135 адам ату жазасына кесілген – Қытай қазақтары көрген қуғын-сүргін        

Олжас Қасым

  • 17.10.2022

Қазақ жерінде үздіксіз жүргізілген қуғын-сүргін миллиондаған адамның өмірін  жалмады.   Екі бірдей төңкеріс, екі мәрте болған алапат аштық, азаматтық соғыс пен ұлт қаймақтарын қынадай қырған нәубеттер қазақ халқын сандық, сапалық тұрғыдан аса ауыр зардапқа душар қылды. Ұлтымыз оның ауыр салдарынан бүгінге  дейін еңсесін тіктей алмай келеді. Бұл зұлмат пен оның қасіреті Атажұрттың қазіргі аумағында ғана емес, сол дәуірлерде шекарадан тыс өмір сүрген қазақтарға да қатысты. Ата-бабасы кеңестік кесір саясаттың қыспағынан арғы бетке өткен, өзі де осы аласапыран кезеңнің ақиқатын ақтарып жүрген қаламгер, қоғам қайраткері  Жәди Шәкенұлымен осы тақырып төңірегінде әңгіме  өрбіттік.


- Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте Шығыс Түркістандағы саяси қуғын-сүргін көрген қазақтарды да айналып өтпесіміз анық. Ол жақтағы нәубет көрген қазақтарға байланысты тарихи әділдік орнады деу қиын шығар...

- Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы айтқанда іздеген жоғымыздың бәрі де хаттай болып қағазда тұр деуге келмейді. Мұрағаттарда жоқ, қаншама жерде қазақтың басы шашылып қалды. Шекара асқаны бар, аса алмай қырылғаны бар, барған жерінде де қуғын көргені бар, қым-қуыт тарихтың ізіне түсу тым қиын. Соның ішінде мемлекеттік комиссияның құжаттарды ақтарып, мұрағатпен жұмыс істеуі бір қарағанда қажеттілік саналғанмен, екінші қырынан жалаң бағыт саналады. Айталық, өзім туып-өскен арғы бет Алтай туралы айтар болсам, қуғын-сүргін құрбандары аяқ алып жүргісіз деуге тұрарлық, көп болды. Көбі аттың жалы, түйенің қомында кетті. Тағдыры тарыдай шашылды. Кеңес одағы сол кезде халықты түгендеу түгілі, өзінің бұлдыр болашағының іргесін де дұрыс қалай алмай, тәлтіректеген күймен өмір сүріп жатыр еді. Балапан басында, тұрымтай тұсында болды.

Қазіргі біздің қуғын-сүргін құрбандарын түгендеген сауалымызға да арғы бет ағайыны дұрыс жауап бере алмайды. Онсыз да саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған, бірінің аузын бірі баққан қиын күйде. Байтал түгіл бас қайғы болып отырғанда «менің тарихым осылай еді» деп ешкім де айта алмайды. Көкірегінде толқыған көз жасын ішіне жұтса да үнсіз. Жоқтаусыз кеткен ерлерге, сайда саны, құмда ізі жоқтарға ешкім жауап бере алмайды. Олай болса жұмыс тәсілінде тың көзқарас, жаңа ізденіс бағыты, заңдық негіздеме, елдер арасында қарым-қатынас дұрыс болуы керек.

- Сіздің шығармашылығыңыз жөнінде сөз қозғағанда, алдымен  «Қаралы көш» романыңызға  тоқталамыз. Гималай асып, Такламакан шөлін басып, бас сауғалаған жерлестеріміздің қилы тағдыры бір романға сыймайтыны белгілі. Қаралы көш тудырған қайғы-қасірет, орны толмас ойсыраулардан не түйдік?

- «Қаралы көш» қасіреті - отансыз жетімдердің көз жасы. Азаттықтың аспанына талмай ұшқысы келген әлсіз торғайдың жан шырылы. Ұлт рухын, тектік ұжданын жойғысы келмеген, құл болуды қаламаған боздақтардың басын оққа байлаған көзсіз ерлігі. Түркінің көк бөрі ұғымын, қасиетін қанына сіңірген далалық көкжалдардың қар мен мұз бетін сойдақтаған қанды ізі.

