Белгілі әзілкеш әрі актер Тұрсынбек Қабатов тұңғыш қызы Әдемінің шетелдегі жоғары оқу орнын тәмамдағанына қуанып, осы жолда кеңес берген азаматтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі қызының шетелде білім алуына бағыт-бағдар берген Иманғали Тасмағамбетовті ерекше атап өтті. Сондай-ақ білім саласында қызмет еткен Эльмира Суханбердиеваға да ризашылығын жеткізді.
Тұрсынбек Қабатовтың айтуынша, бір отырыста Иманғали Тасмағамбетов одан қызының қайда оқуға түсетінін сұраған.
"Шыны керек, Иманғали Нұрғалиұлына алғысымды айтқым келеді. Бір отырыста "Әдеміні қайда оқуға түсіріп жатырсыңдар?" деп сұрады. Мен "Қазақстанда оқитын шығар" дедім. Сонда Иманғали аға: "Егер балаларыңды шетелде оқытпасаң, не үшін жұмыс істеп жүрсің, Тұрсынбек? Үй алғаныңа, ішкен-жегеніңе мәз болмаңдар. Қолдарыңнан келсе, балаларыңды шетелде оқытыңдар. Әдеміні шетелге түсір!" деп айтты", – деді ол.
Осы кеңестен кейін Тұрсынбек Қабатов Эльмира Суханбердиеваға хабарласып, архитектура мамандығы бойынша қай елде, қай университетте оқуға болатынын сұраған. Эльмира Амангелдіқызы Дубайдағы Heriot-Watt университетін ұсынып, бағыт көрсеткен. Әзілкеш бастапқыда қызын шетелге жіберуге қобалжығанын да жасырмады.
"Біз қыз балаларды үйден шығаруға қорқамыз ғой. Сонда Иманғали аға: "Қорықпа, балалар керісінше ашылады!" деп айтқан еді. Расымен де, ашылды. Қазір, Аллаға шүкір, өзіміз қолынан жетектеп апарған қызымыз Дубайды бітіріп, бес жылда дипломын алып тұр. Бұл бақыт емес пе? Осыдан асқан қандай бақыт бар?!" – деді Тұрсынбек Қабатов.
Еске сала кетейік, Әдемі Тұрсынбекқызы әкесімен арақатынасы жайлы ашық пікір білдірген еді. Сондай-ақ ол жеке өміріне қатысты қуанышты жаңалығын бөліскен еді.
Сонымен қатар Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Тұрсынбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында әкесімен бірге түскен видеосын жариялаған болатын.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық әзілкеш, актер, КВН ойыншысы және сатира жанрының танымал өкілі. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Ақпәтер ауылында дүниеге келген.
Өнер иесі көпшілікке өткір әзілімен, сахнадағы еркін болмысымен және қазақы қалжыңды шебер жеткізе білуімен танылды. Тұрсынбек Қабатов еңбек жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Ал 2001 жылдан бастап Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, әзіл әлеміндегі кәсіби жолын қалыптастырды.
Ол Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алған. Студент кезінде «Аграрка сарбаздары», «Астана.kz» және «Казахи» КВН командаларында ойнады. Әсіресе «Казахи» командасының құрамындағы өнері оның кеңінен танылуына ықпал етті.
2010 жылы Тұрсынбек Қабатов «Казахи» командасымен бірге Халықаралық КВН одағының Жоғарғы лигасында вице-чемпион атанды. Сол жылы ол ТМД елдерінің «Үздік КВН ойыншысы» атағын иеленді.
Тұрсынбек Қабатов қазақ тіліндегі әзілдің дамуына үлес қосқан сахнагерлердің бірі саналады. Оның әзілдері қоғамдағы өзекті мәселелерді, тұрмыстық жағдайларды және ұлттық мінезді жеңіл әрі әсерлі жеткізуімен ерекшеленеді.
2009 жылы ол Астана мен Алматы қалаларында жеке әзіл кештерін өткізіп, көрерменнің ықыласына бөленді. 2010 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Екі жұлдыз» жобасына қатысып, өнердің басқа қырынан да көрінді. 2011 жылы «Базар жоқ» театрын ашып, әзіл-сықақ саласындағы шығармашылық жұмысын жалғастырды.
Кейін Тұрсынбек Қабатов Астана қаласы әкімдігінің «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының директоры қызметін атқарды. Ол сахнада ғана емес, ұйымдастыру және продюсерлік бағытта да өзін көрсете білді.
Өнер иесі түрлі республикалық КВН ойындары мен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болған. Оның шығармашылық жолында «Тайқазан», «Мыңнан тұлпар», «Елорда» кубогы секілді байқаулардағы жетістіктері бар.
2014 жылы Тұрсынбек Қабатовқа «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» құрметті атағы берілді. Сол жылы ол Казталов ауданының құрметті азаматы атанды. Ал 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен марапатталды.
Бұл марапаттар оның қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан еңбегінің жоғары бағаланғанын көрсетеді. Бүгінде Тұрсынбек Қабатов ел ішінде танымал әзілкеш, сатира жанрының беделді өкілі және қазақ сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі ретінде белгілі.