Бестеректегі жол апаты: зардап шеккен балалардың жағдайы айтылды

Абай облысының Үржар ауданында ЖКО-дан зардап шеккен балаларға бүгінгі таңда барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараулардың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады.
Стационарда зардап шеккен үш бала бар, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр деп бағалануда.
Пациенттер жағдайының ауырлығы алынған жарақаттарға байланысты. Балаларда бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.
Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады, — делінген ДСМ хабарламасында.
Пациенттердің біріне дәрігерлер бригадасы қазір миға күрделі нейрохирургиялық операция жасап жатыр, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағының бортында медициналық бригада ұшқан болатын.
Команданың құрамында-нейрохирург, травматолог және реаниматолог бар.
Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр. Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, еліміздің үздік мамандары тартылған.
Айта кетелік Абай облысында болған жол-көлік оқиғасына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін әскери ұшақ жіберілген еді.
Фото: ДСМ

Ең көп оқылған
