Жаңа мамандық. Моушн-дизайнер деген кім?

Malim Media апта сайын сіздерді алдағы бірнеше жылда нарықта сұранысқа ие болатын мамандықтармен таныстыруды жалғастырады. Бүгін моушн-дизайнер Бейбарыс Бақтаевпен тілдестік.

Ақниет Аманжолқызы

  • 08.06.2022

- Моушн-дизайнер деген кім? Және ол не істейді?

- Ағылшын тілінен аударғанда motion – қозғалыс, design – дизайн. Яғни моушн-дизайнер белгілі бір затты қозғалысқа түсіретін дизайнер. Қазір дизайнның ондаған түрі бар: графикалық дизайн, web-дизайн, 3D дизайн дегендей. Мысалы, суретші болады. Ол ағаштың суретін салады. Бұл бір ғана кадр. Ал бір секундта 25-30 кадр. Моушн-дизайнер сол кадрларды жасауы керек. Егер ағаштың өзін толық қозғалта салсақ, ол дұрыс көрінбейді. Сондықтан әр жапыраққа, бұтаққа мән беріп, оларды қабат-қабатымен бөліп, жарықтың түсуін бақылай отырып, жеке-жеке қозғалысқа түсіру керек. Оған позиция қойылады, екі нүкте, мысалы, ағашты оңнан солға қарай тербетеміз. Кейде ол тапсырыс берген адамға ұнамай қалып, ол мүлдем басқа жолмен жасауды сұрайды, сол кездер де жаңағы жұмысты толық қайта өшіріп, мысалы, жоғарыдан төмен қозғалыс көрсетеміз.

- Бұл мамандықты қай жерден алуға болады?

- Көбіне курстардан үйренеміз. Онлайн немесе офлайн форматта бола береді. Бірақ біздің елде бірнеше жерде ғана естідім, мұндай курстар туралы. Көбіне шетелдік курстарды қараймыз. Дұрыстап отырып іздеген жағдайда тегін курстарды да тауып алуға болады. Мен өзім барлығын Youtube-тен қарап тегін үйрендім.

- Сізге бұл салада маман болу туралы ой қалай келді?

- Мен университетте журналистика мамандығында оқығанмын. Университеттің өзінің студиясы болды. Сол жерде кішігірім сюжет түсіріп жүрдік. Ол сюжеттердің бәрі бір-біріне ұқсайтындарын түсіндім. Жаңа, ерекше жұмыс жасағым келді де, Youtube-тен видеолар қарап, басқа жерлерде видео түсіріп жұмыс істеп көрдім. Оған да қол үйренгенде, видеоларыма Vfx (анимация) қосқым келді. Видео Vfx  жұмыстарын жасайтын компанияға кірдім, сол жерде осы саланы толықтай үйреніп алдым. Қазір мен 2D-дизайн жасай аламын. Онда түс және жазу болса, соның жазылуы ерекшеліктерін таңдай білу керек. Енді қазір 3D-дизайн жасауды үйреніп жүрмін. Ол жерде жарықты бөлек қоясыз, яғни оператор ретінде көзқарасың, қолтаңбаң болу керек. Vfx-те бәрін нүктелермен білгілеп, алып, графикамен қозғалыс бағытын сілтей алу керек.

- Бұл саланың болашағы бар ма?

- Саланың болашағы өте үлкен. Қазір көбіне моушн-дизайнерлер жарнама жасау кезінде керек боп жатады. Аудитория да визуалға, видео-контентке көп назар аударып жатыр. Қазір компаниялардың барлығы әлеуметтік желіні жақсы жүргізуге тырысады, ал видеоға сұраныс көп болғандықтан, дизайнерлер жұмыссыз қалмайды.

- Моушн-дизайнер болғысы келетін адамға қандай кеңес берер едіңіз?

- Оқу тек оқу. Курстарға жазылу. Бірақ ол жастарға қымбар болуы мүмкін. Себебі курс бағасы кемінде 150 мың теңгеден басталады. Бірақ курстарды сатып алудың да қажеті жоқ, Youtube-ті ашсаңыз, қажетті видеолар толып жатыр.

