Инклюзивті  театр жетекшісі: Мемлекеттік мекеме болып құрылғымыз келеді    

Театрдың халықаралық деңгейде жетістікке жетуге ұмтылысы зор

Олжас Қасым

  • 24.02.2023

Мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған инклюзивті театрлар әлем елдерінде бұрыннан бар. Айталық, Ресейде инклюзивті театрдың құрылу тарихы 1960 жылдардан бастау алады.  Ал  Батыс Еуропа елдерінде мұндай  мәдени орындардың ашылуы  әлеуметтік шиеленіс қаупі күшейген кездермен байланысты. 1970 жылдары Италияда содан кейін Францияда психикасы бұзылған адамдарға арналған театр және өнер орталықтары пайда болды. Мәселен, 1973 жылы наурызда Италияның  Триест қаласында әйгілі психиатр Франко Базальяның  бастамасымен  көшеде театрландырылған шеру өткен. 1978 жылы Францияда «Оазо-Муш компаниясы»  мүгедектігі бар адамдардың қатысуымен Еуропадағы алғашқы театрдың негізін қалады.

Қазақстанда бұл өнер ошақтарынан кейін араға 50-60 жыл салып тұңғыш  инклюзивті театр ашылғаны белгілі. 2021 жылы алғаш көрермен қабылдаған театр жаратылысы ерекше жандарды өнерге баулып келеді. Malim.kz тілшісі Орталық Азиядағы тұңғыш шаңырақ көтерген  «Қанаттылар» театрының жетекшісі Арнұр Ысқақов мырзамен тілдесіп, мәдени ошақтың тыныс-тіршілігі, мәселелері жөнінде сұрап білді.     


- Инклюзивті театр елімізде алғаш ашылған соң оның шешімі қиын проблемалары аз болмайтыны түсінікті. Мамандығыңыз басқа болса да өнер ордасының қазығын қағып, керегесін кердіңіз. «Қанаттыларды» құру идеясы ұзақ уақыт санаңызда пісіп-жетілген секілді... Солай ма?  

- Театрды ашу идеясы осыдан 5-6 жыл бұрын келген. 2018 жылы Астанада инклюзивті театрлардың халықаралық фестивалі өткен болатын. Соны тамашалаған соң бізде неге осындай театр ашпасқа деген ой келді.  Айналамыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығын арттыру қажет болды.  Негізі өзім  өнерден алыс адаммын.   Театр саласында оқымағанмын, актерлік өнерді кәсіби түрде меңгермегенмін. Мамандығым – дәрігер. Травма алғаннан бастап әр салада жұмыс істеп шықтым. Партияда қызметкер, телеарнада журналист те болдым. Өнер деген адамның жан түкпірінде жатқан құндылығы. Ол үшін негізі диплом алудың қажеті жоқ екен. Менің мақсатым – ерекше азаматтарды шығармашылық жағынан оңалту болды.

Инклюзивті театр ашу идеясының бір ұшын шығарайын.  Құлағы естімейтін бір қарындасымыздың «теледидардағы жаңалықтардың бұрышында тұратын адамнан басқа сурдо аудармалар жоқ. Бізге қолдау керек» деген тілек-өтінішін естіп қалғаным бар. Осыдан келіп, театр ашайық деген ойымыз нықталып, беки түсті. Бұл өнер ошағы екі жыл ішінде қоғамға ой тастайтын қойылымдар ұсынды, атымыз аз да болсын шыға бастады.  Жаңа театр шымылдығын ақын Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» атты поэтикалық қойылымымен  ашқан болатынбыз.   Одан соң жазушы Роза Мұқанованың «Қызжылаған» спектаклін өнерсүйер жұртшылық назарына  ұсындық.  Драмалық шығармаларды ерекше жандар көрерменге әсерлі етіп жеткізді.

Спектакльден бір үзік  

- Екі жылда актерлер құрамы толығып қалған шығар... Қазір шығармашылық ұжымда қанша адам бар?          

- Театр труппасына актерлер іріктеу бойынша қабылданды. Бастапқы кезде қаншама үміткердің арасынан жалындап тұрған 18 талантты таңдап алдық. Ерекше жандардың ішінен ерекшесін іріктеп алдық десек артық айтқандық емес. Себебі,  сахнада жұмыс істеу үшін үлкен қажыр-қайрат, табандылық пен еселі еңбек керек. Жауапкершілікті жан-тәнімен сезінетін, ізденуден жалықпайтын, санасы ояу, сезімі сергек нағыз өнерпаздарды  топтастыруға тырыстық. Олардың бәрі ерекше. Сон­дық­тан да қыз-жігіттердің әр әрекетін сахнадан тамашалау көрермендеріміз үшін де ғажап болады деп ойлаймыз.  

