«Қазақтар Тасмағамбетовтің уәдесіне сенген еді»

Берік Жанатханұлы

  • 24.06.2021

2006 жылы Алматыда болған үйсіздер көтерілісіне (Шаңырақ оқиғасы) қатысып, 14 жылға сотталған Рүстем ТҰЯҚОВ New Alash ютуб каналына сұхбат берді. Жазасының 12 жылын өтеген Рүстем 2018 жылы бостандыққа шыққан. Содан бері беріп отырған алғашқы сұхбаты. Malim.kz сайты сұхбаттағы Рүстем ТҰЯҚОВ айтқан сөздердің ықшамдалған жазбаша нұсқасын ұсынады. 

Алматыға арман қуып бармадым

Алматы облысына қарасты Ұзынбұлақ деген ауылда дүниеге келдім. Осы ауылда ер жеттім. Мектепті бітірдім. Алматыға арман қуып бармадым. Алматы біз үшін үлкен өмірге баспалдақ еді. Анам жеті баламен ерте жесір қалып бізді жалғыз өзі өсірді. Сондықтан анамның бір жағына шығысуға ұмтылдық. Ақша тауып оны ауылға жіберсек қуанушы едік. Менің анам батыр адам. Тағдырдың жазуымен оқу оқи алмадық. Бірақ анамның жолы мен үшін университет. Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылында Мұқағали Мақатаев мектепте сабақ берген.  Шешем ұлы ақынның оқушысы болған екен.

Оқуға құжат тапсырған едім

Алғаш Алматыға келгенде базарда жұмыс істедім. Жүк көтердім. Қандай жұмыс шықса істей бердік қой. Ауылда темір-терсек көтеруші едік. Қол боста аздап тай бокспен айналыстық. «БАЗИС-А» құрылыс компаниясына жұмысқа тұрдым. Олар мені оқытпақшы да болған. Оқуға құжатымды өткізіп қойған едім. Бірақ өмір ойламаған жерден өзгерді. Ең бірінші «Шаңырақтан» ағам үйлі болды. Халық ол жаққа үдере көшіп келіп жатқан кез ғой. Әуезов ауданы әкімдігінде істейтін адамдар жер сатып жатты. Қателеспесем, президенттік сайлаудың алды болатын. Сол кездегі Алматы қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов халықпен кездесті. «Шаңырақ шайқалмайды» деген сөз айтты. Сол жердегі қазақтар сенді. Мен өзім 700 АҚШ долларына жер сатып алып ірге тасын құйып тастадым. Содан кейін қабырғасын көтеру үшін каркасқа тапсырыс бердім. Алайда үйімді салып біте алмадым. Ол кезде ағамдікінде тұрып жүрдім. 2006 жылы 14 шілде күні жұмысқа бару үшін ерте ояндым. Ол кезде автобус жиі қатынамайды. Сондықтан ерте тұрасың. Көшеге шықсам қара-құрым халық. Іргеге полиция жасағы келіп жетті деп естідім. Жұмыс киімім салынған дорбамды дүкендегі таныс кісіге тастап көпшіліктің арасына бардым. Сол кезде дубинкаларымен қалқандарын соғып жасақ келді. Олардың алдына үлкен ата-әжелеріміз шықты. Кетулерін сұрады. Бірақ полиция қарттарды қағып-соғып өте шықты. Халық бұдан артық шыдап тұра алмады. Мұздай қаруланған жасаққа тас лақтыру басталды. Қарсы тараптан рәзеңке оқ атылды. «Шумовой» гранаталар жарыла бастады. Бір-екі полиция қызметкері жараланып қолға түсіп қалды. Үлкендер жағы қызу қанды жастар ұрып тастамасын деп алып кетті.

Полицейді кім өртегенін көрмедім

Бір шегініп бір шабуылдаған полицияның кейбір қызметкерлері қалқандарын тастап, «бронежилеттерін» шешіп жатты. Бастарындағы каскаларын да шешті. Біз қуандық. Біз үшін бұл жеңіспен пара-пар еді. Бір мезетте мектептен бір азаматтық киімдегі азаматтар шығып әлгілерге бір нәрсе айтты. Полицейлер қайтадан сапқа тұрды. Сол кезде көпшілік қамаудағы полицей арқылы шабуылды тоқтатайық деген ұйғарымға келді. Марқұм Әсетті столбыға байлады. Сөйтіп шабуылға даяр тұрған жасақты қорқытпақшы болды. Мен ол кезде жаспын ғой. Абыр-дабыр көбейіп кетті. Үлкендерден сөз естіп былайырақ барып тұрдым. Өзгелермен бірге полицейлерге айғайлап тұрмыз. Аяқасты полиция шабуылға шықты. Рәзеңке оқ атылып, «шумовой» гранаталар жарыла бастады. Біз артқа қарай шегіндік. Сол кезде Әсет лап етіп өртене бастады. Кімнің от қойғанын көргенім жоқ. Граната басты айналдырады екен. Жан-жақтан оқ атылып жатыр. Есім шығып кетті. Қаштым. Әсеттің еш жазығы жоқ еді. Ол қызмет бабы бойынша бұйрықпен сол жерге келді. Өте өкінішті.

