Жұмағали Маханов: «Импровизация өзіңе де, көрерменге де ләззат сыйлайды»

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 17.04.2021

­­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрының актері Жұмағали  Маханов көрермендерге бала образында кеңінен танымал. Әкемтеатрдың сахнасында осы жасына дейін жиырмадан аса баланың бейнесін сомдаған актер қаншама жеткіншектің өнерге ынтасын оятып, үміт сәулесін жақты. Сахнаның қыр-сырын айтқан актер өз әріптестері туралы да жақсы лебіз айтты.

Аға, сіздің бейнеңіз біздің санамызда «Бес бойдаққа бір тойдағы» кенже баланың бейнесімен қалыптасты. Өзіңіз де жас көрінесіз. Ал келесі жылы сіз 60-қа келесіз. Жастық туралы ойыңыз қалай? Көрерменнің ойындағы сияқты өзіңізді жас сезінесіз бе?

Солай да шығар деп ойлаймын. Алдымыздағы үлкен кісілеріміз айтып кеткен ғой: «Адамның өзі қартайғанымен, көңілі қартаймайды». «Көңіл, шіркін, жиырма бес» дей ме?! Сол сияқты, көңілім жиырма бес. Бір жағынан өзің айтқан «Бес бойдаққа бір той» бар, басқасы бар – бас-аяғы жиырма шақты баланың образын орындадым ғой деймін. Соның да әсері болған шығар мүмкін. Қанша дегенмен күнделікті сол образды ойлап жүресің ғой. Бір-екі сағат ойнап шыққан кезде, сол сезімді сезініп жүресің ғой. Мүмкін сондықтан да менің бойымда сол балалық әлі де болса бар деп ойлаймын. Екінші жағынан, Алланың берген мінезі де сондай шығар деп ойлаймын. Негізі мен өзімді ақсақал болып, ақыл айтатындай жасқа кеп қалдым-ау деп онша сезінбеймін.

– Дегенмен келесі жылы алпысқа келесіз? Шошыта ма сізді?

– Ешқандай шошытпайды. Жаңа айтып өттім ғой, мен сезінбеймін.

– Жауапкершілік ше?

– Жауапкершілікті сезінем. Ол нәрсенің бәрін ойланбайтын адам болмайды деп ойлаймын. Жас келген сайын жасына сай, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, өзін-өзі ұстауы, сөз саптауы өзіне үйлесімді болуы керек қой. Ол сырттай ғана емес, шынайы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Құдайға шүкір, екі немерем бар. Солардың алдында мүлде бөлек болам, кейде театрға келгенде, әріптес-құрдастарымның алдында мүлде кейде он бес жасқа түсіп кетуім мүмкін. Біз пендеміз ғой, адамбыз ғой.

– Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірдіңіз. Кімнен оқыдыңыз?

– Ұстаздарым КСРО Халық әртісі Шолпан Жандарбекова апайымыз біздің курс жетекшісі болды. Кураторымыз Татьяна Қасымқызы Наурызбаева деген ұстазым болды. Екінші анамдай болған. Ерте қайтты ол кісі, 50 жасында. Асанәлі Әшімов ағамыздан дәріс алдым. Есім Сегізбаев деген ағамыз болған. Ол кісі де жақында дүниеден озды. Тілектес Мейірланов ағамыз бізге сабақ берген. Ал енді Дариға Тұранқұлова Жүргенов атындағы өнер академиясының сонау біздің студент кезімізден алдыннан бері сабақ берген. Сол кісінің алдында «Сахна тілі» пәнінен дәріс алдым. Осы кісілердің атын айтып өтуді жөн көріп отырмын. Себебі алдыңғы буынның жақсылығын ешқашан ұмытпауымыз керек. Кейінгілерге де сондай жақсылықты қолдан келгенше істеуіміз керек. Ал олар оның қадірін біле ме, жоқ па – өз ақылдарына байланысты.

– Қай ұстазыңыз жеке өзіңізге жақын, жеке өзіңізді тәрбиелеп, өнерге жетектеп алып келді?

