Ресейдегі теракт: Тергеу комитеті "террористердің Украинамен байланысы барына айғақ табылғанын" айтты

Ресейдің Тергеу комитеті Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" ғимаратында теракт жасағандардың "Украиналық ұлтшылдармен байланысы барына айғақ табылды" деген мәлімдеме жасады. Олар мұндай ақпаратты лаңкестікке қатысы бар тағы бір күдіктіні ұстағаннан кейін таратқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Malim Админ

  • 29.03.2024

"Ұсталған лаңкестермен жұмыс істеп, олардан тәркіленген техникалық құрылғыларды зерделеу нәтижесіне және қаржылық операциялар туралы ақпаратты талдаған соң, олардың украиналық ұлтшылдармен байланысы барына айғақ табылды", – делінген Ресей Тергеу комитетінің Telegram арнасындағы хабарламасында.

 

24-наурызда Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудегі терактіге Украинаның қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Ол Ресей президенті Владимир Путинді "Крокус Сити Холлға" жасалған шабуылға Украинаны кінәлауды көздеп отыр деп айыптады.

 

7-наурызда АҚШ елшілігінің сайтында экстремистердің Мәскеуде халық көп шоғырланған, соның ішінде концерттік кешендерге шабуыл жасауға дайындалып жатқаны туралы ескерту жариялаған. 

 

Еске салайық, 22-наурызда Мәскеуде "Крокус Сити Холл" концерт ғимаратында теракт жасалып, салдарынан 143 адам қаза тапқан еді.