Жеңістің 80 жылдығы: 500-ден астам көшеге елеусіз қалған қаһармандардың есімі беріледі

Malim Админ

  • 24.04.2025

Президент Қасым-Жомарт 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған қаһармандардың есімі берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.   

Қазақстанда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен аталып өтеді.


"Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам", - деді Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының бүгінгі сессиясында. 

Оның айтуынша, Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз.

"Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Президент Жеңістің 80 жылдығына дайындық бір жарым жыл бұрын басталғанын еске салды.

"Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі" жоспары да қабылданған болатын. Соның аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ал құрметті ардагерлерге айрықша көңіл бөлінеді.

"Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады", - деді Тоқаев.

Айта кетері, әскери шеру Астанадағы Тәуелсіздік алаңында 7 мамырда өтеді.

Фото: Закон кз