Дүниедегі ең күнәһар адамдар оперлар

Сол күні кешке үйге оралдым да таңертең қалаға шығып кеттім. Өзімнің ісімнен заңға қайшы әрекет көргенім жоқ. Бірақ адам өлімі болғандықтан полицияның сұрақ-жауап алатынын білдім. «Шақыраққа» бармай қалада жүрдім. Ешқайда қашқаным жоқ. Содан маған іздеу салғанын естідім. Ағамды қорқытыпты. Адвокат жалдап өз аяғыммен полиция бөліміне бардым. «Тұяқов, келді. Тұқяқов келді», - деп шулап кетті. Бәрі маған таласа бастады. Бірінші күні-ақ тергеуде сөзімді бұрмалай бастады. Кейін сотта жауаптарымды сол күйі судьяға ұсынды. Күні бойы сұрақ-жауап алады. Ал түнде ұрады. Бір ай ұрды. Үстімде бір сау жер жоқ. Мені іздеп досының тойына баралмаған полицей кеп бір ұрады. Ауылымды бәленбай күн торуылдаған полицей кеп бір ұрады. Содан кейін тас тиген СОБР-дың қызметкерлері келіп ұрды. Маған кектенгендер тегі көп екен. Шеттерінен өштерін алды ғой. Сол кезде адам баласының соншалықты жауыз екенін өмірімде бірінші рет көрдім.  Дүниедегі ең күнәһар адамдар оперлар деп ойлаймын.

Арон түрмеде адамдардың босап шығуына көмектесті

Арон Атабекті алғаш рет тергеу абақтысында көрдім. Өте шыншыл адам екен. Әділет сүйгіш батыл жан. Батыр десек те болады. Өзі істі болып жатып абақтыдағы адамдарға құқықтық көмек көрсетті. Аппеляциялық шағымдар жазып беруге көмектесті. Кейбір сотталушының мерзімдерін қысқартып берді. Кейбіруіне босап шығуға да көмектесіп жіберді. Қазір Құрманғазы екеуі түрмеде. Арон Атабектің әлеуметтік желіде қазіргі фотосын көріп жүрегім ауырды. Ал Құрманғазының жағдайы қандай екенін бір Құдай біледі ғой. Азаматтар бостандыққа шықса екен деп тілеймін. «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған барлық жігіттер жазықсыз. Олар көшеге немесе алаңға шығып еш нәрсені бүлдірген жоқ. Бар-жоғы өз үйлерін қорғады. Ақ жаулықты аналарды қорғады. Бұл сот процессі 20-30 жылдан кейін қайта қаралатын шығар.

Бір жәшік нәски

Істі болғанымызда халық қолдауын аяған жоқ. Жасарал Қуанышалин, Асылбек Қожахметов, Нағашыбай Есмырзаев сынды азаматтар қорғады. Нағашыбай аға дүниеден өтіп кетті ғой. Жаны пейіште шалқысын. Журналистер бір сот отырысына газеттің бір санын арнап жатты. Түзету мекемесінде жүргенде де елдің жанашырлығын сездік. Қаншама танымайтын адамдардан хат келді. Жылы сөздерін оқып жігерленесің. Бір күні түрме қызметкері: «Аяғың тонып жүр ме?» - деп сұрады. «Не боп қалды?» десем.

- Саған бір жәшік нәски келді. Бірақ осының алдында ғана «посылкаңды» алғандықтан кері қайтардық, - дейді.

- Бопты, - дедім. Сол бір жәшік нәскидің бір парына қолым жетпесе де соған көңілім қатты марқайып қалды. 

Фотолардың авторы Мұратбек КӘДІРЖАН.

 

Байланысты жаналықтар

Жаслан Мәдиев Бағдат Мусиннің орнын алмастарды

06.05.2024

10 мамырда Алматыда Әзербайжан – Армения келіссөздері өтеді

06.05.2024

«Ерлік майданда ғана жасалмайды»: Тоқаев мереке қарсаңында марапаттар тапсырды

06.05.2024

Елімізде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды

04.05.2024

Қазақстанда заманауи газ өңдеу өнеркәсібі құрылады

03.05.2024

Президентке әскери ұшақтар мен тікұшақтардың жаңа үлгілері таныстырылды

03.05.2024
MalimBlocks
Жаслан Мәдиев Бағдат Мусиннің орнын алмастарды

Ол 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

10 мамырда Алматыда Әзербайжан – Армения келіссөздері өтеді

Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Ерлік майданда ғана жасалмайды»: Тоқаев мереке қарсаңында марапаттар тапсырды

Президент ардагерлерге мерекеге орай жыл сайын қосымша төлемақы берілетінін, ал биыл оның көлемі үш миллион теңгеге дейін өскенін жеткізді.

Елімізде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстанда заманауи газ өңдеу өнеркәсібі құрылады

Энергетика министрлігіне газ саласының табыстылығын әрі қарай арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Президентке әскери ұшақтар мен тікұшақтардың жаңа үлгілері таныстырылды

Тоқаев авиабазадағы бірқатар инфрақұрылымдық нысанды аралап көрді.