы талдау  

Дискурстағы фреймдік талдаудың нысаны мағына қалыптастырушы модельдерді құру және оларды интерпритациялау механизмі, ал ол қоғамдық-релеванттық білімнің туындауын, өзгерісі мен таралуын түсіндіреді. Ж.Шаштайұлының «Үй мен түз» әңгімесі ағайын арасындағы ынтымақтың бірте-бірте ыдырап, қазақ үшін қадірлі, ұлттық құндылық болып есептелетін ағайындық, бауырмалдық деген қасиеттердің қоғамдағы орнын, құндылықтар бағдарының өзгерісін суреттейді. Оны жазушы қазіргі урбанизация үдерісі кезіндегі ауылдан шығып, қаланы мекен еткен қазақ отбасының бірнеше күнін суреттеу арқылы шебер көрсеткен. Жазушы ағайын арасындағы татулықты, ынтымақты көбіне сақтап тұратын да, сондай-ақ араз ететін де әйел екенін олардың характерін шебер сомдау арқылы көрсетпек болады.

Керісінше, Жарасбек атына заты сай, ұсақ-түйекке онша мән бере қоймайтын, көңілі мәрт жан. «Ілдебай үйге келгіштегелі бері Жадыраның қабағында кірбің бар. Сол кірбің соңында неге әкеліп соғарын кім білсін? «Әй, мен көрген Жадыра болса, бір сойқаны дайын тұр-ау. Өзіне салса інісінің осы үйде тұрғанын қалайды. Алды-артын танығанша бас-көз болып жүргенім дұрыс дейді», - деп ағайыншылықты ойлап тұрады Жарасбек. Ал әйелі Жадыра болса, бала-шағасының қамын ойлап тұр. Бір қарағанда Жадыраны да түсінуге болады. Себебі олардың бір емес, шиеттей үш баласы бар. Ол көрші Азаматтың әйелі секілді үлде мен бүлдеге ора деп тұрған жоқ, тек ойы балаларының ең қарапайым түрде аспен қамтамасыз етілуі, ет қосып тамақ жасап беру болып тұр. Жазушы көрші Азаматтың әйелінің жайраңдап келіп-кетуінен де Жарасбектің үлкен қауіп көретін детальді енгізуі бекер емес.

 «Екі әйел алдымен әлденеге сықылықтап күліп алды да, сыбырға көшті. Орнында тапжылмай тұрып қалған Жарасбек «Бәлкім, Азамат әлі командировкасында жүрген шығар» деп ойлады. Кенет бұған Жадыраның дауысы ышқынып шыққандай естілді.

- Жібек-ау, саған қазір бере қоятын байғазым болмай тұр. Ертең тура өзім барып көремін».

Жазушы бұл эпизодты әйел характерін ашу, оның еліккіш, еліктегіш мінезін сынау мақсатында бергенімен, бұл эпизодтың бейсаналы түрдегі астары қат-қабат болып келеді. Қарапайым түрде қарастырсақ, бұдан Жарасбектің Жадыра бір әлек салады-ау деген қаупін көреміз. Ал үңіле түскенде бұл бақылаушы субъектінің әлемнің этникалық суретінің негізі ретінде көріп отырған фреймдік моделін байқаймыз. Фрейм мазмұны әрқашан этникалық мазмұнмен байланысты болып келеді.

Байғазы беру – бұл қазақ ұлтына тән жаңа киімді, жаңа бұйымды, жаңа затты сүйіншілеп көрсеткенде берілетін типтік жағдаят. Дәстүр бойынша байғазы берілуі керек еді. Алайда байғазы берілмеді. Мұның өзі дәстүрдің сақталмағанын көрсетеді. 

Әңгімедегі маңызы зор екінші бір эпизод :

«–  Қайным, ағаларың ауылдан қой алып келіпті. Соның бас-сирағын асып жатырмын. Үй-ішіңмен түгел жүріңдер – деді.

