Заңгер: Экс-президенттер мен олардың отбасын мемлекеттің бағуы - артық нәрсе

Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жайлы заң ғылымдарының кандидаты, доцент Есбол Өміржановпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

  • 27.05.2022
Заңгер Е.Өміржанов

 

Референдумдар Президенттің билігін ұзарту және нығайту үшін өткізілген

- Есбол мырза, бұл біз Тәуелсіздік алғалы бері өтпек үшінші референдум. Жалпы, референдум билікке не үшін керек болды? Бұрынғы референдумдар қалай болып еді және бұл жолғыдан қандай айырмашылығы бар?

- Негізінде референдум ел үшін аса маңызды мәселені бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешу мақсатында өткізіледі. Осыған дейінгі өткізілген екі референдумның алғашқысында (29 сәуір 1995 жылы) Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттік мерзімін 2000 жылдың соңына дейін ұзартқан. Екінші референдум 30 тамыз 1995 жылы жаңа Конституция қабылдау мақсатында ұйымдастырылды. Алғашқы референдум Президенттің билігін ұзарту үшін ұйымдастырылса, екінші референдум президенттік басқару нысанындағы мемлекетті орнықтыру үшін жүргізілді. Бұл жолғы референдум бұрынғы референдумдардан өзгешелеу, мұнда кейбір бұрынғы қалыптасқан билік органдарының ұйымдастырылуына, қызметіне, өкілеттіктеріне өзгеріс енгізу, кейбір билік органдарын жойып, орнына басқасын ұйымдастыру мәселелері бойынша өткізілмекші. Бұрынғы референдумдар Президенттің билігін ұзарту және нығайту бағытында өткізілсе, бұл референдум билік органдарының жұмыс жасау тетіктеріне өзгеріс енгізу мәселелерін негізге алады.

- Конституциямызға Тәуелсіздік жылдарында алтыншы мәрте өзгерту енгізілмек. Бұған дейін де Ата заңды «черновик» деп атағандар аз болған жоқ. Бұл жолы 33 бапқа 56 толықтыру енгізілмек. Жалпы, Конституцияны жиі өзгерту нені білдіреді?

- Әрине, Конституция елдің басты заңы болғандықтан оған жиі өзгерістер енгізу басты заңның мәртебесін өсірмейді. Оның үстіне енгізілген өзгерістердің көпшілігі Президенттің билігін арттыруға бағытталса, тіпті, кейбірі жалпы заңдылық қағидаларына қайшы келіп жатса қоғамда кері пікір қалыптасатыны заңдылық. Мысалы, қолданыстағы Конституцияға енгізілген кезекті өзгеріс бойынша, Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Осы тұста аталмыш баптың Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне екі рет Парламент депутаттығына үміткерлерді сайлау құқығын бергендігін, бұл өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің өзге азаматтардан артықшылығын бекітетін норма екендігін айта кеткім келеді. Жалпы алғанда, Конституция арқылы Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме мүшелеріне елдің жоғарғы заң шығарушы органының депутаттарын сайлауға айрықша құқық беру құқықтық тұрғыдан болсын, саяси жағынан болсын дұрыс емес қадам болды. Конституция арқылы бекітілген осындай нормалар халық арасында теріс пікірлердің өршуіне сеп болды деп айта аламын. Ең өкініштісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының билік басында қолдаушылары көп және бұл жолғы өзгерістер оның Конституцияда қалдырылғанын көрсетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан әлі де 5 депутат Мәжіліске сайланады.

- Жалпы, 56 өзгерісті референдум арқылы талқылау қаншалықты ақылға қонымды?

- Өз басым жаңа Конституция қабылдауға қарсымын, себебі, бұл дәл қазіргі кезде еш нәтиже бермесі анық. Сондықтан, өзгертулер мен толықтырулар енгізу тиімдірек. Бұрынғы өзгертулер мен толықтырулар халықтың пікірі негізінде жасалды деп айтудың өзі орынсыз болар. Дегенмен, осы ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулар да халықтық талқылаудан өтіп, өзгертіліп, сәйкестендіріліп енгізілмейтінін көріп отырмыз.

Жарлыққа сай ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулардың халықтың талқысынан өтіп, жаңартылып, өзгертіліп ұсынылуы үшін уақыт та, арнайы тетік те ұсынылған жоқ. Ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулар Конституциялық Кеңеспен мақұлданып, бекітілген нұсқа ретінде берілгендіктен оларды қабылдау үшін референдум өткізудің өзі артық деп есептеймін. Бұл өзгертулер мен толықтыруларды да қолданыстағы конституцияның 62 бабына сүйеніп енгізу тиімдірек болар еді. Сол арқылы қаншама бюджет қаржысын үнемдеуге болар еді. Әрине, билік референдум өткізу арқылы халықтың пікірімен санасатын кейіп танытып, халықтың қолдауымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін бекіткісі келеді. Дегенмен, уақыт өте келе Конституцияға тағы да өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қажеттілік туындары сөзсіз.

