Шығыс Қазақстанда өңірлік кадр резервіне 21 үміткер іріктеліп алынды
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар азаматтар қатысады.
Биыл 1 наурыздан бастап еліміздің барлық аймақтарында өңірлік кадрлық резервке іріктеу жүргізілді.
Шығыс Қазақстан облысында кадрлық қажеттілікке сәйкес іріктеу бес салалық бағыт бойынша жүргізілді: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы; әлеуметтік сала; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым; агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары.
Бір ай көлімінде арнайы жасақталған платформа арқылы құжаттар қабылданды. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар азаматтар қатысады.
Кадрлық резервке іріктеуге Шығыс Қазақстаннан 386 үміткер қатысуға ниет білдірді, соның ішінде құжаттары талаптарға сәйкес келетін 295 азамат іріктеу кезеңдеріне жіберілді.
Жоспар кестеге сәйкес, іріктеудің бірінші кезеңі - заңнаманы білуге арналған тестілеу. Оған 214 үміткер қатысып, жоғары балл алған 109 үміткер жеке қасиеттерді бағалау кезеңіне өтті. Бұл кезеңнің нәтижесінде 42 үміткер іріктеудің келесі кезеңге, яғни құзіреттерді бағалауға жіберілді.
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясымен жүргізілген құзіреттерді бағалау кезеңіне 38 үміткер қатысып, оның 30-ы құрылымдық сұхбат кезеңіне жіберілді. Екі үміткер құрылымдық сұхбатқа қатысудан бас тартты. 28 үміткер өңірлік комиссия алдында өздерінің таңдап алған салалық бағыттары бойынша жобаларын қорғады, - делінген Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің ресми ақпаратында.
Кадр комиссиясының шешімімен Шығыс Қазақстаннан өңірлік кадр резервіне 20 үміткер іріктеліп алынды. Сонымен қатар Қағида талаптары бойынша Президенттік жастар кадр резервінің соңғы кезеңіне дейін жетіп, бірақ оған тіркелмеген азаматтарға өз өтініштері негізінде өңірлік резервке іріктеусіз тіркелу құқығы берілген. Осы нормаға сәйкес қосымша тағы 1 үміткер тіркеліп отыр.
Резервте тұру мерзімі - 2 жыл. Осы уақыт аралығында резервшілерге жергілікті атқарушы органдардағы әр түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарға (сайланбалы лауазымдардан басқа) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша конкурстан тыс тағайындала алады.
Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жариялап, оның нәтижесі осы жылдың басында белгілі болды. Ұлттық комиссияның шешімімен 50 адам резервке алынды, оның құрамында Шығыс Қазақстанның екі бірдей тұрғыны бар: «Сыртқы саясат және инвестициялар» саласы бойынша үміткер атанған Ерасыл Бақытжанов және «Цифрландыру» саласында резервке түскен Талапжан Қауашев.