«Уақыт – емші»: Төреғали Төреәлінің әкесі халыққа үндеу жасады
Әнші наурыз айында денсаулығы сыр беріп, концерттерін кейінге қалдырған

Әнші Төреғали Төреәлінің әкесі Instagram желісінде арнайы видео жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Төреәлі Төлепов бөліскен видеода ұлы Төреғалидың жаңа бейнебаянынан үзінді берілген. Дегенмен, видеоның астындағы жазба көпшіліктің назарын аударып, желі қолданушылары арасында түрлі сауалдар тудырды.
Аман болсақ, біз бірге бола аламыз,
Дұға-тілек – жаныңа дауа нағыз.
«Уақыт – емші» дейді ғой дана халық,
Ағайын, біз қайтадан ораламыз!, - деп жазды Төреғалидың әкесі.
Кейбір оқырмандар әншінің жағдайына алаңдаушылық білдірсе, енді бірі оның қазір шетелде емделіп жүргенін жазған.
Сондай-ақ бейнебаянның астына әншінің тез сауығып кетуін тілеп, жылы лебіздерін қалдырғандар да аз емес.
Айта кетсек, Төреғали Төреәлінің Instagram парақшасындағы ең соңғы жазбасы 3 наурыз күні жарияланған болатын. Сол уақыттан бері әншінің жоспарланған концерттері де кейінге қалдырылған еді.
Фото: әлеуметтік желі