Блогер Ерболат Жанәбілов сотта кінәсін мойындамады

Астанада блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты сот процесі басталды. Сот отырысы елорданың әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Сот отырысында блогер сөз сөйлеп, ақылы курстар сататынын мойындады. Бірақ блогер жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне иелік ете тұра, олардың нақты қандай қызмет атқаратынын түсіндіре алмады.
Судья автокөлікті сыйға тарту туралы сұрады. Қатысушылардан "үйрену керек пе" немесе жай ғана "курс сатып алу керек пе" деген сұраққа блогер: "Курс сатып алу керек" деп жауап берді.
“Алдымен курсты сатып алады, сосын оны үйренуді бастайды. Біз оның бәрін ЖШС арқылы жүзеге асырамыз. Тұтынушылар сатып алғаннан кейін жеке кабинет ашылады. Жеке логин мен пароль беріледі. Содан кейін платформа қолжетімді болады. Сілтеме арқылы өтіп, курсқа қатыса алады. Осы күнге дейін салық төлеп келдім. Әрі қарай да төлей береміз. Іспен таныстым, бірақ маған тағылған айыппен келіспеймін”, – деп жауап берді блогер.
Тергеу мәліметінше, курстың құны көтеріліп, барлық төлем корпоративтік Kaspi Pay емес, жеке Kaspi Gold шоты арқылы жүргізілген.
Ведомство блогер сатқан курстардың дені 30 мың теңгеден басталатынын айтты. Бүгінде Ерболат Жанәбіловтің курсын 6 мыңға жуық адам сатып алған. Курстың құны – 30 мың теңге. Блогер курсты сатып, сатып алғандар арасында 10 автокөлікті ұтысқа қойған.
Сондай-ақ ойнатылған көліктер мен смартфондардың компания балансына кіргенін растайтын құжат табылмаған. Қазақстанда 2032 жылға дейін лотерея өткізуге тек "Сәтті Жұлдыз" АҚ ғана құқылы.
Осыған байланысты комитет блогерді жеке тұлға ретінде әрекет етіп, "Лотереялар туралы" заңды бұзды деп есептейді.
Сот отырысы барысында Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілдері блогердің курсын сатып алғанын хабарлады.
"Біз егжей-тегжейлі зерттеу үшін курсты сатып алдық. Сатып алған курсымыз Қытайдан тауар әкелу және оларды базарларға қалай сату керегін түсіндіреді. Сатуға қатысты бірнеше дағдыларды да қосқан. Бас-аяғы 9 бейнеролик бар. Курстар формальды", – деді комитет өкілі Асылбек Мұстафаев.
Адвокат Олег Чернов Жанәбілов өткізген акциялар – Zhana Business заңды тұлғасының маркетингтік шаралары, бірақ лотерея емес.
Ол "Лотереялар мен лотерея қызметі туралы" заңның 1-бабына сілтеме жасайды: онда сатылымды ынталандыру мақсатындағы акциялар лотереяға жатпайтыны жазылған. Заңгердің сөзінше, курстар үшін түскен ақша компанияның есепшотына аударылып отырған, сондықтан бұл – корпоративтік акция. Ол мысал ретінде белгілі брендтердің тәжірибесін келтірді: "Мен бала күнімде газдалған сусындарды велосипед ұтып алу мүмкіндігі үшін сатып алатынмын. Бұл маркетинг, лотерея емес".
Черновтың пайымынша, айыптаулар шынайы заңбұзушылықтан емес, қоғамдық резонанстан туындап отыр.
Соттағы негізгі мәселе бір сұраққа тіреліп тұр: ұтыстарды нақты кім ұйымдастырды?
Қорғау тарапы мұны Zhana Business компаниясының акциясы дейді.
Ал комитет керісінше, бәрі Ерболат Жанәбіловтің жеке аккаунттары мен жеке шоттары арқылы жүргізілгенін дәлелдеп отыр.
Демек, сот блогердің әрекетін маркетинг деп пе, әлде заңсыз лотерея деп пе танитыны осы сұраққа берілетін жауапқа байланысты болмақ.
Фото: Kazinform

Ең көп оқылған
