Елімізде лингвистика ғылым ретінде тоқырауға ұшырады – Қанағат Жүкешев
Осындай келеңсіздіктерді аңғара алған, аздаған ғалым соққыға ұшырады. Оларға «жергілікті тілдерді дамытудың перспективасыз екендігі, Компартияның тіл саясатына қарсы шығуға болмайтыны» ескертілді.
«Философия языка» атты кітаптың авторы, философ, Қанағат Жүкешевпен лингвистика ғылымы және қазіргі қазақ тілінің өзекті мәселелері жайында әңгіме өрбіткен едік.
– 2019 жылы ғой деймін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді модернизациялау қажет деген бастама көтерді. Бұл мәселені айырықша қолдағаныңызды білеміз. Сіздіңше, бұл қалай жүзеге асады?
– Тәуелсіздік жылдары тіл мәселесін шешуге әкімшілік, қаржылық мол ресурс жұмылдырылды. Бағдарламалар қабылданды, қазақ тілінде іс жүргізуге көшетін мерзімі бекітілді. Оқулықтар әлденеше рет қайта жазылды. Тілді оқытатын сағат көлемі үнемі көбейтіп отырды. Тілді білу қажеттігі насихатталды. Мемлекеттік тіл мәселесін талқылаған ғылыми-теориялық, практикалық конференциялар өткізілді. Түрлі қорлар құрылып, мемлекеттік тілді дамыту бағытында әрекет етті. Зиялы қауым билікке тілдің беделін көтеріп, маңызын арттыруды талап еткен хаттар жөнелтті. БАҚ-та ұсыныстар мен талаптар жарияланды. Тіл жанашырларының ұйымдары құрылып, акциялар өткізді.
Осындай шаралардан кейін де іс алға жылжымады. Жылжуы мүмкін емес те еді. Өйткені, тілді тығырықтан алып шығудың жолы басқа болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі мәртебесіне сай қызмет атқарудың ғылыми жолын көрсетті. Президент алдымен қазақ тіліне «реформа жасауды, оны модернизациялау керектігін» ұсынды. Қоғамдық сенім кеңесінің үшінші жиынында «Біз еуропа елдерінің тәжірибелеріне көңіл аударуымыз керек. Олардың жас ұрпаққа тіл үйретудегі маңызы зор» дегенді айтты. Шынайылығында тек осы бағытты ұстану қазақ тiлiнiң индустриялы қоғамда мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін толық атқару жағдайын жасап беретін еді.
Тілді «реформалау», «модернизациялау», «еуропалық тәжірибені енгізу» бағыттары қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай ғылыми жолмен дамытуды көздейді. Былайша айтқанда, бұл бағыттарды ана тілімізді индустриялы қоғамның нормаланған ресми тілі міндетін атқаруға дайындау деп түсіну керек.
Ол үшін қазақ тілінің нормаланған әдеби тіл корпусы жасақталуы керек. «Әдеби тіл дегеніміз нормаланған тіл. Тілді нормалау атауларды, терминдерді, фразеологиялық бірліктерді стандарттаудан басталады. Тілдік құралдарды стандарттау – олардың айтылу, құрылу, морфологиялық өзгеру т.б. үдерісіндегі түрлі нұсқаларын бір арнаға тоғыстыру; солардың арасынан тілді нормаландырудың негізі болатын, міндетті қолдануға ұсынылатын үлгісін таңдап алу» – деп түсінеді еуропалық тәжірибелерді жақсы ескеретін орыс лингвистері (Ахманова О.С. «Словарь лингвистических терминов». М.: 1969 – ред). «Тілді стандарттау – әдеби тілді дамытудың квинтэссенциясы» (сонда).
Бізде әдеби тіл ұғымының өзінің түсіндіруі бұлыңғыр, бірмағыналылық жоқ. Әдеби тілдің критерийлері мен оған қойылатын талаптарда да нақтылық жетіспейді. Жалпы қазіргі қазақ тілі аграрлы қоғамның жалпыхалықтық лексикасын жалпақ тіл стилінде қолдану деңгейінде қалып отыр. Біз оны индустриялы қоғамның әдеби нормаланған тілінің міндетін атқаруға дайындықсыз қосып жіберіп, беделін әбден түсіріп, өзіміз мазаққа айналдырып отымыз.
