Қазақстан мұнайын таситын танкер Ливия маңында жарылды ма? Жауапты министрлік не дейді?

1 млн баррель мұнай тиелген Vilamoura танкері Ливия маңында жарылды деген хабар тараған еді. Кеменің басқару бөлімі суға толып, танкер Грекия жағалауына жеткізілгенін Bloomberg жазды деп хабарлайды Malim.kz.
2025 жылғы сәуірдің басында ғана Vilamoura Ресейдің Усть-Луга портына кірген. Сол жерде оған қазақ мұнайы тиелген. Мамырда кеме Каспий құбыр желісі консорциумының терминалына тоқтаған. Новороссийск портында да оған қазақ мұнайы артылған.
TMS Tankers өкілінің хабарлауынша, жарылыс кезінде қоршаған ортаға лас зат төгілмеген. Экипаж мүшелері дін аман.
Vanguard Tech консалтинг компаниясының мәліметінше, жыл басында тағы төрт кеме жарылған. Олардың бәрі жақында Ресей порттарына кірген.
Украина көрші елмен арада соғыс басталғалы бері Ресейдің энергетика инфрақұрылымына нұқсан келтіруге бірнеше мәрте талпынған. Ақпанда украин дрондары КҚК желісін атқылаған. Осы құбыр арқылы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы тасымалданатыны мәлім.
Ливия жағалауында жарылған танкерге қатысты министрлік пікір білдірді. Ол танкерде қазақстандық мұнай болмаған дейді ведомстводан.
«Ақпарат құралдарында «Ливия жағалауында жарылған танкер Қазақстан мұнайын тасымалдауы мүмкін» деген ақпарат тарауда. Оқиға жекеменшік танкермен байланысты. Нақты ақпаратқа сүйенсек, соңғы жүк Ливия портында тиелген. «Танкерде Қазақстан мұнайы болған» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп жазылған энергетика министрлігі таратқан хабарламада.
Фото: Stefan Sauer/dpa/picture alliance


Ең көп оқылған