- Сіз бір мақалаңызда «Конституцияғa енгізілген үш реткі өзгертулер мен толықтырулaр көбіне мемлекетті бaсқaру мәселелеріне бaйлaнысты болды» дейсіз. Бұл биліктің ылғи да Конституцияны өз жүйесін қорғау үшін өзгертеді дегенді білдіре ме?

- Егер 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға зер салсаңыз барлық өзгерістер мен толықтырулардың бір адамға байланысты жасалғаны жөніндегі пікірге келесіз. Енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың басым бөлігі Президенттің өкілеттіктері, өкілеттік мерзімі, Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптар, Президенттің мәртебесі, Президенттің өзге мемлекеттік билік органдарымен арақатынасы турасында болған. Мысалы, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы N 284-I Заңына сәйкес, Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Ал, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңына сәйкес, Президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Сәйкесінше, 42 баптың 5-тармағы: «Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды», - деген мәтінде берілді. Сондықтан, бұл өзгертулер мен толықтырулардың барлығы биліктің мүддесі үшін жасалды деп айта аламын.

 

Парламент күшеймейді, депуттардың өкілеті артпайды

- Тәуелсіздік алған жылдары бір палаталы заң шығарушы орган құру керек деген бастама неге іске аспады? Қос палаталы парламент құруда Назарбаев қандай мүддені көздеді? Қос палаталы емес, бір палаталы парламент құрғанда, бізде қандай жүйе орнаған болар еді?

- Жалпы, қазақ елінде бір палаталы Парламент құру идеясын сонау 1911 жылы Барлыбек Сырттанов ұсынып, атауын «Ұлт Мәжілісі» деп берген еді. Одан кейін бұл идеяны менің ұстазым, Барлыбекті зерттеген ғалым Сәкен Өзбекұлы жалғастырып, елімізде тәуелсіздік алған соң бір палаталы Парламент құруды және оны «Ұлттық Мәжіліс» деп атауды ұсынған. Аталаған екі жоба бойынша да елімізде парламенттік республика құру идеясы болды.

Жалпы, унитарлы мемлекетте қос палаталы Парламент құру дұрыс емес. Себебі, Парламенттегі жоғарғы палата көбінесе федеративтік елдердегі федерация субъектілерінің мүддесін қорғау мақсатында сол субъектілердің өкілдерінен құралады. Біздің еліміздің жағдайында Сенат тек Мәжіліс қабылдаған заңдарды сүзгіден өткізуші орган ретінде қызмет атқарады деп айтсақ болады. Заң шығару процессі күрделеніп, Президентке қол қоюға барғанға дейін Сенаттың қарауынан өткізіліп отырады. Сенаттың 15 депутатын Президент өзі тағайындайды. Ал, халық арасында Сенат «Зейнетке шыққан Президенттің достарының демалыс орны» деген атауға ие болған. Осының өзінен Сенаттың не үшін қажет болғанын көруге болады.

Бір палаталы Парламент заң шығару процесін жеңілдетіп қана қоймай Парламенттің заң шығарушы билік ретінде басқа билік тармақтарымен байланысқа түсуін жеңілдетеді. Бір палаталы Парламент халыққа жақын болып, халықтың атынан сөз сөйлей алатын билік тармағына айнала алар еді.

- Депутаттар санын азайту, президент пен ассамблея тарапынан сайланатын депуттардың шегін қысқартуды биліктің өзі айтқандай реформа деп атауға бола ма? Және бұл парламенттің рөлін расында күшейте ме?

- Жаңа жоба бойынша Сенаттың 10 депутатын Президент тағайындайды олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады, ал, Мәжілісте 98 депутат болады. Шындығын айтқанда депуттар санын азайту олардың өкілеттіктерін арттырмайды. Яғни, барлығы бұрынғыша жалғаса береді. Сенат ендігі жерде заңдарды мақұлдайды, бірақ, шын мәнінде сол сүзгі қызметін атқарады.

- 1995 жылы жаңа Конституция қабылданарда бізге «күшті мемлекет» болып алғанша «күшті президенттік билік» керек деген пікірлер айтылыпты. Қазір Тоқаев суперпрезиденттік басқарудан бас тартамыз деп жатыр. Оның бастамаларын косметикалық өзгерістер ғана, әйтпесе, бұл президенттің өкілеттілігін азайтпайды, керісінше, қазіргі президенттің позициясын бекемдей түседі деген пікірлер айтылып жатыр...