– Бізде «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деген кітап бар емес пе? Аз емес, көп емес, 15 томнан тұрады. Бүкіл қазақ лингвистикасының қаймағы жиналып, жарты ғасыр жасаған еңбегі. Сіз осы «түркі әлемінде жоқ бірегей туындыны» (авторлар солай деп жариялап жүр) жоққа шығарғыңыз келіп отыр ма? Мүмкін осы сұхбатты жариялаудан бас тартатын шығарсыз?
– Қазіргі қазақ тілінің бар лексикасын жинақтаған 15 том сөздік «қазақ әдеби тілінің сөздігі» деп аталатыны рас. Бірақ бұл – ұғымды ауыстырып қоюдың қарадүрсін көрінісі. Сөздік толығымен бейәдеби лексикадан тұрады. Өйткені, оны құрастырушылардың әдеби лексика мен бейәдеби лексика туралы түсініктері күңгірт болғандықтан, олардың аражігін анық ажырата алмаған. Соның салдарынан, сөздікті құрастырушылар онысын әдеби тілдің сөздігі деп атап отырғанымен, көлемді бейәдеби лексикамен толтырып қойып отырғандарын аңғармайды.
Мына комедияны қараңыз. Аталған туындының әдеби тілдің сөздігі емес екенін осы еңбектің бас идеологтарының бірі Н.Уәли мырзаның өзі-ақ верификациялап беріп отыр. Көп жыл дайындалған, ұжымдық еңбектің «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деп аталатынын ескермей, түсіндірме мақаласында ол былайша ағынан жарылады: «Сөздікте… көркем әдебиет тілінде жиірек кездесетін жергілікті сөздер мен кейбір көне сөздер біршама қамтылды». Ары қарай сөздіктің жауапты редакторы түсіндіруін былай жалғастырады: «көркем шығармаларда кездесетін қарапайым, тұрпайы т.б. бейәдеби элементтерге де сөздікте орын берілді».
Іс мұнымен де бітпейді. Сөздікте Н.Уәли атамаған бейәдеби лексиканың түрлері жетерлік. Мысалы, өңдеуден өтпеген, күрделі редупликациялық құрылымдар (бала-шаға, ем-дом; қағаз-мағаз, қатын-қалаш...), жасанды қосақталған агнонимдер (ақыл-ес, сана-сезім, ой-өріс...), вилланолектілік көпнұсқалы сөздер (бір ғана ұғымды білдіретін бір сөздің бұқара арасында 3, 5, 7 немесе оншақты пішінде айтылып жүрген, бейпіл нұсқалары. Мысалы: өмір – ғұмыр; әлем – ғалам; дәуір – дәурен; адым – қадым – қадам; хақы – құқы – құқығы...), шаруашылығы шектеулі қоғамның дамымаған тілдеріне тән, арнайы атаулар (бүлдіршін, байтал, құнажын, дөнежін...), инсультациялар (өңкиген, теңкиген, мәңірейген, сәңірейген...), арготизмдер, құлап қалу (емтиханда), тіл әкелу (жаудың тылынан), Сайып келгенде бұл жерде біз әдеби тілдің сөздігі деп аталатын жинаққа бейәдеби лексиканың барлық түрі еніп отырғанына куә болып отырмыз. Сондықтан аталған туынды әдеби тілдің сөздігі бола алмайды. Ол – жалпыхалықтық лексиканың жиынтығы. Қазақ лингвистикасында әдеби лексика, бейәдеби лексика, жалпыхалықтық тіл ұғымдарының арасы ажыратылмаған. Әдеби тіл корпусы жалпыхалықтық тіл қорынан іріктелініп алынбағандықтан қазақ әдеби тілінің нормаланған сөздігі жасалған жоқ.