– Бұл жерде бір адамның ғана атын айта алмаймын. Көп адамның маған өнерде септігі тиді. Біріншіден, мектеп бітіре салып, ауылдан келген кезде, сол оқуға түсіп кетуіме себепкер болған, түрімді көре салып маған сенген. Бойымда менің ешқандай дайындық болған жоқ: не қара сөзден, не ысқақ оқудан, не ән айтудан. Не болмаса өнерім тасып тұрған жоқ, көрініп тұрған жоө еді деп ойлаймын. Өйткені мен жаттап та үлгерген жоқпын сол дүниелерді. Алматыға келгенімде бір-ақ апта қалған. Енді-енді жаттай бастаған кезде, экзаменге кірдім, асып-сасып ештеңе көрсете алмадым. Сол кезде маған көмек көрсеткен кураторымыз Татьяна Қасымқызы Наурызбаева болды. «Осы балаға сенейікші, осы баланы алайық». Мен өзім де өзімнің әкемнің суретін көрсетіп кітаптағы. Ғазиз Абишевтің «Қазақтар Ұлы Отан соғысында 1941-1945» деген кітап бар. Соның ішінде әкемнің суреті мен екі бет ерліктері, туған жылы, туған жері жазылған кітап бар еді. Соны ала келгем өзімнің шамамды біліп. Болмай жатса, әкемнің суретін көрсетем деп. Ауылда әкем де қарсы болды: «Балам, осы оқуға бармай-ақ қойсаңшы. Ол мамандық тұрақты мамандық емес қой, шырағым-ау. Артист болып, жыл он екі ай ел аралап жүретін болсаң, бала-шағаңды кім асырайды, кім тәрбие береді? » деген сияқты ол кісінің айтқан ойы дұрыс қой деп ойлаймын. Сол кезде мен әкеме айттым: «Әке, барып көрейінші. Өзімнің талайымнан көрейін. Түссем, түстім, түспесем, келесі жылы сіз айтқан оқуға барам кез келген». Сонымен әкем қинала-қинала болса да, менің соншалықты құмарлығымды-құштарлығымды көріп, «Жарайды, балам» деп батасын беріп, шығарып салды. Бірақ ол кісі ойлаған жоқ оқуға түсе қояды ғой деп.

– Көрсеттіңіз бе әкеңізді?

– Иә. «Сен бара ғой, дайындығың нашар екен, келесі жылы келе ғой, шырағым» деп айтқан кезде, сол кездегі Жүргенов театрының профессорлары, үлкен-үлкен ұстаздары Н. Жантөрин, Ы. Ноғайбаев, Ш. Жандарбекова, А.Тоқпанов ағамыз бәрі түгел отыр. Шығып бара жаттым да «Мынау менің әкем еді, Ұлы Отан соғысының батыры, осы кісінің баласы едім. Өнерге келуіме қарсы. Бір жылға мұрсат алып келдім. Бұл кісі келесі жылы жібермейді. Маған сенсеңіздер, сенімдеріңізді ақтаймын» деп тебіреніспен айттым. «Шыға тұр. Оқимыз» деді. Қайтып келген кезімізде Татьяна Қасымқызы Наурызбаева тұрып алыпты. «Мен сенем бұл балаға. Дайындығы нашар болғанымен, алып кететініне сенем» дер сол кісі бірден-бір  оқуға түсуіме себепші болған.

Екінші, институт бітіріп жатқан кезімізде, Әуезов театрына келуіме бірден-бір себепші болған курс жетекшісі, төрт жыл бойы сабақ берген, анамыздай болған Шолпан Исабекқызы Жандарбекова. Сол кісі бір күні келіп айтты: «Бізде театрда Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» Әзірбайжан Мәдиұлы қояйын деп жатыр. Соған баланың образына актер іздеп жатыр. Сен келесің ғой. Сондықтан сен тез-тез монологыңды жаттап, дайындал, мен оған ертіп барам» деді. Бір аптадан кейін ертіп келді. Әзекең көрді-дағы, менің бойымнан бірдеңе көрді ме, рөлді маған беріп, тағдырым солай шешіліп, Әуезов театрына келдім. Ал әйтпесе ол кезде Әуезов театрында қалу мүмкін емес болатын. Менен небір екі есе бойлары ұзын, әдемі, сымбатты, батыр тұлғалы, Қозыны ойнайтын, Қодарды ойнайтын небір жігіттер қала алмай жатқан кез. Мен тіпті Атырау, ол кездегі Гурьев театрына барам деген ойым 3-4 жігіт: Бақытжан Әлпейісов бар, Әмір Смағұлов бар. Біз өзімізше ұйғарып, шешіп те қойған болатынбыз. «Біз Гурьев театрына барамыз» деп.  