Азаматтың командировкадан келуі мен мына кісілердің бас-сираққа шақыруының қабаттасқанын қарашы деген Жарасбек нышанында қынжылыс бар.

– Жеңгей, күнде сіздерден болғанша, бір күн біздерден болмай ма? – Ел аузында жүретін осы сөзді орайын келтіріп айтқанына Жарасбек қарқылдап күліп жіберді.

–  Енді бізге тамақ есептесу ғана қалып еді, – деді Шырақбайдың әйелі.

... – Тәте, біздің күйеуіміз баяғы заманның мырзасы ғой, білмеуші ме едіңіз. Елдің бәрі мұны тамаққа шақыруы керек. Елдің бәрі мұның алдында құрақ ұшып тұруы керек. Ал бұл ешкімді тамаққа шақырмайды».

Әрине мұның бәрі Жадыра үшін ұрыс шығаруға керек іліктер. Ол Ілдебайдың бұл үйде тұруын қалап тұрған жоқ. Себебі ол өз балаларын да әрең жеткізіп отыр. Ағайындықты ойлап, жарайды сол үйде тұра берсін дейін десе, оны түсініп жатқан ағайыны жоқ.

Екі эпизодты салыстыра қарастырып көрелік. Әдетте, әлемнің этникалық картинасы бинарлық оппозициядағы фреймдерден көрініс табады. Мәселен, космос пен хаос, уақыт пен кеңістік, өмір мен өлім, әйел мен еркек, күн мен түн т.б. секілді фреймдер бар, олар бірі жүрген жерде екіншісі болуы заңды, мәселен, өмір бар жерде өлім де бар, немесе күн артынан міндетті түрде түн келеді. Дәл осы әңгімеде ағайындық, бауырмалдық құндылығын анықтайтын мынадай бинарлық оппозициядағы: үй мен түз, алу-беру, бару-келу, сіз-біз секілді фреймдік талдау қисынын көреміз. Қазақ мақалында «Алмаса-бермесе, сарт болады, бармаса-келмесе жат болады», «байлық – еріп кетер мұз, бала – артта қалған із, дүниенің қызығы – сіз бенен біз», «мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық», «ер жігіт үйде туып, түзде өледі» дейді. Яғни ағайындықты ұстап тұрған осы бару-келу, яғни араласу. Ал алу мен беру бұл – жүрек жомарттығы, мейірімнің түсуі. Менде болмаса да, ода болсын деген тілектестік. Сіз бен біз сыйластықтың белгісі. Жарасбектің ер адам ретінде жомарттығы өз басына жетеді, ол алмай-ақ ағайындықтың туын жықпаймын деп ойлауы мүмкін. Бірақ ол уақытша ғана болатын құбылыс. Егер ол ұдайы қайталанатын сипаттағы, ырғақты, жалғасын табатын, ұзағынан сүйіндірілген ағайындық болуы үшін бинарлық оппозициядағы екі сыңар да қатар жүруі керек. Үй мен түз секілді. Егер ер адам тек түзді ойлап, ылғи түзде көп жүрсе, үйі құлап қалуы мүмкін. Егер тек үйден шықпаса, түздің шаруасын, елдің қамын кім ойлайды? Яғни екі жағын теңестіре алу керек. Ала да білуі керек, бере де білуі керек. Қазақ мақалында «береген қолым, алаған» делінетіні сондықтан. Ол атам заманнан қазақ қоғамында айтылмай қалыптасқан ереже. Сырттай, әрине, ешкім де санасып жатпайды. Бірақ «өткенде бізге былай жасаған еді, тойымызда мынадай берген, анандай беріп жіберген еді, біз бүйтіп жасайық, мынадай нәрсе беріп жібергенім жөн-ау,  асып түспесек те, соған жете қабыл немесе асырып зат атауымыз керек» деп қарапайым тірлікте жасалатын өз ұятымен есептесу әрекеттері әр отбасында жасалып тұрады. Тіпті, халықта көршісінен табақ алса, түбіне бес тал құрт салса да, ыдыстың ішін бос қайтармаған. Сонда, алу бар жерде, беру де болуы заңды. Ол солай болуы керек. Ал Жадыра қисық қабырғадан жаратылған, ерге қарама-қарсы жыныстың өкілі, яғни әйел ретінде өмірлік заңдылықты теңдестіріп тұра алмауы мүмкін. Осындай теңсіздіктер бұзылған жерде күйреулер болады. Қазақы байғазы, көрімдік секілді ғұрыптардың астарында осы  алу-беру деген дуалдық феномені тұрады. Алу-беру, бару-келу арқылы ағайыншылық жалғасады. 