– Тілді стандарттау дегеннен шығады. Әдеби норма, әдеби және бейәдеби лексика, сөздердің көпмағыналылық пен көптұлғалылықтан арылуы, тілдегі ұғымдар мен терминдерді бірізділікке түсіру мәселесі аса маңызды екені түсінікті. Алайда бұл неге кешеуілдеп қалды? Бұған кім жауапты?
– Өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ тiлiнің жүйелi грамматикасын жасау iстерінiң басында А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедов секiлдi iрi қайраткерлер тұрды. Олардың қазақ тілінің қызметін жолға қою бағытындағы жетістіктері Орта Азияның түркітанушыларының ғылыми ізденістеріне де үлгі болды. Қазақ грамматикасының түрлi салалары мен бағыттары бойынша зерттеу жұмыстары жүргiзілдi. Бірақ, сол кезеңде басталған саяси қуғындар тiл мәселесiмен айналысатын ғалымдарды да сырт қалдырмаған еді. Олардың көбі сонау 30-жылдары-ақ опат болып кетті. Тілді дамыту теориясын жасайтын күш әлсіреп қалды. Қазақстанда лингвистика ғылым ретінде тоқырауға ұшырады.
50-жылдарға дейінгі кезеңде, шектеулі жағдайда болса да, алдыңғы толқынның инерциясымен тілді дамыту бағыттарында құптарлық шаралар да болды. Бірақ, 60-жылдар ішінде қазақ тілін дамыту істері жалғасын таба алмады. Бұл жылдары большевиктер коммунизм құру жоспарын қабылдап, соған сәйкес «ұлттарды қосу», «тілдерді жою» бағытын ашық жүргізе бастаған болатын. Осыдан кейін қазақ тілінің дамуына ашық басынған өктем тосқауыл қойылды. Зиялы қауымның қазақ тілін дамытуға бағытталған әрекеттерінен еш нәтиже шықпайтын болды. Кеңес билігінің қазақ халқының тілдік сәйкестігін болдырмау саясаты XX ғасырдың 80-жылдарының аяғына дейін жалғасып келді.
Оның айқын көрінісі ретінде төмендегі жағдайларды айтуға болады. 1958 жылы Қазақстанда «Қазақ тiлi мен әдебиетi» ғылыми-әдiстемелiк журналы шыға бастады. Әдетте, салалық шаруашылық басылымдарын шығару құзыретi республиканың өз қарауында болса да, дәл осы басылымға қатысты шешiмдi Мәскеу шығарып, екi-үш саны шыққан соң жаптырып тастады. Себебі белгілі, ғылыми журнал шыққан соң қазақ тiлiнiң мәселелерi ғылыми-теориялық деңгейде зерттеле бастайды, оның арты тiлге, тиiсiнше, мәдениетке, көркем өнерге, мектептегi бiлiм беруге, тiлдiң саясатта, әлеуметтiк өмiрде, экономикалық айналыста қолданылуына қатысты мәселелер түйдегiмен көтерiлетiн жағдайға алып келеді. Ары қарай оның салдары бұл мәселелердiң шешiлуiн талап етуге апарып тiрейдi. Бұл коммунист идеологтардың қазақ тiлiне қатысты жүргiзiп отырған жою саясатына қайшы келеді. Ал тiлдi ғылыми-теориялық зерттеусiз қалдырып, оның өзекті мәселелеріне көңіл аудармай, практикалық ағыспен қоя бергенде, ол бiртiндеп шаруашылықтағы және басқа салалардағы айналыстан шығып қалады, өзiнен-өзi жойылады. Тілдің гуманитарлы салалардағы ішінара қызметі оның мемлекеттік тіл ретінде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ете алмайды, стагнацияға өзі барып тіреледі.
