Бестеректегі қайғылы жағдай: екі бала ауруханадан шығуға дайын

Бестеректе болған жол апатынан зардап шеккен екі баланың жағдайын дәрігерлер «қанағаттанарлыққа жақын» деп бағалады, деп хабарлайды Malim.kz.
Санавиация арқылы Астанаға жеткізілген балаларды ауруханадан шығуға әзірлеп жатыр.
«Қажетті емдеу-диагностикалық шаралар жасалды. Балалардың шағымы жоқ. Жалпы жағдайы жақсы. Тәбеті жақсы. Белсенді. 2025 жылғы 4 қыркүйекте шығаруға дайындалып жатыр», – делінген Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Ауыр жағдайына байланысты Астанаға жеткізу мүмкін болмаған қыз балаға да дәрігерлер бақылау жасағаннан кейін, 23 тамыз күні санавиация арқылы Үржардан Семейге жеткізілді. Оның жағдайы өте ауыр, комада жатыр. Дегенмен, ведомство барлық қажетті емдеу-диагностикалық шаралардың жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, 19 тамыз күні Бестерек ауылында Toyota жүргізушісі үй қақпасының жанында, жолдың шетінен 10 метр жерде тұрған балаларды қағып кеткен. Оқиға кезінде екі бала оқиға орнында, біреуі медициналық мекемеге барар жолда көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қайтыс болған балалардың жасы 2 мен 7 жас аралығында болған. Жарақат алған үш баланың жасы – 6-дан 9 жасқа дейін.
Үржар аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, 55 жастағы жүргізуші ұсталды. Медициналық сараптама оның апат кезінде мас болмағанын анықтады. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп, қайғылы жағдайдың себебі мен мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ең көп оқылған