– Әуезов театрына қалу қиын болды дедіңіз ғой. Қыста барғанымда, біраз суреттің жаңарғанын көрдім. Біраз жастар келіпті. Ал қазір қалай, аға, театрға жастардың келуі, сезінуі, түсінуі сахна дегенді?

– Мен салыстырмалы түрде айтып тұрмын. Әлі де Әуезов театрына кіру, қабылдану өте қиын деп ойлаймын бір жағынан. Бірақ тура біздің кездегідей емес сияқты ма деген ой келеді. Өйткен себебі ешкімнің көңіліне келмесін, бізден кейінгі кездері солай болды ма, бізде басшылықта жұмыс істейтін кісілер сабақ береді ғой Жүргенов институтында. Сол кісілер өзінің шәкірттерінен көбірек алып қалады. Мен соны байқаймын. Дұрыс, мен түсінем төрт жыл оқытқаннан кейін, дәріс бергеннен кейін сол баланың бойынан өнерді, бұлақ көрсең көзін аш деген сияқты, соның бойынан жақсы нәрсені көргеннен кейін, басқа адамды көрмей қала ма деген ой келеді маған. Сөйтеді-дағы әйтеуір өзінің шәкірттерінен біреу болсын, біреу емес, үш-төртеу алады. Тек өзінің оқытқан шәкірттерінен. Әрқайсысы. Тек қана біреуіне ғана тән нәрсе емес. Міне осы нәрсеге қарсымын. Мен өзім ұстаз болмағандықтан осылай айтып отырған шығармын мүмкін, бірақ мен ұстаз болсам да басқалардың шәкірттерін де қарап көрер едім деген ой келеді маған.

Мысалға келтірейін, Әзекең де, Әзірбайжан Мәдиұлын айтып отырмын, ол кісі де кезінде дәріс берген режиссурадан әрине. Менің студент кезімнен де байқап жүргенім, кейіннгі театрға келгеннен кейін де білетінім, біздің театрдың тарихынан білетінім – Мүлік Сытыбаев, Айкен Мұсабекова апамызды Қарағанды театрынан алып келген. Кейін Әнуар Молдабеков ағамыз бен Имашева Баян апамыз екеуін Қарағанды театрынан алып келген. Мен студент боп жүрген кезімде болса керек, «Қарагөз» спектаклін қоятын болып, сол Қарагөзге актриса іздеп, Арқалық театрынан, қазіргі Жезқазған театры болды, Шолпан Байғабылова деген актрисаны алып келген. Сол сияқты айта берсең, кейіннен 90 жылдардың көлемінде өзіміздің Мүсірепов театрынан, ТЮЗ-дан Бақытжан Әлпейісовты алды, Бақтияр Қожа, Кеңес Нұрланов, Болат Әбдіманов, Ғазиза Әбдінәбиова сияқты. Ол кісі театрлардан кемеліне келген актерларды да алатын, тек қана жастарды ғана емес, мен кейде ойлаймын осы нәрсе қалай екен деп. Бір нәрсеге толық қарсымын деп қалудан да аулақпын.

–  Шалқар деген актер қайтыс боп кетті ғой, сол кісі сияқты жастардан жалынды бір актер шықты ма жалпы?

– Ішінде жүргеннен кейін өзім мен оған сыншы бола алмайтын шығрамын деп ойлаймын. Көбінесе оған көзім жеткен себебі: Студент кезімізде біз курста оқып жүрген өзіміздің сырлас, пікірлес, көзқарасы бір азаматтармен Әуезов театрына болсын, ТЮЗ-ға барып тұрамыз. Келгеннен кейін, бір спектакльден кейін отырып алып талқылаймыз. Сонда біз көбінесе көңіліміз толмайтын, Осы Әуезов театрына. Неге бәрі даусын жуандатып, сөйлейлң. Бір қарсылық болды біздің ішімізде. Неге бір орыстың актерлері сияқты қарапайым өмірдегідей сөйлемейді. Осы ағымға бір қарсылық туындай бастаған едң. Мүмкін ол біздің алдымызда да болған шығар. Бірақ Сол бір қалыптасқан школа болды ғой мектеп. Барлық спектакльде емес, оның өзінің орындалатын орны болады. Қобыландыда сен қалай олай сөйлемейсің. Қобыланды спектаклінде оның өзінің үні болады, ол дәуірдің өзінің үні болады. Ал енді мынау бүгінгі күннің спектаклінде солай сөйлеп қалған кезде «ой, бұл жерде бұлай сөйлеп қажет емес қой» деген сияқты. Сол нәрсемен Болат Атабаев ағамыз келген кезде, сол нәрсемен күресті. Әуезов театрына бірден-бір басқа үн әкелген сол кісі. Сол кісінің еңбегі жемісін әкелді деуге болады. Біздің алдымыздағы ағамыз Мүлік ағаның өзін ол кісі «сындырды». Қай спектакль екені есіме түспей тұр, «Мүлік аға, олай емес былай сөйлеңіз, қарапайым сөйлеңіз» деп отырып. Актер қанша дегенмен, алады ғой, қабылдайды. Мен риза болдым. Содан кейін Вампиловтың «Старший сынын» Дәмеш  деген ағамы кеп қойды. Сол спектакльде мен Мүлік ағаны мүлде басқа қырынан көрдім. Бұрынғы образдарына мүлде ұқсамайтын. Спектакльдің өзі керемет болатын, революция деп айтуға болады.