Ол кезде қазақ тілінің өмір сүру ареалы – қазақ ауылдары болды. Рас, ауылдарда газет пен журнал таралып, теледидар арқылы ақпарат таратылып жатты, кітаптар сатылды, мектеп жұмыс істеді, балалар қазақ тілінде сабақ оқып жатты. Алайда, бұлар тілдің қоғамдық прогреспен қабыса дамуын қамтамасыз ете алмады. Өйткені, қазақ тілі өзінің атқаруға тиісті төл функциясымен 50-ден астам қоғамдық өмір аясының 10-ында ғана көріне алды. Бұл – бірінші жағдай. Екіншіден, қазақ тілінің қызметі толыққанды емес, ішінара сипатта, тіл анархиясы мен тіл аномалиясы жағдайында атқарылды, оның қызметі стихиялы ағысқа жіберілді, шектен шығып кеткен семантикалық, синтаксистік, морфологиялық девиация жағдайында өтіп жатты. Осындай келеңсіздіктерді аңғара алған, аздаған ғалым соққыға ұшырады. Оларға «жергілікті тілдерді дамытудың перспективасыз екендігі, Компартияның тіл саясатына қарсы шығуға болмайтыны» ескертілді.
Енді кеңестік идеологтардың қазақ тілін көктетпеуге бағытталған ғылыми ұтымды шараларының бастысына және нағыз сұрқиясына назар аударыңыз: Компартияның нұсқауымен, қазақ тіліне қатысты лауазымды кадрлар іріктеудің ерекше әдіснамасы болды. Ол әдіснама бойынша, қазақ тіліне қатысы бар қызметтерді атқарушылар кәсіпқойлығы кемшін, сауаты мен мәдениеті төмен адамдар арасынан іріктелді. Оларда тілге қатысты конструктивті идея болмады, ағыспен кеткен бағыттары қолдау тауып отырды. Осылай, тілге қатысты қызметтің бәрінде, тіл білімін зерттеу институттарында да бірдеңе білетін, сезетін мамандарға тосқауыл қойылып, әлсіз және кертартпа кадрлар қолдау тауып отырды. Олар нормаланған әдеби тілге қатыссыз еңбектер жазып, атақтар алып жатты. Әдеби тіл дегеннің не екені туралы ғылыми түсініктері болмаса да (қазақ лингвистрінде ондай ұғым әлі бұлыңғыр), әдеби тілдің тарихы туралы «монографияларды» топырлатып шығарып жатты. Міне, лингвистиканың ғылым ретінде тоқырауы осылай, жасанды түрде жүзеге асырылды.
– Қазақстанда лингвистиканың ғылым ретінде тоқырауы қандай іс-әрекеттерден көрініс беріп отыр?
– Қазақстанда Тіл туралы заңның қабылданғанына, мінеки, 32 жыл болды. Осы уақыттың ішінде тіліміз мәртебесіне сай қызметін толыққанды атқаратын деңгейге көтеріле алмады. Осының өзі лингвистиканың ғылым ретінде тоқырауының көзге ұрып көрініп тұрған мысалы емес деп кім айта алады?
Отандық лингвистиканың осалдығының қарапайым әрі ең айшықты, бұлтартпайтын бір дәлелін дайындалған мектеп оқулықтарынан келтіруге болады. Қазірге дейін қазақ тілі оқулықтарының іші ғылыми дәйексіз ақпараттарға тұнып тұр. Лингвистикалық терминдер мен категориялардың мағыналары теріс түсіндірілген. Авторларының ресми стиль туралы түсініктері болмағандықтан, бәрі тұрмыстық стильде жазылған. Соның салдарынан қазақ тілінің 5-сыныпқа арналған оқулығының 1-бетінен 9-сыныпқа арналған оқулығының соңғы бетіне дейін синтаксистік және морфологиялық тұрғыдан дұрыс құрылған, жібі түзу сөйлем табылмайды. Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, қазақ тілінің оқулықтары «адамдарды тіл үйретуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді». Отандық ғалымдар қазақ тілінің оқулығын жаза алатындай деңгейге жетпегенін тәуелсіздік жылдарының өзінде талай рет көрсетіп келеді. Бұл үдеріс әлі жалғасын табуда. Кеңестік әкімшіліктің ғылымға сүйенген есебі дәл болды, Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болған кезде жалған лингвистика бағыттап жіберген кеңістікте әлі далбасалап жүрміз. Бұдан шығар қорытынды мынау: соңғы 50-60 жылдың мөлшерінде республикада мыңға тарта филологиядан қорғаған ғылым докторлары мен кандидаттары диплом алып шықты. Олардың жартысынан астамы (525 адам) А.Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-зерттеу институтында таза тіл білімінен диссертация қорғағандар. Кеңес кезінде тіл мәселелерімен айналысқан атағы мен дәрежесі айғайлап тұрған тілтанушыларымыздың бәрінің тілді дамытуға қатысты ұстанымдары ғылымилықтан аулақ, бағыттары теріс болып отыр. Шынтуайтына келгенде, біз ондаған жыл бойы тілді дамытумен айналысып отырған жоқпыз, виртуал кеңістікте дөйдала шиырлап жүрміз.
