Мемлекет бюджетіне қай өңірлер көп ақша аударған?

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуында өңірлердің республикалық бюджетке қосар үлесі аса маңызды, деп хабарлайды Malim.kz Курсив басылымына сілтеме жасап.
Өңірлерден түсетін салықтар мен өзге де міндетті төлемдер мемлекет қазынасының негізгі кіріс көздерінің бірін құрайды.
Алайда бұл түсімдердің көлемі мен аймақтарға қайта бөлінетін бюджет мөлшерлері арасында елеулі айырмашылықтар бар. Бұл жағдай еліміздегі фискалдық теңгерім мен өңірлік даму саясатының ерекшеліктерін көрсетеді.
2025 жылдың алғашқы 4 айында Алматы қаласы республикалық бюджетке 1,07 трлн теңге көлемінде түсім аударған. Бұл жалпы республикалық түсімнің үштен бір бөлігіне жуығын құрайды.
Мұндай көрсеткіш қаланың жоғары экономикалық белсенділігімен, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуымен, сондай-ақ қаржы және қызмет көрсету салаларының шоғырлануымен байланысты.
Атырау облысы – табиғи ресурстардан түскен кірістің көшбасшысы
Атырау облысы республикалық бюджетке 343 млрд теңге көлемінде кіріс түсіріп, Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр.
Облыс экономикасы негізінен мұнай-газ өнеркәсібіне тәуелді. Қара алтыннан түсетін түсімдер еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай үлес қосып отыр.
Алайда өңірдің өзіне бөлінетін бюджет көлемі (шамамен 720 млрд теңге) республикалық бюджетке қосқан үлесімен салыстырғанда едәуір аз.
Түркістан облысы республикалық бюджетке 141 млрд теңге ғана кіріс түсіргенімен, өңірге республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 1,3 трлн теңгеге жуық. Бұл – еліміздегі ең жоғары дотациялық көрсеткіштердің бірі. Түркістан облысы – халық саны жағынан ең тығыз орналасқан аймақтардың бірі және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айрықша мұқтаждық бар өңір.
Мұндай қаржылық қолдау республиканың ішкі әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдігін сақтау, инфрақұрылымды дамыту және өңірдегі өмір сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде өңірдің болашақта экономикалық тұрғыдан дербестікке жетуіне ықпал етеді.
Фото: pixabay.com

Ең көп оқылған