Біз, енді, қазір қалаймыз? Тәуелсіздік, еркіндік, қол жеткен азаттық, өз шаңырағың – бәрі шексіз бақыт! Одан асқан байлық та жоқ. Соған қолымыз жетті, өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, көсегеміз көгерді. Олай болса, азат Отанның әр тал шөбі, әр түйір топырағы – біз үшін аса аялауға тиісті киелі құндылық. Өзімізді жоғалтып алуға болмайды, өткеннің үні («Қаралы көш» қасіреті) құлағымызға әр күні сыбырлап, осындай ең үлкен байлығымызға тәубе етуді еске салады.       

- «Оспан батыр» және «Оспан», «Елісхан» атты деректі зерттеу кітаптарыңыз терең ізденістен туған туындылар деп білеміз. Көбінесе, Оспан, Елісхандарды ұлт батыры ретінде ғана танып келдік. Алайда, олардың батырлығының арғы жағында көмескі тартып жатқан саясаткерлік, идеологтық, елді біріктірушілік қырларын Сіздің еңбектеріңізден бағамдадық. Тұлғалардың ерлік істері қандай елдік мұраттарды оятты?

- Оспан, Елісхан сынды ерлердің жауға бас имес рухы, қайтпас  қайсарлық қасиеті, ел үшін еміренген жүрегі – кешегі Толыкөк, Білге қаған, Күлтегін сынды дала ерлерін еске салады. Жүректерінде иненің жасуындай жамандық жоқ – алаш рухының арғы бетке асқан алдаспаны сияқты. Олар отансыз өмірдің боздақтары. Елдік мұрат жолында етікпен су емес, қан кешкен ерлер, аты ауыздықпен су ішуге де дәрмені жетпей, Такламакан шөлінде дәм-тұзы таусылған, Гималай жонында қалған бейнетті өмірдің бейуаз көсемдері. Өрісі отқа оранған Кенесары рухының араға ғасыр салып, қайта бас көтеруі және де сол трагедияны біле тұра қайталаушылар.

Ұрпақ бойында елдік мұраты биік болса, жауға бас имейтін ерлік қуаты үстем, намысшыл болса – олар Отанның адал қалқандары болады. Аты аталған тұлғалар өз өмірі мен өлімі арқылы сондай алтын аңыздың әліппесін жазушылар. Мұрат-мақсаты – ел мен жер үшін азаттықтың ақ жолында өле-өлгенше күресу болды. Бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа бұдан артық қандай өнеге керек?!      

- Қуғын-сүргін, қыспақ 1969 жылдары да жалғасыпты. Оның бір дәлелі - Шығыс Түркістан төңкерістік партиясы». Қазақтардың басын қосуды көксеген ұйымның тағдыры өкінішпен аяқталғанын естиміз. Осы қозғалыс жөнінде айтыңызшы...

- 1966 жылы Қытайда «мәдениет зор төңкерісі» атты көзсіз қозғалыс жүргізілді. Онсыз да еңсесі езілген шағын ұлттар өзінің еркіндігі мен азаттығы жолында күресуге бел буып, 1967 жылы Үрімжі мен Қашқарда жасырын ұйымдар құрылып, әрекеттене бастады. 1968 жылы ақпанда бұл ұйым Шынжаң көлемінде ресми түрде біртұтас ұйым болып құрылды. Ұйымның негізгі жетекшілері ұйғыр ұлтынан құралса, қазақ сынды өзге де түркі мұсылмандары жаппай ұйымға кірді. Олар  – Кеңес Одағына сүйеніп, Шынжаңның дербестігін жүзеге асыру, «Шығыс Түркістан Республикасын» құруды мақсат етті. 1969 жылдың соңына жеткенде ұйым мейлінше күшейді. Оның ұйымдық жүйесі бүкіл Шынжаңдағы 12 аймақ, облыс, қала және ШҰАР-дағы 22 өлке дәрежелі орындарға дейін кеңейіп, мүшелер саны 1500-ден асты. Шынжаңда Қытай билігін аударып, тәуелсіз мемелекет құру нысанасын көздеді.