– Қазір сол қарапайымдылық тағы да жоқ боп кеткен сияқты жастарда, жасандылық бар.

–  Жаңа сөзім бөлініп кетті негізі. Сол пафосқа қарсы болып жүрдік дедім ғой. Содан кейңн мен Әуезов театрына келгеннен кейін, Бақытжан Әлпейісов ТЮЗ театрында қалды оған да Алла Тағала бұйыртып. Аптасына бір рет, екі рет бірге квартира жалдап көрші тұрдық. Күнде кешкісін келеміз де, ол өзінің ТЮЗ-да болып жатқан спектакльдеріндегі болып жатқан процессті, болып жатқан жағдайларды,  жаңалықтарды айтады, мен өзімнің Әуезов театрында не қойылым болып жатыр, сондағы режиссураны – отырып алып талдаймыз. Кейіннен қарасақ 10 жылдан кейін бе, мен бұрынғы көретін, көзіме ұрып тұратын кемшіліктерді көрмейтін болған сияқтымын. Өйткені ішінде жүргендіктен, адамның еті өліп кете ме, етің үйрене ме? Мен сондай нәрселерді өз бойымнан байқадым. Өзің сияқты азаматтар «Неге пафоспен сөйлейді?» деген кезде, өзім оны байқамайтын болыппын. Ол сырт көзге көрініп тұрады негізі.

Тағы бір біздің актерлерден байқағанымыз: біз орыс актерлерінің де сұхбаттарын қараймыз. Оларда процеске жақындық, өзінің табиғатына жақындық бар. ал біздің актерлер сұхбат бергенде де, сөйлегенде де образда отырады. Жай сөйлей алмайды. Мақалдап, көркемдеп, дауыс қойып. Оның керегі не? Ол Сен емессің. Сухоруков айтады: «Мен қазір биігірек орындыққа отырып алып, аяғымды айқастырып алып сөйлей аламын. Бірақ ол мен емеспін ғой. Ол маған екі есе қиын, өйткені мен өзім болмай, Басқа Сухоруков болып, басқа бейнеде отырып сендермен сұхбаттасуым керек. Оданша осылай отырайын». Біздің актерлерге де қарапайым болмай, жасанды сұхбаттасқан екі есе қиын емес пе? Неге бізде жай сұхбаттасқанда да жасанды?

– Ол неден туындайды деп ойлайсың? Меніңше, ол өзін еркін сезінбегендіктен болады деп ойлаймын. Сахнада шынайылық неден пайда болады болмаса жасандылық көрініп тұрады ғой көрерменге.  Актердің жасанды ойнап тұрғаны не шынайы екендігі.  Өз ойым актер өзі істеп тұрғанына толық сеніп тұрған кезде, көрермен оған еріксіз сенеді, ол не істесе де сенеді. Ол сахнада сөзін айтпай бір сағат тұрса да, шынайы бір қимыл не әрекетін жасап тұрса, бір сағат қарауға дайын. Себебі ол оған сенеді, өйткені актердің өзі сеніп тұр істеп тұрған нәрсесіне. Сахнада бір дәрменсіздік болады актерде. Қай кезде? Тіпті мейлі ешқандай сөзің жоқ, ешқандай іс-әрекетің жоқ, құр халықпен бірге көптің бірі болып, жүздің ортасында тұратын ғана сахна дейік. Сен оны білмейсің. Режиссердің қойған талабын білмейсің, ол жерде не болғанын білмейсің, не жағдай болып жатыр, кім-кімнің қасы, кім-кімге дұшпан білмейсің. Жаңадан келген актерге «сен шық. Көппен бірге тұрасың», – деді де, шығарып жіберді. Шыққан кезде, жүздің ішінде сол актер көрініп тұрады. Себебі ол білмейді, қайда келгенін білмейді, тұрған жері қай жер, қай оқиға, қай заман , мына тұрған адамдар кім екенін білмегеннен кейін, ол актер көрініп тұрады. Өйткені оның көзі алақтап тұрады. Адамның көзі – айнасы деп бекер айтпаған. 19 қатардан көрінеді. Өйткені ол орысша айтқанда, «беспомощный». Не істеп, не қоярын білмейді, қолын қайда саларын білмейді, ол сол сәтте сол жердің адамы емес. Ол көзге шыққан сүйел боп тұрады. Сен сахнаға шыққанда өзің істеп тұрған нәрсеңе толық сенген кезде, көрермендерге ойнамайсың. Жылқы құлынын емізген кезде, бір мамыражай, алпыс екі тамырын иіп тұратын сәті болады ғой. Сондай сәт болса актерде, шіркін-ай дейсің. Өте сирек болады. Кез келген спектакльде ондай сезіну кездесе бермейді. Ол деген рахат қой.