- Кезінде 1995 жылғы Конституцияны қабылдағанда үлкен пікірталастар болды. Сол пікірталастардың стенограммасын Орталық мұрағаттан көріп, танысуға болады. Ол кезде күшті президенттік билік қажет болғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, қазіргі енгізіліп жатқан өзгертулер мен толықтарулар «супер президенттік» басқару нысанын өзгертеді деп айта алмаймын. Ол үшін 40 баптың 3-тармағына  өзгерту енгізу қажет болатын. Оған сәйкес, Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Яғни, біз сол баяғыша үш билік тармағының үстінен қарайтын Президентпен қаламыз. Сонымен қатар, 44-баптың мазмұны айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Ал, облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдері мәслихаттардың келісімімен тағайындалады және Президент оларды өз ұйғарымымен қызметінен босата алады. 47 баптың 2-тармағы да өзгеріссіз қалады, яғни, Республика Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді.

 

Жер дауы бітпейді

- 2016 жылы ауылшаруашылық жерлерін сатуға мораторий жариялады. 2021 жылы маратиорийді тағы бес жылға созды. Енді «Жер мен оның астындағы қазба байлық халыққа тиесілі, бірақ халық меншігін мемлекет басқарады» деп жатыр. Бұл өзгеріс жер дауын асқындыра ма, нүкте қоя ма?

- Негізі өз басым бұл өзгерістерге сенбеймін. Себебі, біздегі үлкен жер телімдерін аз ғана адам иеленіп отыр. Олардың басты мүддесі қандай жолмен болса да жерді саудаға шығару. Жалпы, Конституцияда  Жер мен оның астындағы қазба байлық халыққа тиесілі екендігін, жердің жеке меншікке берілмейтінін, тек 49 жылға Қазақстан азаматтарына жалға берілетіндігін, жер және оның қазба байлықтарын пайдалану талаптарының сақталуын мемлекет қатаң қадағалайтындығын бекітпейінше жер дауы бітпейді. Яғни, мемлекет жер мен оның қазба байлықтарын пайдалану заңдылығын қамтамасыз етуші ролін атқаруы тиіс. Жерді тек жалға беру керек және оны пайдаланушылар мемлекеттің қатаң бақылауында болуы тиіс.

- Ал, Конституциялық сотты қайтаруға байланысты өзгерістерден не күтуге болады?

- Біздің Конституциялық Кеңес 4 қазан 1958 жылы бесінші республика қабылдаған Франция Конституциясында көзделген Конституциялық Кеңеске негізделіп құрылған орган. 

Көпшілік демократиялық мемлекеттерде Конституцияға байланысты мәселелерді, әртүрлі орын алған жағдайларға байланысты түсіндіру жұмыстарын Конституциялық Сот атқаратындығын ескерсек, Конституцияның 72 бабы бойынша бекітілген Конституциялық Кеңестің атқаратын қызметін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының құрамында «Конституциялық Алқа» құрып, соған беру арқылы еліміздегі сот билігінің де мәртебесін арттыруға болар еді. Бұл Жоғарғы Соттың Конституцияға байланысты туындаған барлық мәселелерді қарауға өкілеттігін арттырса, екінші жағынан қосымша жоғарғы конституциялық орган құрудың қажет еместігін көрсетеді. Қолданыстағы Француз Конституциясының 9 тарауы Жоғарғы Сот Палатасы деп аталып, онда Президент пен үкімет мүшелерінің қылмыстық жауапкершілікке тартылу негіздері айқын көрсетілген. Менің пікірімше, Француз Конституциясына негіздеп Президент пен үкімет мүшелерінің, саяси мемлекеттік қызметкерлердің өздері қызмет ету барысындағы және қызметінен кеткеннен соң айқындалған қылмыстары үшін жауапкершілікке тартылуын Конституциямен бекітіп, оны қарауды Жоғарғы Соттың құрамында құрылған Конституциялық Алқаға беру арқылы еліміздегі қордаланған көптеген мәселенің шешімін табуға болар еді.

Ал, өзгерістерге келетін болсақ, аса маңызды ешнәрсе көріп тұрған жоқпын. Сол бұрынғыша Конституциялық Сот Төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды.

 

Экс-Президенттерге арнайы зейнетақы да жетеді

- Назарбаевқа «мемлекет құрушы» статусын беру туралы айтылып жүр. Бұл елдің көңіл-күйімен ойнау ма әлде Тоқаев аппаратының бұрынғы президентке деген «құрметін» білдіре ме?

