Ондаған көлікті ұтысқа тіккен блогердің ісі сотқа жетті

Желіде бірнеше автокөлік ұтысын жариялаған қазақстандық блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова әрекетін Туризм және спорт министрлігі назарына алды. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Балым Адамиденова мәлім етті.
2025 жылғы 26 тамызда Ерболат Жанабыловқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды және оның адвокатының өтініші бойынша іс Астана қаласының әкімшілік сотына жолданды, - деген хабар алдық.
Әкімшілік істі қарау күні мен орнын сот айқындайды.
Эльмира Төлегенованың «elt6i» аккаунты арқылы әрекетін тексеру жалғасып жатыр, оның қорытындысы бойынша Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті тиісті шешім қабылдайды, - дейді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталған блогерлер Instagram желісінде 11 автокөлікті ойнататынын хабарлаған еді. Шарты да қарапайым көрінген, яғни бар болғаны желіде репост жасау керек. Алайда 21 тамызда қатысушылар тікелей эфирдің орнына құны 30 мың теңге тұратын ақылы бизнес курс сатып алу керек болып шықты. Байқауға қатысу тек сол курсты сатып алғаннан кейін ғана мүмкін болатыны анықталды. Бұл жағдай қатысушылардың наразылығын тудырып, олар құқық қорғау органдарынан аталған схеманың заңдылығын тексеруді сұрады.
Фото: видеодан алынған скрин

Ең көп оқылған