– Өз-өзіңді ұмытасың ғой?

– Өз-өзіңді мүлде ұмыту дегенге мен онша сенбеймін. Ол өтіріктеу нәрсе. Қанша дегенмен өзіңнің Жұмағали екеніңді біліп тұрасың ғой. Бірақ сен ана оқиғаға сенгеніңе рахаттанасың да, одан сайын шабыттанасың. Сол жерде туындайды кейбір сценарийде жоқ нәрселер. Ойыңа сақ ете қалады, өйткені сенің алпыс екі тамырың иіді ғой. Сендің ғой, сол кезде ойыңа келген оқыс нәрсені әріптесіңе тастайсың, ол да оны қағып алып, жерге түсірмей, іліп кеткен кезде, содан рахат дүние жоқ.

– Сондай рахат кез болды ма сізде?

– Болды. Импровизация деп аталады. Кейде өзіңнің әріптесің, партнерің күтпеген нәрсені беріп кеп жібересің ғой. Күтпеген жерден ойыңа сақ ете қалады ғой. Және сен қосқалы тұрған нәрсе сол оқиғаның ауқымына керемет бір жақсы қан құйғалы тұрғанын сезесің. Келіп тұрғанын сезген кезде, партнеріңе оны беріп кеп жіберген кезде, ол да қабылдай қойып, шошынбай, сенің ойыңа ары қарай ой қосып, жалғастырып әкеп өзіңе басқа нәрсені әкеп лақтырған кезде ең рахат дүние осы.

Мысалы, «Бес бойдаққа бір той» жақсы спектакль ғой, бүгінгі күн деп айтуға болады.  Ол жерде біз әрқайсымыз өзімізді бала кезімізді сезініп, соншалықты сенетініміз, бәріміз ауылдан шықтық, бәріміз бала болдық, әпкеміз бар, ағамыз бар деген сияқты, еркелігімізді еске түсірдік. Мен сол жерде Жамбыл образында 95 пайыз Жұмағалимын десем, өтірік емес. Көп қылықтарымды өзімнен алам, өйткені  өзіңнен алмасаң, ол жасанды боп қалады. Біріншіден, өмірдегі әрі інім, әрі образдағы әкем Ақылбай шалды ойнаған Бекжанның талантына таңғалам. Бекжанға шалды берді, маған кенже баланы берді. Бекжан бірінші күннен бастап, қолға рөлді алып, стол басында бәріміз рөлдерімізді бірігіп оқыған күннен бастап, Бекжан дайын шал болды. Бекжанның өзінің шал екеніне 100 пайыз сенен кезде, сен қалай өзіңді бала сезінбейсің? Ал егер Бекжанға сенбесем, менен де шықпас еді.

