«Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті кімге тиімді?

Атыраулықтар таза ауаның қандай болатынын ұмытқалы қашан. Бір аптадан бері «Ақжайық» табиғи резерватында қамыс өртеніп жатыр. Облыс орталығын кеңсірікті қабар ащы түтін басып қалған. Тұрғындар биліктен өңірде төтенше жағдай режимін жариялауды талап етуде, деп хабарлайды Malim.kz.
Төтенше жағдайлар департаменті өрт ошақтарының жедел сөндірілгені жөнінде есеп беріп жатқанына қарамастан, қала тұрғындары 18 маусым, сәрсенбі кешке қарай қаланы тағы да түтін басқанын айтып отыр.
Азаматтық белсенді және эколог Макс Бокаев бірнеше жылдан бері жергілікті билікке үн қатуға тырысып жүр, алайда бұл әрекеттері әзірге нәтижесіз. Белсендінің пікірінше, мәселенің шешімі көз алдымызда тұр. Мүмкін, кейбір адамдар бұл мәселені шешуге мүдделі емес шығар. Бұл туралы ол Malim.kz тілшісіне айтып берді.
– Сіздің ойыңызша, Атырау облысында төтенше жағдай режимін енгізетін уақыт келді ме?
– Бұл шараны бірнеше жыл бұрын енгізу керек еді. Өйткені бұл – «Ақжайық» резерватындағы алғашқы өрт емес. Әділдік үшін айтар болсам, табиғи өрттер тек Қазақстанда ғана емес, дамыған елдерде де болады. Мысалы, Калифорнияда немесе Канада ормандарында. Бірақ олар өрттің алдын алуға тырысады. Ал бізде бәрі үнсіз.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бұл мәселеге байланысты бірде-бір баспасөз конференциясын өткізген жоқ. Бұған дейінгі әкімдер де мұндай брифингтер өткізбеген. Қоғам ақпаратсыз қалуда! ТЖМ тарапынан ашықтық жоқ. Олар брифинг өткізумен шектеледі. Сол брифингтерде ведомство өкілдері тек үстірт мәліметтермен шектеледі. Ал азаматтардың сұрақтарына жауап бергісі келмейді. Бірде бір блогер «Ақжайықтағы» өртке қатысты өткір сұрақ қойғысы келген, бірақ оған мүмкіндік берілмеді. Бұл Экология министрлігіне де қатысты.
Тәуелсіз қоғам белсенділері қалмады. Қалған белсенділердің бірі облыс әкімін қорғаса, енді бірі Экология министрлігін жақтайды, саяси партияларды қолдайтындар да бар. Бірақ халықтың атынан ешкім сөйлемейді. Осы көптеген өрттерге ешкім жауап бергісі келмейді. Оның үстіне, халықты хабарсыз ұстап отыр. Әлеуметтік желідегі есептерінде ТЖД өрттің аумағын әдейі азайтып көрсетуі мүмкін. Мұндай манипуляцияны журналист Кирилл Павлов спутниктік суреттер арқылы әшкерелеген еді.
– «Ақжайық» резерватындағы қамыстың жану мәселесін біржола шешу үшін қандай шаралар қажет?
– Жыл сайын Каспий теңізінің жағалауында көктемде қамыс өседі. Кейбіреулер бұл өсімдікті қоға деп атайды. Бірақ бұл маңызды емес. Маңыздысы – оның жақсы өсетіні. Биіктігі 3–4 метрге дейін жетеді. Бұл – біржылдық өсімдік, яғни бір орында жыл сайын қайта өседі. Бәлкім, тамыры сақталады. Бұл тамырларды бір рет шауып тастауға болар еді. Ол үшін арнайы техника бар. Облыс әкімдігі неге осы техниканы сатып алмайды?!
Сонымен қатар, шабылған қамысты кәдеге жаратуға болады. Одан құрылыс материалдарын жасауға болады. Жас қамысты мал азығы ретінде пайдалануға болады.
Жүйелі шаралар қажет. Мен бұл туралы жүздеген рет айттым, жауапты органдардың өкілдеріне қарапайым нәрселерді түсіндіруге мәжбүрмін. Бұдан бөлек, өрт шығатын жерлерде арнайы өртке қарсы қорғаныс жолақтарын жасауға болар еді. Сондай-ақ, өртті бақылау мұнараларын орнату керек еді.
Екі жыл бұрын кезекті өрттен кейін билік митинг өткізуге рұқсат берді. Мен сөйлеуді қаладым, бірақ ұйымдастырушылар маған сөз бермеді. Мен өртті анықтайтын арнайы датчиктер туралы айтпақ едім. Иә, мұндай датчиктерді ақыры орнатты, бірақ тек жуырда ғана. Ал сол уақытқа дейін қаншама өрт болды?!
Менің тағы бір ұсынысым – өртті сөндіру үшін су айдайтын құбыр жүргізу. Бұл қиын емес, бірақ өртпен күресте уақытты айтарлықтай үнемдейді.
– Өрттердің жиі қайталану себебін таба алдыңыз ба? Үнемі қызыл жалынның тұтануын немен түсіндіруге болады?
– Нұсқалар көп. Ең қарапайымынан бастап, түрлі конспирологиялық нұсқаларға дейін. Соңғылары көбірек. Бұл – ТЖД мен облыс әкімдігінің әлсіз ақпараттық жұмысынан туындап отыр.
Бір нұсқа бойынша, өртті браконьерлер ұйымдастырады. Каспий бойында қамыстың ұзындығы 2–3 км-ге дейін жетеді, яғни жағалауға жол жоқ. Бұл нағыз джунгли іспетті өткел бермейтін жерлер. Сондықтан браконьерлер судың жанына жету үшін қамысты өртейді. Тағы бір теория – браконьерлерді кейбір мемлекеттік органдардың басшылары «қолдайды», сондықтан бұл тақырып жиі жабық қалады.
Ақпараттың жоқтығынан кейде тіпті фантастикалық болжамдар тарайды. Атыраулықтар арасында мынадай бақылау бар: өрттер ауаның ластануы шекті деңгейге жеткен кезде шығады. Мысалы, бір жолы өрт кезінде ауадағы күкірт сутегі мөлшері 10–20 есеге артқан.
Сондай-ақ, өртке Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) қатысы бар деген қауесет бар. Яғни, зауыт басшылығы ауаға тарайтын зиянды заттарды өлшеу кезінде қамысты әдейі өрттейді-мыс. Сол арқылы ауадағы ластану көрсеткіштерін өртпен түсіндіру оңайға соғады.
«Бұл зауытқа не үшін керек?» деп сұрасаңыз – 2018 жылы сол жерде ауа тазалайтын сүзгілер орнатылған, бірақ олар жұмыс істемеген. АМӨЗ басшылығы бұл сүзгілердің істемейтінін біліп тұрғанымен, бәрібір орнату туралы қағаздарға қол қойған. Ол сүзгілердің құны ондаған миллион теңге болған.
Темірлан Құспаев
Фото: azh.kz

Ең көп оқылған