Бұл мамандықта төзім мен талғам керек. Себебі программада белгіленген мүмкіндіктерден бөлек өзің түстерді, жарықты өзгерту арқылы жаңа бір эффект шығара аласың. Бірақ ол үшін ұзақ уақыт, мұқият жұмыс істей білу керек. Және басқа адамдардың жұмыстарын қарап жүру керек, үйрене беру керек. Дизайн саласы күн санап дамып жатыр, сондықтан оқудан шаршамау керек. Одан бөлек, жақсы жабдық керек.

- Біздің елде моушн-дизайнердің жұмысы бағалана ма?

Негізі сауатты моушн-дизайнерлер кадрына ақша алады. Мысалы, бір кадрға 10 доллардан басталса, бір секундта 30 кадрдай бар десек, есептей беріңіз. Біреулер жұмыстың көлеміне қарап алады. Негізі 3D дизайн жасайтын болсақ, орташа есеппен бағасы 300 мың теңге болады. Бірақ біздің елде моушн-дизайнерлерді бағаламайды. Оған көп ақша жұмсағысы келмейді. Сондықтар бір видеоға шамамен 15 мың теңге ғана береді. Қазір көзқарас өзгеріп келе жатыр. Мысалы, кішігірім компанияларда штаттағы моушн-дизайнерлер бір жыл бұрын 200 мың жалақы алса, қазір 300 мыңнан кем алмайды. Бірақ жоғары да айттым ғой, суретшінің жасаған жұмысын моушн-дизайнер әрі қарай жалғастыру керек деп. Біздің елде олай емес, бізде бәрін бір адамның мойнына артып қойғанды жақсы көреді. Сондықтан моушн-дизайнерге бір компанияда отырып жұмыс істеген тиімсіз. Одан да бір роликке 100-200 мың сұрай алатын дәрежеге жетіп, тапсырыс алып жұмыс істесе, айлығынан әлдеқайда көп таба алады. Біздегі мамандардың 70%-ы аутсорсинг жасайды.

- Бәсекелестік бар ма?

- Осыдан екі жыл бұрын мүлдем маман жоқ болған. Қазір конкуренция артып келеді. Мысалы, біздің моушн-дизайнерлер ғана отыратын онлайн тобымыз бар. Сол жердегі 18-20 жастағы жігіттер Ирина Қайратовнаның немесе шетелдік Трэвисс Скотт, Asap Rocky секілді жұлдыздардың бейнебаяндарының Vfx  жұмыстарын жасайды. Сондықтан біз өзіміздің атымызды танытып, жақсы жұмыс істесек, өз елімізде отырып-ақ әлемнің кез келген компаниясынан тапсырыс ала береміз. Бірақ кейін қалып қойдық. Мысалы, бұл салады бізден 10 жыл ерте дамыды. Менің жоспарым болып еді, Украинаға барып оқып келсем деген. Енді қазір жұмыс істеп жатқан компанияда 3D дизайнды үйреніп, содан кейін өмір сүруге ыңғайлы болатын бір елге барып, осы салада магистратура оқып келсем деп жүрмін. Венгрия немесе Польшаға баратын шығармын.

Бастысы бұл шығармашылық жұмыс болғандықтан, жасайтын жұмысың өзіңе ұнауы керек. Мен мысалы, тойға шақырту жасауға немесе партиялардың қызметін көрсететін видеоларға тапсырыс алмаймын. Себебі оған қызығушылығым жоқ.

Байланысты жаналықтар

«Болашақ» тізіміне жаңа 40 мамандық қосылды

19.04.2022
MalimBlocks
«Болашақ» тізіміне жаңа 40 мамандық қосылды

Болашақ бағдарламасындағы мамандықтар тізімі инновациялар, жаңа технологиялар, медицина, индустриялды инженерия және жаратылыстану ғылымдары бойынша толықтырылды. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығының» төрағасы Әнуар Жанғозин жазды.