Сол спектакльде менің мектептен келетін кезім бар екінші акттың басында. Ылғи екінші акттың басына қарай сахнаның әкеп қоятын маған костюм беретін кісі. Неге екенін білмейм сол күні мектепке киетін «школьная форма» дейді ғой, сондай ақ көйлек жоқ. Жоғалып қапты енді, жууға кетті ме екен, не керек кішкентай өзіме шақ көйлегім жоқ, аяқ астынан таппағаннан кейін бір көйлекті ала салып, іліп қойған болса керек. Келе сап , шығайын деп тұрм, киіп қалсам, жеңі ұзын көйлек, қолы салбырап тұр. Мүмкін сәл кішісін табуға болар ма еді, егер ол кісінің уақыты болғанда. Ұзын көйлекпен тұрмын, Әубікңр аға тұр пульттің қасында, тура шығатын жерімізде. «Әубәкір аға, мынаны қараңыз, не болды?» - дедім, ол кісі де «Жарайды енді бірдеңе қыла сал енді. Оправдай», - деді. Содан ойыма бірдеңе сақ ете қалды. Бекжан да ондайға өте епті жігіт қой. Жеңімді түймелеп алған болдым да, сахнаға шықтым. «Әй, келдің бе, балам?» дейтін жері бар, «не болды», «Қосымша сабақ болды». Үндемей, сөйлемей отырып алдым. Менің айтатын сөзімді айтпай отырғаннан кейін ол да бірдеңе сезді ме: «Не болды, ей, не болды?» - деді шал. «Мен ертең мектепке бармаймын». Ондай жоқ. «Неге бармайсың?» Тұра сап орнымнан жеңімді босата қалып: «Ой балалардың бәрі көкеңнің көйлегін киіп кепсің ғой деп күліп жатыр ғой», - деп ем, Бекжан мырс-мырс етіп, халық енді шулап жатыр. Бекжан қас қағым сәтте ойланып алды да: «Ей, қайдағы көкеңнің? Бұл ағаң Нарболдың көйлегі ғой, ештеңе жоқ. Біріңнің көйлегіңді бірің киіп өскенсіңдер». Мен дайынмын ғой оған қарағанда, дайындалып тұрмын ғой. «Қайдағы Нарболдың, бұл Нарболдың құдалықтан киіп кеоген көйлегі қой», - дедім. Халық одан сайын күліп жатыр, Бекжан әрең тұр. «Ештеңе жоқ, Бәріміз біріміздің көйлегімізді біріміз киіп өскенбіз. Бар сөмкеңді қойып қайтып кел», - деді. Енді ол кезде спектакльдің 3-4 көрген көрермендері болған. Олар жаңағы жаңалыққа дән риза болды. Ол бұрын жоқ нәрсе ғой.

Енді бір күні келсем. Сахнаға әдейі үлкендеу нәрсе алып шығамыз өзіңді кішкентай етіп көрсету үшін. Сондай қулық бар сахналық. Үлкен портфельді алып шығатынмын. Ол енді басқа спектакльдерде де қолданылады. Қарасам, шет-шетінің бәрі ақжем боп кеткен ағарып. Мектеп баласының ұстайтын сумкасына келіңкіремейд. Әубәкір аға отырады ылғи. Ол кісі әр спектакльде отырады: қадағалап отырады, біткеннен кейін өзінің ойын айтады. Әубәкір ағаға келдім де: «Мына спектакльдің жүргеніне біраз болды. Бір портфельді ақтайтындай ақша тапты ғой. Айтсаңызшы сатып әперсін бір үлкендеуін. Басқалары бар жаңалау, бірақ олар кішкентай, мені үлкен ғып көрсетеді», - дедім. «Айтуындай-ақ айтам осы. Ұмытып кетеді. Енді бірдеңе қыла салсайшы. Оправдай», - деді. Оо дедім де, жаңағы көйлекті айтатын жерде шықтым да, көйлекті айтып болдым. «Бар, ештеңе жоқ», - деген кезде, «Енді мынаны қарашы, мынаны қарашы», - деп портфельді ары-бері сілкілей бастадым. Бекжан білді тағы бірдеңені бүлдіретінімді: «Әй, не болды, не болды», - деді. «Балалардың бәрі бухгалтер деп күліп жатыр ғой» деп ем, Бекжан да күлді, халық та қырғын болды. Міне осы сияқты импровизация деген осындайда туындайды да. Былай қарасаң спектакльдің ауқымынан шықпайсың. Оған қоспаса, алып тұрған жоқ ештеңе. Одан сайын әке мен баланың ортасындағы еркелік пе, бір-біріне деген іңкар сезім, еркелеу бар – бәрі бар. Көрерменнің көңілін жібітетіндей, мейіріммен қарайтындай. Сондай бір сәттерден туады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

MalimBlocks
Әйгілі актриса ескерусіз қалмасын!

Есімі елге кеңінен белгілі, өнерін халық іздеп жүріп көретін актер Бекжан Тұрыс Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке өте орынды ұсыныс жасап отыр