Үй ішінде Ілдебайдың көзінше Жадыра мен Жарасбектің ұрсысуы әңгіменің шарықтау шегі етіп берілген. Ақыры дастархан басында Жадыра көкейіндегіні орайын келтіріп, айтып салады: 

 «- Сенікі байдың асын байғұс қызғанадының кері. Әйтпесе қалада тұрып жатыр, қызылсыраған шығар деп, бір малдың басын қиятын жөні емес пе? – деді.

- ...Дүние ақыры сатулы, әркімнің тілеуі өзінде екен. Ендеше бұл проходной двор емес, - дегенде Жадыраның даусына шаңқыл араласты. Жарасбекке мұныма не дейсің дегендей, тесіле қарайды. Жарасбектің шекесі оқыс дың етті. Көз алды қарауытып, өне бойы шымырлап барады.

- Туысқаннан, елден, ағайыннан бездірмекші екенсің ғой, енді, – деп ашу шақырды. 

- Сенің туған-туысыңды көрсем, көзім ағып түссін! – Жадыра бұл жолы шаптықпады, байсалды қалып ұстады».  

Мұнда, дәстүрлі әлеуметтік-мәдени паттерндердің күйреуі салдарынан туындайтын түсінбеушілікті көруге болады. Бұл ұлттың өзін-өзі сақтап қалуы үшін маңызды факторлар. Байғазы берілмеді. Көршілер шақырылмады. Ағасы інісіне болыспады. Есеп сақталмады. Коммуникацияның қарапайым заңдылықтары бұзылды. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында «...Есептескен дос болмайды» деп жұрт айтады. Есептеспеген досты көргеміз жоқ. Сыртына шығармағанмен, екі достың есебі ішінде жүреді. Есепсіз кетсе, бірін-бірі алдаған, арбаған болып табылады; оның түбі теңдік емес, зорлық. Міндетсіз, сілетсіз, мақтансыз, қаяусыз, айнымас дос болады дегенге сенбеңіздер. Өйткені өзін ұмытып кететін адам табылмайды: әркімге алдымен тіршілік керек, тамақ керек. Әрі өз басының, әрі досының пайдасы бірдей табылған соң адам шын дос боп жүреді» - деп дұрысын айтады. Бұл формула тек достыққа ғана емес, ағайыншылықта да, көршілік қарым-қатынаста да осылай. Қазақ қоғамында сырттай есептесу болмайды. Бірақ ішкі ұятқа қарай есеп міндетті түрде жүрген. 

Әңгіме соңында ауруханаға түсіп қалған Жарасбекке ағасының бір келіп халін білмеуінен де ағайыншылдық деген тек бір адамның ғана ырқымен келмейтін, ол үшін екі жақтан да өзара татулық, ықылас болуы керек екенін аңғарады оқырман. Шын мәніде бір-бірінен ештеңені аямай, бір-бірі үшін жанын беруге даяр тұрған бауырларды ешбір әйел айыра алмасы анық екенін көруге болады. Бауыры ауруханаға келмеді, мұның көңілін сұрап білмеді.

