Әшімбаев, Абаев, Балаевалар – ығысып бара жатқандар

Елнұр Бақытқызы

  • 04.05.2020

Тоқаев Дариға Назарбаеваның өкілетін не үшін тоқтатты? Бүгінгі ауыс-түйістердің астарында не жатыр? Осы сұрақтарды саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым СӘТПАЕВҚА қойып көрдік.

– Досым мырза, сенбі күні Тоқаев аяқ астынан сенат спикері Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатқанда, "оның орнына кімнің келетініне қарап, ауыс-түйіс Назарбаевпен келісілген-келісілмегенін байқаймыз" деген едіңіз. Сонымен, бүгінгі ауыс-түйіс нені көрсетті?

– Бүгінгі ауыс-түйіс барлығы бұрынғы президент Н.Назарбаевпен келісілгенін көрсетті. Барлық тағайындалған тұлғалар – жоқ жерден шыққан адамдар емес, мемлекеттік қызметте бұрыннан жүргендер. Мысалы, Мәулен Әшімбаев өзінің саяси мансабын Н.Назарбаев кезінде жасады, ішкі номенклатура Әшімбаевты жақсы біледі. Ол ұзақ уақыт бойы бірінші президенттің командасында істеді, былтырдан бері екінші президент командасында жұмыс істей бастады. Оны жүз пайыз Тоқаевтың адамы деуге болмайды, сөйте тұра қазір Н.Назарбаевтың адамы деуге де келмейді. Бірақ Мәулен Әшімбаев саяси болашақ тұрғысынан алғанда, Тоқаевқа арқа сүйеген жөн екенін, өйткені бұрынғы президенттің дәуірі өтіп бара жатқанын түсінеді.  Дегенмен Мәулен Әшімбаев радикалды емес, компромисті тұлға. Оның кандидатурасы Ақорданың да, кітапхананың да көңілінен шығады.

Ал Дәурен Абаевқа келсек, ол бір мезетте екі кеменің басын ұстағысы келетіндей әсер қалдырады. Ол кітапханаға жұмыс істеуге тырысып, сөйте тұра Ақорда тезистерін де қатар айтып жүр. Бұрын Абаев мемлекеттік пропаганданы жеткізетін министрлікті басқарса, енді оны мемлекеттік пропаганданы жасап шығаратын қызметке тағайындайды. Абаев та саясатта бұрыннан жүрген, номенклатураға жете таныс, сондықтан бұл кадрлық тағайындау Ақорданың да, кітапхананың да көңілінен шыққан. Асылы, Абаев барған қызмет министрліктен де маңызды. Неге десеңіз, президент әкімшілігінің жетекшісі ішкі саясатқа жауапты бірден-бір тұлға, оның үстіне экономикалық бағдарламаларды да бақылауда ұстайды.

Аида Балаева да  тура Мәулен Әшімбаев сияқты қазір Тоқаев командасына ығысып бара жатқан адам. Сондықтан бұл тағайындау оның жұмысына берілген сый-марапат іспетті. Мәулен Әшімбаев та іс жүзінде сондай сый-марапат алып отыр. Былтыр ол Тоқаевтың штабында белсенді жұмыс істеді, Тоқаевтың сенімді өкілі болды.

Шын мәнінде, осы тағайындаулардан белгілі бір балансты байқауға болады. Жаңа қызметке келген үш адам кітапханаға да, Ақордаға да жете таныс, бірақ қызмет ауыстырғандардың көпшілігі саяси болашағын Тоқаевпен байланыстыру керектігін жақсы түсінеді. Осы үш тұлғаны да біріктіретін ортақ нәрсе – олар басқарушылардың жаңа буыны, бұрынғы президенттің ескі гвардиясын бірте-бірте алмастыра бастаған партноменклатураның жаңа толқыны. Бұл процесті бұрын да байқадық, бірақ Назарбаев өсірген номенклатураның жаңа толқыны биліктегі жетекші қызметтерге келе бастады. Биліктің жоғары эшелонында жаңа басқарушы элита қалыптаса бастайды деген сөз.