– Сонымен қазақ тілін қалай біріздікке түсірудің оңтайлы тәсілі бар, ашып айтсаңыз?
– Алдымен осы ұғымның толығырақ пішінделуіне көңіл аударайық. Тілді индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тіліне қойылатын талаптарға сай дамыту десек, сонда заманауи қазақ тілінің алдында тұрған мақсат айқынырақ өрнектеледі. Осы трендтің шеңберіндегі бір бағыт ретінде тілді бірізділікке түсіру жөнінде сөз болуы мүмкін. Оның өзін тарқатып айтатын болсақ, тілді бірізділікке түсіру деп атауларды, ұғымдарды, терминдерді, ерікті тіркестерді пішіндік жағынан (айтылуы мен жазылуы) және мағыналық жағынан (бірмәнді қолданылуы) стандартқа келтіру дегенді білдіреді. Енді қазақ тілінің мысалына келетін болсақ, біздің тіліміз бірінші кезекте 12-13 мың лексикалық бірлікті жиілік ұстанымымен іріктеп алып, өңдеу, нормалау үдерісінен өткізіп, оны барлық мәтінқұраушы мекемелер мен адамдарға таратып, сонан кейін дұрыс қолданылуын қадағалау деген сөз.
Мұндай жұмыстарды атқару жолын іздеп, велосипед ойлап шығарудың қажеті жоқ. Президент Тоқаев ескерткендей, еуропалық тәжірибе дайын тұр. Оларда бәрі бар. Тек ескертемін, заманауи әдеби тілді орнықтыру көпсалалы, көпқырлы, толып жатқан, сырттай қарағанда, бірі бірімен байланысы аз сияқты болып көрінетін, бірақ бірінсіз бірі жүзеге асырылмайтын бағыттардан тұрады. Ондай жұмыстар ірі ғылыми-зерттеу орталықтарында атқарылады. Нәтижелері жүздеген зерттеу еңбегі мен монографияларда, мыңдаған мақалада жариялануы керек. Біздің елімізде осыларды атқаруға қажетті мүмкіндіктің бәрі бар. Тек істі кейінге қалдырмай, қазір бастап кету керек.
– Тілді дамытуға қатысты шаралардың ғылыми жолмен атқарылмауының нендей кері әсерлері болды?
– Бұл құбылыстың сыры тіл-ой-әрекет детерминациясы шеңберінде ашылады. Рухани аяларда тартқан зардабымыз ұшан-теңіз. Тілдің тоқырауы ойдың тоқырауына, тиісінше, әрекеттегі берекесіздікке ұласып, бүкіл халықтың рухани аңтарылып қалуына әкеліп соқтырып отыр. Ұлттың рухани өмірі ойсырап тұр. Бұл ойсыраудың мысалдарын өзім емес, өзгелердің – кейбір танымал қайраткерлердің қобалжуынан келтірейін.