- Ұсынылып жатқан өзгертулер бойынша 46 баптың тек 4-тармағы алынып тасталады. Ал, 3-тармақ сол күйінде қалдырылған. Оның себебі, бұдан кейінгі Президенттердің де болашақта өзін, отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүргізілмек. Бұл соны қамтамасыз ету үшін барып отырған қадам. Дегенмен, 3-тармақты да алып тастаған жөн болар еді. Экс-Президенттер қызметінен кеткен соң тек арнайы зейнетақымен қамтылса жеткілікті. Олардың отбасы мүшелерінің мемлекетпен қамтылуы, қорғалуы артық нәрсе.

91 баптың 2-тармағына өзгерістер енгізіліп  одан «тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді», деген сөздер алынып тасталады. Ал, өзгерістер мәтінінен Н.Назарбаевқа «мемлекет құрушы» статусын беру туралы бастаманы көрмедім, яғни, бұл мәселе қарастырылмаған.

Дегенмен, Конституцияның 2 бабының 3 және 3-1 тармақтарына өзгеріс енгізу қарастырылмаған. Сәйкесінше, ел астанасы Нұр-Сұлтан болып қала бермек.

- Қазақстан Республикасы мен Қазақ Республикасы атауының қандай да бір дәрежелік, деңгейлік айырмашылығы бар ма? Әлде бұл да популизм немесе қоғамның назарын аудару үшін жасалып отырған қадам ба?

- Шындығын айтқанда, атауда тұрған дәнеңе жоқ Қазақстан ба, Қазақстан Республикасы ма, жоқ әлде Қазақ Республикасы ма, парқы жоқ. Тек ағылшынша атауды Kazakhstan емес Qazaqstan деп қолданысқа енгізу жеткілікті болар еді. Себебі, кезінде орыс тілды шенеуніктер өздерінің тілінде Казахстан деген атауды  Kazakhstan деп ағылшынша аударып, қолданысқа енгізіп жіберген болатын. Мәселе мазмұнында. Билік тетіктерінде космополиттер мен ұлтсыздар емес нағыз ұлтшылдар отырса ел дамиды, жақсылыққа қол жеткізіледі. Ел халқының басым бөлігі қазақ ұлты болғандықтан ендігі жерде мемлекеттік саясат сол қазақ халқының мүддесіне сәйкестендіріліп жасалуы тиіс. Мемлекеттік саяси қызметшілер қазақ тілін толық меңгерген адамдар болуы қажет, бұрынғыша халықты алдап, қазақша мәтінді әрең оқитын «ерке балалар мен қыздарды» биік лауазымға тағайындау тоқтатылуы тиіс. Мемлекеттік биліктің өзі заңдарды белшесінен басып, заңға қайшы шешімдер қабылдайтын елде ешқашан даму болмайды!

- 1995 жылғы Конституцияны АҚШ-тың конституциялық сарапшыларына оқытыпты деген әңгіме бар. Тоқаев билігі Конституцияның «өзгертулер мен толықтыруларға» ұшыраған нұсқасын халықаралық ұйымдарға немесе халықаралық деңгейдегі конституциялық сарапшыларға ұсына ма? Және олардың пікірін жариялап, ашық талқыға салуы мүмкін бе?

- Конституцияға енгізілетін өзгерістер мәтіні ашық қолданыста, сондықтан, кез-келген адам онымен таныса алады. Ал, ол өзгерістер бойынша шет елдік тұрмақ отандық сарапшылардан сын-пікір жинақтап, солардың негізінде Заңды қабылдау тетігі қарастырылмаған. Тек Заң жобасы талқыға ұсынылды және ол бір ай ішінде референдумда қабылданады. Мұндай шекті уақыт мөлшерінде ұсынылған Заң жобасына өзгерістер енгізіліп, ұсынылған пікірлер ескеріледі деу – күлкілі нәрсе.

- Сұхбатыңызға рахмет!  

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

 

 

Байланысты жаналықтар

Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

18.04.2024

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

18.04.2024

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

17.04.2024

Депутат жертвам паводка: Назарбаевский клан никуда не делся

17.04.2024

Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

16.04.2024

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

16.04.2024
MalimBlocks
Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

Ол елімізде болған күрделі су тасқыны жағдайы аясында тұрақты су инфрақұрылымын дамыту үшін ЕО елдерімен әріптестікті кеңейтудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. 

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

Сапар аясында ертең жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

Құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан заң жобасын әзірлеп, пысықтауға белсенді қатысқан қоғам мүшелеріне алғыс білдірді.

Депутат жертвам паводка: Назарбаевский клан никуда не делся

Депутат мажилиса Максат Толыкбай обвинил крупные нефтяные компании в нежелании делиться имеющейся у них техникой для помощи во время паводков.

Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

Бұл туралы Тоқаев Қостанай ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын қысқарады.