Колумбиядағы Рафаэль Нуньес атындағы халықаралық әуежайда полиция сирек кездесетін маймылдарды заңсыз алып өтпек болған ер адам мен әйелді ұстады. Олар жануарларды іш киімдерінің ішіне жасырып алған, деп Malim.kz тілшісі Daily Star басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Колумбия құқық қорғау органдарының мәліметінше, 27 жастағы әйел мен 26 жастағы ер адам Доминикан Республикасына ұшпақ болған. Әуежай қауіпсіздік қызметкерлері жұптың күмәнді әрекетін байқап, оларды қосымша тексеруден өткізген.
Тексеру кезінде жолаушылардың киімінің астынан, шат тұсына бекітілген үш маймыл табылды. Олардың арасында екі ақмаңдай капуцин мен бір қызыл ревунның төлі болған.
Кейін мамандар қызыл ревунның төлі тұншығып өлгенін растады. Алдын ала мәлімет бойынша, жануар тар жерде және ауа жетіспегендіктен шыдамаған.
Тірі қалған екі капуцин тәркіленіп, Картахенадағы экологиялық қызмет мамандарының бақылауына берілді.
Билік өкілдерінің мәліметінше, қара нарықта бұл маймылдардың құны 26 миллион колумбиялық песодан, яғни шамамен 6 800 доллардан асуы мүмкін.
Ұсталғандарға қатысты жабайы жануарларды заңсыз сату және табиғи ресурстарды контрабандалық жолмен тасымалдау баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Колумбия заңына сәйкес, күдіктілер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.
Бұған дейін Жапонияда 21 жастағы студент қыз күтпеген жағдайға тап болып, ол қарым-қатынаста болған ер адамның өзінің биологиялық әкесі екенін араға ұзақ уақыт салып білгенін жазған едік. Сондай-ақ Бангладеште әке теміржол станциясында рельске құлап кеткен бір жасар ұлын құтқарып қалған еді. Сонымен қатар Қытайда 24 жастағы Ван Ранран есімді бойжеткен үш айдан астам уақыт комада жатып, үйлену тойына санаулы күн қалғанда есін жиған болатын. Индонезияның Суматра аралында 45 жастағы Сирегар Парлиндунган 60 жастағы көршісі, зейнеткер шенеунік Ирианто Асгимге шабуыл жасап, өлімші етіп сабаған.