Алайда астын сызып айтатын нәрсе,  олардың бәрі жас бола тұра, Назарбаев кезіндегі ескі номентклатурада пісіп жетілді. Яғни жас болса да, басқарудың ескі дәстүрін басшылыққа алатындар. Асылында үшеуінен де осыны байқауға болады. Өйткені олардың ешқайсысы еш уақытта жария саясаткер болған емес. Бірақ Дәурен Абаев министр болған соң телеарналарға жиі шығып, тіпті кейде биліктің баспасөз қызметшісі болған кездері болды. Дегенмен олардың бәрі еш уақытта нағыз бәсекелестік, бәсекелі саяси ортаны көрмеген, оның не екенін білмейтін номенклатуралық ойыншылар.  Бұл тағайындаулар бір жағынан елде кадрлық ауыс-түйіс жасауға келгенде қосымша ойыншылар жоқ екенін көрсетті. Сондықтан жаңа тағайындалған адамдар өздерін қызметте жақсы көрсетсе, болашақта Тоқаевқа етене жақын адамдар тобын қалыптастыруы мүмкін. Оларды тағайындау Тоқаев осы саясаткерлерге бәс тікті, өз командасының ықтимал ойыншылары ретінде қарастырып отыр деген сөз.

– Сонда бұл президент Тоқаевтың позициясы күшейіп жатқанын көрсете ме?

– Олай деуге болмас. Қос билік – дефиниция жағынан дұрыс емес түсінік. Қос билік елде шешім қабылдайтын екі орталық бар, олардың мүмкіндігі бірдей, тең дегенді білдіреді. Алайда Назарбаев тірі тұрғанда ол үнемі барлық шешімге, мейлі ол кадрлық болсын, мейлі ол экономикалық бағдарламаның іске асуына болсын араласады дегенді айттым. Сондықтан қос билік жоқ. Тоқаевтың белгілі бір әрекет ететін алаңы бар, онысын кеңейтіп те жатыр. Былтырмен салыстырғанда, биыл мүмкіндігі кеңейе түсті. Бірақ кітапхана Тоқаев үшін қашанда тежеуші фактор болып, өз ойынын бастауға мүмкіндік бермейді. Назарбаев саяси алаңнан кеткенде ғана Тоқаев белсенді әрекет ете бастайды.

Біз Ақорда, кітапхана туралы көп сөз қозғаймыз да, бюрократиялық аппаратты ұмыт қалдырамыз. Ол үлкен, ебейдейсіз, нашар жұмыс істесе де, маңызды рөлдегі ойыншы.  Ақорда я кітапхана тапсырма берсе де, оны орындайтын – бюрократиялық аппарат. Тіпті Назарбаев кеткенде де Тоқаев бюрократиялық аппаратты қайтетінін шешуі керек. Өйткені ол аппарат саботаж жасауы мүмкін. Бірінші президент отырыстарда үнемі "анау жасалмады, мынау іске аспады, ақша қайда кетті, ақша ұрланды" деген сияқты саботаждарды тізетін. Яғни ол саботаж Тоқаевқа да жасалуы мүмкін.

Былтыр бизнес элита отбасыға қарсы қоятын ықтимал ойыншы бар ма деп қобалжыды. Ол уақытта ешкім болмаған еді. Енді қазір заңды статусы бар Тоқаев шықты. Сондықтан отбасы мен Назарбаевтың жақын айналасының билікке келуін қаламайтын бизнес элита Тоқаевты қолдайды. Сондықтан нағыз билік транзиті былтыр емес, алдағы уақытта, Назарбаев саясаттан кеткенде болмақ. Барлық қызық алда.

– Егер тағайындаулар экс-президентпен келісілген болса, Дариға Назарбаева не себепті қызметінен кетірілді?

– Дариға Назарбаеваны не үшін кетірді деген сұраққа жауап бермес бұрын оны былтыр неге осы қызметке тағайындады деген сұраққа жауап берген жөн. Дариға Назарбаеваның былтыр сенат спикерлігіне келуі, меніңше, ең алдымен оның өз бастамасы болды. Ол әкесіне өз кандидатурасын лоббилап, отбасы мүшесі ғана мұрагерлік пен Тоқаевқа қарсы күштердің балансын қамтамасыз етеді дегенге сендірді. Назарбаев мұнысын байқап, сынап көрейік деп топшыласа керек. Меніңше, Дариға Назарбаева жұмысты алып кете алмады.