Шығыс Түркістан халықтық төңкеріс партиясы Алтай бөлімшесі жан-жақтан қару-жарақ жинап, киім-кешек әзірлеп, азық-түлік дайындады, әрекет картасын сызып, қарулы көтеріліс тудыруға қамданды. Оның құрамында Қызырбек Оралов, Сейітхан Әбілқасымұлы, Мәннан Дәлелханұлы сынды қазақ қайраткерлері болды. 1969 жылдың соңғы кезеңі мен 1970 жылдың наурызына дейін ұйым мүшелері бірінен соң бірі  қолға түсті. 5 мыңнан астам адам ұсталды, тергелді, жазаланды. 135 адам ату жазасына кесілді. Алтайдан Қызырбек, Мәннан, Оспанжан, Еменақын сынды адамдар атылды.

Түптеп келгенде, бұл күрес Қытай мемлекетінің адамдық құқықты аяқ асты етіп, шағын ұлттарға ойына келгенін істеген жантүршігерлік жазалауларынан туындаған еді. Қайда езгі болса, сонда қарсылық дегендей, қарсыласқан күштер бәрібір де жеңіліске тап болды. Дегенмен де, Қытай комунистік партиясы басшылығындағы жаңа мемлекет тұрғысынан алғанда, бұл ең үлкен қарсылық идеясындағы партиялық топ және олардың жасырын күресі ретінде тіркелді. Қуғын-сүргін түгілі, жанын аман алып қалуға дәрмені жетпеген талай боздақ қапияда басынан айырылды. Қайда барса Қорқыттың көрі дегендей, кешегі күні Кеңес одағынан қуғын көргендердің тұқымы араға жарты ғасыр салып, Қытай  билігінің құрбандарына айналды.

Сіздің «Тұлпарлар дүбірі» атты кітабыңызда Батырхан Құсбегин, Қызырбек Оралов, Сейітхан Әбілқасымұлы басқа да  тұлғалардың мәдени төңкеріс кезінде түрмеге жабылып, тіпті Қызырбек Ораловтың ату жазасына кесілгенін білдік...  Бұл зиялы азаматтардың шығармашылық мұралары Қазақстанға толық жетпей жатқан сияқты...

- Қызырбек Оралов жайында сөз қозғау да жеңіл-желпі тақырып емес. Себебі, оның өмір жолы өте ауыр болды. Не бәрі 32 жасында 1970 жылы атылып кетті де жырлары құртылды. Өзін ауызға алуға, шығармашылығын дәріптеуге тиым салынды. Әліге дейін ақталмады, жабулы қазан жабулы күйінде  тұр.

Кезінде Шерхан Мұртаза секілді Қазақстан қаламгерлерімен хат жазысып, «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында өлеңдері басылған.  Ақынның асау шабытпен арпалысқан отты шағы, жалынды жас күні 1955, 1956, 1957 жылдар десек, бұл мезгіл Кеңестік қазақ ақындарының  Шынжаң жағымен жақсы қарым-қатынастағы кезеңі еді. Ақын өлеңінен оның Сағи Жиенбаев, Ғали Орманов сынды қазақтың лирик ақындарын көбірек оқығаны байқалады. Жалаң еліктеу емес, қатарласа шабатын додадағы жүйріктей ерекше екпін танытады.

Бір өлеңінде:

Өзенге орманның боз талы,

Малады үкілі балағын.

Келеді алаулап жез таңы,

Мен сүйген кәдімгі даланың, – деп жырласа, «Ертіс Жағасында» өлеңін:

Шымырлап суы көк айдын,

Ағады Ертіс жосылып,

Жағада жасыл тоғайдың,

Теңселген суы қосылып.

Шабақтың күміс бауыры,

Жалтылдап судың шетінде.

Қағылды Ертіс дабылы,

Толқындар тулап бетінде..., – деп бастайды да, ары қарай сол Ертіспен бірге сыңғырап сылдырай жөнеледі.  «Үліңгір» өлеңінде де:

Көкқасқа толқындарын құндақтаған,

Тұп-тұнық көлдің бетін күн қақтаған.

Мүлгиді жиектегі ойшыл қамыс,

Үкідей шоққа таққан бұлғақтаған, – деп төгіледі ақын.

Ақынның туа біткен қасиетінің бірі – табиғатты, айналадағы аспан, жер, жасыл әлемді жан тәнімен сүйетіндігі десек, Қ.Оралов та сол дала бесігінің құндағына кіріп алып, өзі де өлеңге айналып бірге тербелген ақын. Менің қолымда Қызырбектің әлі жарық көрмеген бір кітабы тұр.