Ал көңіл сұрау – бұл ауырып жатқан адамның халін білу үшін арнайы келіп жасалатын этикалық нормадағы ғұрып. Келген адам аурудың халін сұрап, көңілін аулап, шипа тілеп, шүкіршілік етіп кеткен. Бұл да адамдарды іштей жақындастыру жолы. Бірақ, әңгімеде бұл ғұрып та орындалмады. Көңіл сұрау фреймінде бару-келу деген дуалды оппозиция тұр. Осы оппозицияның бір сыңары орындалмағандықтан кейіпкер өмірінде қиындықтар да туындап жатады. Байғазы берілуі керек еді, берілмеді. Көршілері мұны ғана емес, бұл да көршілерін тамаққа шақыруы керек еді, шақырмады. Беделбай көңіл сұрап келуі керек еді, келмеді. Яғни дәстүрдің ішкі мазмұны мен сыртқы формасы бірдей орындалғанда ол өзінің шынайы қызметін атқарады деген сөз. «Өткенде олар мынадай берген, ұят болмасын, асырып берейік» деген ішкі есеп – бұл ата-бабаларымыз, яғни, үлкендеріміздің өмірлік тәжірибесі. Дәстүр дегеніміздің өзі – кейде бейсаналы түрде жасалғанымен бізге үлкендерден қалып отырған ілім, білім ғой. Сонда балалары үлкендердің өмірлік тәжірибесін, дағдысын пайдаланбайтын қоғам қалпын сақтап ұзаққа бара ма деген сауал менмұндалайды. Яғни бауырмалдық, ағайыншылдық сияқты құндылықтарды сақтау үшін оның астарындағы қарапайым шарттарын орындауымыз керек. Ол алу-беру, бару-келу, ол болған жерде сіз-біз де болады. «Беделбайдың бауырмалдық ыңғайы осы ғана ма? Әйелге тоң-торыс өкпесін білдіргені несі?» Осы бір түйткілдің күрмеу түйінін жаза алмай дал болды. Жолы түсіп ауылға бара қалса, ағасының сызданған мінезін елемеуші еді. Көңілі нілдей бұзылды. «Жоқ болсаң, бере алмайды, бар болсаң, көре алмайды» деген қазақшылыққа жүгінер жүгінбесін де білмеді», - деп дағдарады Жарасбек. Бұл дағдарыста жүрген жалғыз Жарасбек емес, осылай ойлайтын бүгінгі қазақ жігітінің типтік бейнесі бұл. Сонда рухани құндылықтың материалдық құндылықпен (тек заттай емес, қолғабыс етіп, еңбек етіп, шаруасын жасап беріп көмектесу де болады) нәзік сусындайтын ішкі есебі болуы керек. Бұл тым пәс айтылған нәрсе секілді болуы мүмкін. Бірақ хадистердің өзінде «Бір-біріңді ренжітсеңдер, бір-біріңе сыйлық жасаңдар, сонда сендердің араларыңдағы түсінбестік тұман секілді ыдырайды» делінген.   

Таңбалық жүйе туралы ғылым – семиотиканы әзірлеген ғалым Ю.М.Лотман өзінің «Культура и взрыв» атты еңбегінде «Абырой» сөзінің мәнін талдай келе «Таким образом подарок превращается в знак, которым обмениваются, закрепляя тем самым определенные социальные договоры», - дейді.

Сонда көңіл сұрау, көрімдік беру, байғазы беру, бәсіре атау секілді ғұрыптар ағайыншылықты арттырып, бауырмалдық секілді құндылықтарды тудыратын ғұрыптар екенін көреміз. Алайда олардағы бинарлық оппозициядағы слоттар міндетті түрде орындалмаса, ол ғұрыптардың мазмұндық астары ғана емес, соны пайдаланып отырған қоғам да күйреуге үшырайтынын әңгімеден көрдік.   

Еркінгүл Солтанаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Байланысты жаналықтар

Бүгін – Қалибек Қуанышбаевтың туған күні

25.04.2024

Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

22.04.2024

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024
MalimBlocks
Бүгін – Қалибек Қуанышбаевтың туған күні

1937 жылдан көркем фильмдерге түсіп, қазақтың ұлттық кино өнерін дамытуға мол үлес қосқан.

Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

Алматы қаласында актер есімімен аталатын көше бар.

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.