Дариға Назарбаева бұған дейін де саясатта белсенді әрекет етіп, артынша  ығыстырылған кездері болды.  "Асар" партиясының мысалын алсақ та жеткілікті. Меніңше, кітапхана Дариғаның ел ішінде де, элита арасында да танымал емес екенін түсінді. Әсіресе, карантин біткен соң әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлайды, халық наразылығы күшейеді. Сондықтан Тоқаевқа өз беделін көтеріп, әлденені өзгертуге тырысып жатыр деген пікір қалыптастыру үшін популистік қадамдар жасау керек. Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатып тастап еді, Тоқаевтың абыройы артты. Көпшілік мұның саяси технология екенін түсінбейді. Ол да ойынның бір түрі. Тоқаевтың халық алдында легитимділігін арттыру үшін жасалған нәрсе. Өйткені алда билік үшін күресте Тоқаевқа легитимділік керек. Ол толықтай элитаға арқа сүйей алмайды. Өйткені элитаның бір тобы оны қолдаса, енді бір тобы оны қолдамауы да мүмкін. Сондықтан оған қоғам қолдауы да керек.

– Сіз бұл кадрлық шешімдердің бәрі Н.Назарбаевпен келісілген дедіңіз. Сонда экс-президент Дариғаны кетіргеннен Тоқаев ұпай жинайтынын түсіне тұра, бұған жол берді ме?

– Бәлкім, Назарбаев соңғы сөзін әлі айтқан жоқ шығар. Мүмкін, қазір бәріне жағатын кадрлар тағайындап, әзірге үзіліс алып, белгілі бір жоспар құрып жатқан шығар. Бірақ адамның дегені басқа, Алланың дегені басқа ғой. Назарбаев бәрін іске асырамын, өз отбасын, айналасын қорғап қала алатын айла жасап үлгеремін дегенге шын сенеді. Бірінші президент қазір не істесе де, енді оның айтарлықтай мән-маңызы болмайды. Өйткені ол кеткен соң ахуал мен ойын ережесі күрт өзгереді. Алысқа бармай-ақ Өзбекстанды мысалға алайық. Ислам Каримов Назарбаев сияқты алдын ала қам жасамады, билікті ауыстырып үлгермеді. Орнына келген Шавхат Мирзиеев бәрін өзгертті, элитаны қатты тазалады. Қырғызстанда Сооранбай Жээнбеков те өзіне қауіп төндіруі мүмкін ойыншылардан құтылды. Тәжікстан мен Түрікменстан да солай. Қазақстанның осы елдерден айырмасы шамалы. Түрікменстанмен салыстырғанда жұмсақ авторитаризм шығар, бірақ авторитаризмнің табиғаты сол, билік қолына тиген соң, онымен ешкім бөліскісі келмейді. Барлық айлаға салып, билікті ұстап қалуға, қорғап қалуға тырысады. Ол үшін қауіпті ойыншылардан құтылу керек, сосын ымыраға келуі мүмкін ойыншылармен келісіп, қауіп төндіретіндерді құрту керек. Артынан өзіңмен келісімге келіп, қауіп төндіретіндерді жоюға көмектескендерден құтылу қажет. Тоқаев консервативті ескі гвардияға емес, жастарға арқа сүйегісі келетіні содан. Себебі әлгі жастар Тоқаев кезінде жетекші қызмет атқарып, қолдауға ие болса, Назараевқа емес, Тоқаевқа қарыздар болмақ. Тоқаев осылайша Назарбаев дәуірімен қатты байланысты емес жастардан өз бюрократиялық аппаратын жасақтағысы келеді. Бұдан жүйе ішінде жаңа бюрократия мен ескі бюрократияның қақтығысы туындауы мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото: Azattyq.org

Сұхбатты көшіріп басуға болмайды. 

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізді

10.10.2024

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

10.10.2024

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапармен барды

10.10.2024

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті

09.10.2024

Ішкі істер министрінің орынбасары тағайындалды

07.10.2024

Тоқаев Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президентін қабылдады

04.10.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізді

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті

Ішкі істер министрінің орынбасары тағайындалды

Тоқаев Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президентін қабылдады