Сейітхан Әбілқасымұлы 1969 жылы Моңғолияға қашып өтіп, 1992-жылы атажұрт Қазақстанға келген. 1999 жылы қайтыс болған. Атамекенге оралғаннан кейін жазушы қаламынан туған «Оспан батыр», «Ақ иықтың ақырғы балапаны», «Қуғын» атты кітаптары жарық көрген.

Шынжаң зиялыларның басынан өткен зұлмат, жастайынан жазықсыз жаламен Тарым жаза лагеріне айдалуы сынды қиын күндер талай қаламгердің тағдырына балта шапты.

Сол қатарда Батырхан Құсбегин де 1968-1983 жылдары жазықсыз жаламен Тарым жаза лагеріне айдалды. 1983 жылы ғана бостандыққа шықты. Оның қаламынан  «Жан» (5 том), «Зуқа  батыр» «Пана», «Кешулер» сынды кесек романдар туды. Көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлы 1959-1979 жылдар солшыл саясат кезінде «ұлтшыл» атанып, еңбекпен жазалау лагерінде болды.

Ақын Задақан Мыңбаев 1958 жылы ШҰАР институтының тіл-әдебиет факультетін бітірер кезінде оған «Оңшыл, ұлтшыл» деген  қара-күйе жағылып, күреске тартылып, ауыр жұмысқа  жегіліп, 1960 жылға келгенде Тарым жаза лагеріне айдалған. 1975 жылы ауылына қайтарылып, 1980 жылы ғана ақталған.

Мағаз Разданұлы 1958 жылы солақай саясаттың кесірінен жаланың құрбаны болып, жиырма жылдық өмірі жазалау лагерінде өткен. 1979 жылы ғана атақ-абыройы қалпына келген. «Алтайдың ақиықтары», «Сары бел», т.б. сүбелі шығармалары қалды.   

Ақын Серік Қапшықбайұлы да сол жылы «Солшылдықтың» сойылына жығылып, «Ұлтшыл, оңшыл» ретінде танылып, жаза лагерлерінде ауыр еңбекке шегілді. 1979 жылы ғана ақталды. Ата жұртқа келіп, 2018 жылы бақиға аттанды. Қуғын-сүргін, қиянат, жазықсыз жала көрген қаламгерлерді тізбелеп кеткенімнің бір себебі – олардың шығармашылығы қазақ топырағында әлі де болса кең таралуы керек деп қарағандығымнан. Әрбірінің өмір жолы мен шығармашылығы арнайы  зерттеуге тұрарлық. Бұлар ғана емес, Шынжаң қаламгерлерінің қасіреті туралы айтар әңгіме тіптен көп.

- Өнер қайраткері Тайыр Белгібайұлы туралы сұрағым келеді. Кезінде атақты күйші Мұхтар Әуезовпен кездесіп, Ахмет Жұбанов Тайырға өз қолымен домбырасын сыйлаған екен...

- Тайыр Белгібайұлы– Қытайға қарасты Алтай аймағында өткен әйгілі күйші. 1956 жылы тамызда 5 одақтас  республикада өнер сапарында болып Кеңестер Одағындағы қазақ көрермендерін де тәнті еткен.

Алматы сахнасында Дина Нұрпейсованың «Әсем қоңыры» мен өзінің «Жаңа шабыт» күйін орындаған. Бұл жөнінде ертеректе «Социалистік Қазақстан» газеті жазған. Сапарлай келген ұжымның жастарын әйгілі Мұхтар Әуезов қабылдаған кезде Тайыр Белгібайұлы мен Дәнеш Рақышұлының аты-жөндерін сұрап, өз естелігіне қалдырған екен. Тайырдың өнеріне дән риза болған академик Ахмет Жұбанов өз қолымен домбыра сыйлапты.

Белгібайұлы Бейжіңдегі Орталық радио қорына халық күйлері мен өз күйлерін, жалпы 48 күйді радионың алтынқорына жазып қалдырған екен. Халқын күймен көтеріп, әнмен әлдилеген Тайыр Белгібайұлы соңына «Ақ арал» бастаған 23 күй мен «Аспан көлім - Қанасым» сынды 12 ән қалды. Қазақ елінде жарық көріп жатқан күй жинақтарында да Тайырдың тартқан күйлері мен «Ақ арал» сынды туындылары енді. Бұл да қуанышты жаңалық.

