457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Түлкібас ауданын дамытудың жаңа бағыттары айқындалды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Түлкібас ауданына барып, аудан активімен кездесті. Басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өзекті мәселелер мен алдағы мақсат-міндеттер жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын нақты көрсеткіштер негізінде саралап, тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Әсіресе, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды дамыту, экономика салаларын әртараптандыру және туризмді дамыту мәселелері күн тәртібінде болды.

Жиында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев ауданның қазіргі ахуалы бойынша есеп беріп, басқарма басшылары өз бағыттары бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өз сөзінде Нұралхан Көшеров өңірдің экономикалық мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.

Түлкібас ауданының географиялық орналасуы – экономика мен сауданы дамытуға таптырмас мүмкіндік. Өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм – негізгі басымдықтар қатарында. Инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру – басты міндет. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау бар. Ауданның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол. Ендігі кезекте ауыл әкімдері де жауапкершілікті сезініп, салғырттыққа жол бермеуі керек, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердегі қаржылық тәуелділікті азайту және жергілікті жобаларды іске асыру бағытында нақты тапсырмалар берді.

Кездесу барысында туризм саласын дамыту мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыс әкімі Түлкібас ауданының туризм саласындағы үлесін арттыруды тапсырды. Ақсу шатқалында экотуризмді әлемдік тәжірибеге сүйене отырып дамыту қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар туристік аймақтардың тазалығы мен қызмет көрсету сапасына ерекше мән беру туралы нақты талап қойды.

Айта кетейік, биыл туризм саласына 150,5 млн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Сонымен бірге, аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындарға келушілердің нақты есебін жүргізу қажеттігі де баса айтылды. 2025 жылдың алғашқы алты айында Түлкібас ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 37,3 млрд теңгені құрап, 19,6%-ға артқан. Оның ішінде 47,4%-ы – ауыл шаруашылығына, 25,3%-ы – өнеркәсіпке, 17,5%-ы – саудаға, 9,8%-ы құрылыс саласына тиесілі.

Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 356 мың теңгеге жетіп, 49,6% өсім көрсеткен. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 17,7 млрд теңге, оның ішінде мал шаруашылығының үлесі – 17,2 млрд теңге. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнім көлемін 59,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыру жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті екенін еске салды.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі