Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Аманғали Әдемі Тұрсынбекқызы қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Белгілі продюсер Мөлдір Мұқанның әпкесі Айгүл Түлкібайқызы әлеуметтік желіде видео жариялап, қызының Дубай қаласындағы британ университетін сәтті аяқтағанын жеткізді.
"Аманғали Әдемі Тұрсынбекқызы. Сүйінші!!! Британ Университетінде Дубай қаласында архитектор мамандығына 5 жыл оқып бүгін дипломын үздік қорғады. Еңбекқор, білімді, саналы, оқымысты қызымыз халықаралық үлгідегі мықты маман болып жатыр. Сырт елде, шетелде оқу өте жауапты, кейде қауіпті. Жүйе басқаша, емтиханды, сессияны тапсыруына да ұйқысыз түндер өокізіп дайындалып жүретін. Дипломдық жұмысын да жазып жатқанда, бөлек әлем болып кетеді өзә, тек білімге кірісіп, біздерді танымай қалады, өте жауапкершілікпен қарайды. Мамасын қолдай жүріп, сабағын да реттеп жүрген пысық қыз. Алла жар болсын өзіңе", – деп жазды ол.
Бұған дейін Мөлдір Мұқан бұрынғы жары Тұрсынбек Қабатов туралы ұзақ уақыттан кейін алғаш рет ашық пікір айтқан еді.
Айта кетейік, бұған дейін Мөлдір Мұқан бұрынғы жұбайы Тұрсынбек Қабатовпен ажырасуына себеп болған жайттар туралы алғаш рет ашық пікір білдіріп, бұл шешімнің қалай қабылданғанын баяндаған еді. Ол өз ойын журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтқан.
"Он төрт жыл бойы бірге болуымыздың себебі – үзілмеген үміт еді. Бес балам бар, сондықтан отбасыма сызат түскенін қаламадым. Бір күні Тұрсынбектен "Енді не істейміз, ажырасамыз ба?" деген хабарлама келді. Ол алғашқы қадамды мен жасағанымды қалағандай көрінді. Сөйтіп, арызды бірінші болып өзім жаздым", – деген еді ол.
Сонымен бірге ол уақыт өте келе ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас салқындап, өзара түсіністік те әлсірей бастағанын жасырмай айтты.
"Маған өте ауыр тиді, жан дүнием күйзелді. "Біз бәрін бірге бастадық, қалай ажырасамыз?" деген сөздері мені ұзақ уақыт тоқтатты. Бірақ кейін ол үйден жиі кететін болды", – деп еске алды ол.
Соған қарамастан, Мөлдір Мұқан бұрынғы жұбайына қатысты жылы көзқарасын сақтап қалғанын атап өтті. Ол Тұрсынбекті жақсы әке ретінде бағалайтынын айтқан. Дегенмен, арадағы шешілмеген мәселелер мен түсініспеушіліктер некенің сақталуына мүмкіндік бермеген. Нәтижесінде бұл шешім тек ерлі-зайыптыларға ғана емес, олардың балаларының болашағына да әсер еткен маңызды қадам болған.