- Дүрбелең тудырған саяси жағдайлардан қаншама қазақ отбасы бас сауғалап, әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылғаны беліглі.  Солардың ішінде Сіздің де әулетіңіз бар екен...    

- 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда Кеңес одағының билігі орнады. 1918-1919 жылдары қызыл үкіметтің ресми өкілдері Зайсан ауданында да өз билігін жүргізе бастайды. Мұрағат құжаттары бойынша Зайсан қаласына тұңғыш рет Кеңес үкіметінің орнауы 1918 жылдың 22 ақпаны деп көрсетілген.

Ел ішіндегі аласапыран  тұсында Есіркеп елінен шыққан Егеубай батырды орыстар «мылтық көтеріп бізге қарсы күрес ұйымдастырғалы жүр» деген жаламен Сайқан тауының ішіндегі қарағайдың арасында жазықсыз атып өлтіреді. Біздің ауылға орыс солдаттары келіп, елге қоқан-лоққы жасайды. Сөйтіп, атам Мұқай енді қашып құтылмаса өздеріне бір тықырдың таяп келе жатқанын әбден сезінеді.

Сөйтіп, Мұқай ауылы 1919 жылдың күз мезгілінде шекарадан аман-есен арғы бетке – Қытай аумағындағы Алтайға асады.

Артта қалған туыстарымыз 1920 жылы және 1928 жылы екі дүркін арғы бетке көшіп өтті.

20-дан астам кітабыңыз жарық көріпті. Ендігі уақытта зерттеу  һәм проза бағытында қандай еңбектер жарияға шығады?

- Көне түркі дүниесіне қатысты бірнеше зерттеу еңбектерім бар. «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабым жарық көрді. «Көне дүние күмбірі» кітабым жазылып жатыр. Балалар әдебиетінің теориялық негіздері хақында да зерттеу кітабын жазып аяқтадым.

Біздің арғы-бергі тарихымызда бұрмаланған беттер көп. Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин сынды қаламгерлер тарихи тақырыпта ұлы тұлғаларды кейіпкер етіп алу арқылы, ұлт әдебиетіне ғана емес, ұлт тарихына да елеулі бетбұрыс жасаған еді. Менің шығармашылық бағыттарым да да Кеңес одағы және Қытай цензурасына ұшыраған тарихи тектік, түптөркіндік тақырыптар, ірі тұлғалар хақында қаузап жүргендерім бар. Жалпы кітап оқымай, қалам ұстамай отыра алмаймын. Қазақ тілінің иін қандырып, түркілік текпен, мұсылмандық жүрекпен, әдебиеттік, тарихтық ен-таңбамен сөз тербеуді басты мақсат етемін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

24.07.2024

Рада Украинадағы мобилизация мен әскери жағдайды ұзартуды мақұлдады

23.07.2024

Тоқаев Мәсімовке рақымшылық жасау мәселесіне нүкте қойды

23.07.2024

Тоқаев еңбек демалысына шықты

23.07.2024

Мемлекет басшысы Мысыр Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

23.07.2024

АҚШ президенттігінен үміткер Камала Харрис кім?

22.07.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды

Рада Украинадағы мобилизация мен әскери жағдайды ұзартуды мақұлдады

Соғыс жағдайын жалғастыру үшін 339 дауыс берілді

Тоқаев Мәсімовке рақымшылық жасау мәселесіне нүкте қойды

Мәсімовтің өтініші президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияда қаралды

Тоқаев еңбек демалысына шықты

Айта кетейік, 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 тамызда еңбек демалысына шығып, бір апта демалды. 

Мемлекет басшысы Мысыр Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

Тоқаев Әбдел Фаттах Ас-Сисидің жауапты қызметіне толағай табыс, ал бауырлас мысыр халқына құт-береке тіледі.

АҚШ президенттігінен үміткер Камала Харрис кім?

Оның мұндай қадамға баруына президент Джо Байденнің додаға қатысудан бас тартуы себеп болған. Бұл туралы NBC News хабарлады.