Кезінде марқұм Қалихан Ысқақ «Бүгінгі прозамыз сауатсыз. Бір жолын шаршамай оқып шыға алмайсың. Маған бір қап прозаны әкеліп бергенде, жариялауға тұратын бір шығарма таба алмаймын…» деп налыған еді. Осыған ұқсас констатацияны Герольд Бельгер де келтірген болатын. Ол «Сұрғылт белдеуге келіп тірелдік,.. Обскурация фазасы төніп тұр» дегенді айтты. Есенғали Раушанов: «әдеби процесс тоқтап тұр… Поэзияда жаңалық жоқ. Нәтижесінде әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз» деп түйіндеді.
Көркем өнердің өзге салаларындағы жағдай да осыған ұқсас. Опера және балет театры тәуелсiздiктен кейiнгi кезеңде қазақ тілінде сонау Кеңес кезiнде жазылған, Ә.Кекiлбаев пен Е.Рахмадиевтiң «Абылай ханынан» басқа татымды ештеңе ұсына алмады. Қазақтiлдi авторлар опера мен балет жазатындай, көрермендері оны көріп бағалайтындай деңгейден айырылып қалды.
Қазiргi қазақтар өткен XX ғасырдың 60-70-жылдарында пайда болған, Ш.Қалдаяқов және оның тұстастарының әндерін айтып жүр. Бұл сол кезде өмiр сүрiп, еңбек еткен авторлардың кемеңгерлiгiнiң емес, мәдениеттi жасауда жылжу болмағанының және бұқараның талғамының да өспегенiнiң айғағы.
Көркем өнердегі тоқыру, соның ішінде көркем әдебиеттің тығырыққа тірелуі, саяси-құқықтық, аялардағы келеңсіздіктердің де бәрі тілден бастау алып отыр. Осы мәселелердің бәрі толып жатқан мысалдармен бізде терең және жан-жақты зерттелген. Олар туралы бір сұқбатта айтып тастау мүмкін емес, қажет те емес. Рухани дамуға қатысты сара бағыттардың әрқайсысы халық бұқарасына белгілі бір алгоритм бойынша мысқалдап түсіндірілуі керек.
– Лингвистикалық арнайы білімі жоқ, жалпы көпшілікке түсініктірек қылып айтсаңыз?
– Жақсы. Ел дамудың индустриялы басқышына өткенде, аграрлы қоғамның тілінің нормалану үдерісінен өтуі міндетті. Нарық қатынастарының орнауы, тауар өндірісінің жолға қойылуы, шет елдермен экономикалық байланыстардың ұлғаюы, құқықтық қатынастардың алдыңғы лекке шығуы, тілдің алдына қоғам өмірінің барлық аясындағы әрекеттерді репрезентациялау (сипаттай алу) қабілеті болуын талап етеді. Қазақ тілін осы міндеттерді атқаруға дайындау керек болатын. Ол үдеріс сонау 1989 жылы тілге мемлекеттік мәртебе берілген күннен басталуы керек еді. Содан бері, біз болсақ бәрін билік жасауы керек деген теріс нұсқауды санамызға сіңіріп алып, биліктің жағасынан алумен ғана шектеліп келеміз.
– Қысқа қайырғанда, қазақ тілі заман көшіне ілесіп, жаңа сапаға өтеді-ау деген үміт бар ма сізде?
– Тіл – өзінің терең қойнауларында сырларын жасырып жатқан, өмір аяларының бәріне ықпалын тигізіп отыратын, тылсым құбылыс. Оның сырларын ашу тек ғылымның күшін, зерделі зерттеулерді талап етеді. Біз тілге қатысты сұрақтардың жауабын ғылым арқылы іздестіруге енді ғана кірісіп жатырмыз. Ғасыр бойы шешілмей келе жатқан аса күрделі мәселенің енді өз ретімен байыбын табатынына үміт қана емес, сенім де мол. Қазақ тілін мәртебесіне сай қызметін атқара алатындай деңгейге көтерудің барлық мүмкіндіктері бар, стратегиялық бағдар айқын, ғылыми дәйектелген тұжырымдама бар. Енді қауырт іске кірісу керек.
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР
Фото: ашық дереккөзінен