Қазір мұнда  40 шақты актер өнер көрсетеді.  Бәрінің де дипломы жоқ. Ең бастысы, олардың өнерге құштарлығы ерекше. Әрине, бірден құрыла салып үлкен ауқымға шыға алмасымыз анық. Бәрі де уақыт ағымымен келеді деп ойлаймын. 

- Театр адамның ұмтылысын оятып, қарым- қабілетін шыңдайтын орын. Инклюзивті театр мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта сыйлап отырғанын байқаймыз. Театрға келген ерекше жандар өнер әлеміне қадам басқалы бойларында қандай да бір өзгеріс пайда болды ма? Құлшыныс, ынта-жігер жағынан алғанда...

- Екі жыл ішінде балалар сахна деген әлемнің әсерін сезініп, еңбекақыларын алып өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезініп қалды. Мұндай азаматтарды тек біздің мекеме ғана  жұмысқа алады.  Сол себепті де, ерекше жандардың жан дүниесінде өзгеріс бар деп айта аламын. Бұрын томаға-тұйық болып келген азаматтар ашылып, емін-еркін сөйлесіп, пікірлесетін күйге жетті.  Дегенмен, екі жыл деген аз уақыт. Толықтай ашылып, стереотипсіз өмір сүрулеріне әлі ертерек секілді. Оған да жетерміз.  

- Алдағы уақытта  елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университеті ішінен ерекше жандарды актерлік мамандық бойынша кәсіби түрде оқытып, диплом беретін арнайы кафедра ашу мәселесі қолға алынып жатқанын айтқан едіңіз. Кафедра ашылды ма?

- Қазақ Ұлттық өнер университеті бар, Жүргенов атындағы өнер академиясы бар, Мәдениет және спорт министрлігі, сол кездегі Білім және ғылым министрлігімен де сөйлесіп, ұсынысымызды жеткізгенбіз. Содан бері үш жылға таяп қалды. Әзірше ашылған жоқ. Сахнада тұрып сөз беретіндер бар, «Мұндай театр орталық Азияда жоқ» деп әспеттейді. Бірақ, ақыр соңында жабулы қазан жабулы күйінде қалып кетіп жатыр. Біз Жаңа Қазақстан құрамыз дейміз, қалай құрамыз егер болмысымызды, көзқарас- түсінігімізді өзгертпейінше. Жоғары биліктегі адамдарды кінәлаймыз,  сұрау атқарушы адамдарға салынуға тиіс. Мәселен, операцияны дәрігер жасайды, оған дейінгі отаға дайындықты медбике қамдай алмаса ем зая кетеді. Тура сол сияқты жағдай ғой. Біздің театрға келіп, қойылым көрген министр, әкім басқа да шенеуніктер «керемет екен» деп таңдай қағады. Сол кезде оларға актерлерімді  кәсіби түрде оқытуға мүмкіндік жасасаңыздар деп өтініш білдіремін.  Өйткені, әр спектакль сайын өнерпаздарды бастан-аяқ үйретуге тура келеді. Ал ол қаншама уақытты алады. Басқа мемлекеттердегі ерекше азаматтарды өнерге баулитын оқу орындарында актерік кафедра бар. Оны оқытатын әдістемелік еңбектері де көп. Бірақ, бізде барлығы ақшаға келіп тірелгеннен кейін ешкім мүмкіндігі шектеулі жандарға кафедра ашқылары келмейді. Олардың шығармашылыққа бет бұруына қорқақтайды. Айтып-айтып жалыққан соң амалсыз  осы жерде қамалып отырмыз. Мәскеудегі инклюзивті театр әртістері жатақханамен қамтылған. Арбадағысы бар, керең, зағип азаматтары, барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға өнер арқылы жағдай жасап отыр. Ал біз «осындай театр аштық» деп мақтануға ғана шеберміз. Шын мәнісінде бұл - көзбояушылық. Соғыс болып жатқан секілді жағдайда жүрміз. Үлкен театрлар мемлекет қамқорлығында, ал біз жетім бала секілді құрқылтайдың ұясындай ғимаратта  отырмыз. Біреулер «мыналар тойған екен. Осыған да рахмет айтпай ма?»,- деп айтатын шығар. Дегенмен, ол біздің қажеттілігіміз ғой. Актерлерді кәсіби оқытуға 10 гранттың өзін бөлгенде миллиардтан астам ақша кетеді екен. Сондықтан, айтып жүрген кафедрамызды ашудың әлі ауылы алыс  секілді. Қолдау көрсеткенімен, қаржы бөлуге келгенде министрліктегілердің қолдары жүрмей-ақ қойды.

Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасына қанша мәрте өтінішпен шықсақ та, театрымызды мемлекеттік мекеме қылуға құлықсыздық танытып келеді. Бізді қайтсін?! Оқымаған, білімі жоқ бейшара кейпіндеміз. Сәуірдің басында үлкен бір қойылым қойғалы отырмыз. Оған тіпті бір тиын да бөлінбеген.

- Бір қойылымға шамамен қанша қаражат жұмсалады?

- Біздің қойылымдарға 4-5 млн теңге ғана кетеді. Салыстырмалы түрде Мұхтар Әуезов театрын алсаңыз, ол жерде бір спектакльді сахналауға 40-50 млн жұмсалады.   Бізден он есе көп. 

- Физиологиялық ерекшеліктері бар азаматтарға қоғамның көзқарасы қалай?

- Арбада отырғаныма 15 жыл болды.  Бізге қоғам әлі аянышпен, мүсіркей қарайды.  Депутаттық қызмет, жұмысқа орналастыру болсын бәрі көзбояушылық. Біреулер қомақты көмек беріп жатырмыз, жәрдем жасадық деп ойлайды. Өздеріңізге мәлім, Халыққа қызмет көрсету орталығында 80-90 теңге айлық төлейді. Елімізде 700 мыңға жуық ерекше азаматтар бар екен. Олардың ішінде үйде төсек тартып жатқандар бар. Қоғамға пайдамды тигіземін, өмір сүремін дейтін құлшынысы зор көп дегенде 10 мың азамат шығар. Сол он мың адамды әрқайсысына 500 мың еңбекақымен қамтуға болады деп ойлаймын.

Қазіргі театрға көңілім толмайды, қарным ашады. Біздің балалар 80-мың теңге жалақы алады. Бірақ, өнер десе ішкен асын жерге қояды. Жан түкпірінде жатқан көңіл-күйді ақтарып тұрып жеткізетін азаматтар. Алайда, әлі де арбада отырған адамға қайыршы, оған ақша беру керек деген оймен қарайтындар көп. Ерекше адамдарға қолдау ретінде мекемелерге пандус, арба сыйлап жатыр  деген тапсырмалар – бізді қорлау деп ұғамын. Бірінші сені арбаға отырғызып тастауға жеткізеді. Одан соң арба алып бергеннен не пайда? Оңалып кетуіне   «Азаматтарға арналған үкімет», психологтар көмек беріп, отбасылы болуына, жақсы жалақы алуына қамқорлық танытса олар неге өмірді сүймейді?!

- Өзіңізді депутаттыққа ұсынып, осы олқылықтардың орнын толтыруға неге әрекет жасамасқа?

- Одан пайда бар ма?!   Депутаттың қолында ешқандай пәрмен жоқ. Көп болса министрлікке сұрау жіберуі мүмкін, подиумда тұрып депутатқа ұрсуы мүмкін,  әріптестерімен отырып заң талқылауы мүмкін. Болды. Олардың айтып отырған ертегілеріне мен сенбеймін.  Мені Еңбек министрі қылсыншы, мүгедек адамдарға жағдайды қалай жасау керек екенін көрсетейін.  Бұған біздің қоғам әлі күнге дейін дайын емес.  Біздің қоғамдық бірлестіктер ақшаны талан-таражға салумен айналысуда. Мүгедектік деген сөзді жамылып алып көптеген жобаларды, қомақты қаражатты қалтаға басып жатқанына  қарным ашады. Ол қоғамдық бірлестіктерді бір адам ғана басқарады. Оны тексеріп жатқан прокуратура да жоқ.

Біз мемлекеттік мекеме болып құрылайық деп жоспарлағанымызға бір жылдай уақыт болды. Әкімдік тарапынан қолдау болмай отыр. Қойылымымызға да қаржы бөлінбейді. Тек осы ғимаратты сосын 20 штат берген. Егер бір жылдың ішінде театрымызға қолдау білдірмесе, басшы ретінде театрды жабуға мәжбүр боламын. Өйткені, бізге деген қоғамның көзқарасы – көзбояушылық қана.  Біз қолымыздан келмейтін жұмысты атқарып жатырмыз. Жоқтан бар жасап отырмыз деуге болады.  Сәуір айының басында көпшіліктің алдында барлық мәселені бүкпесіз, ашық айтамыз.   Театрдың халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жетуге ұмтылысы зор. Бірақ, қолдау болмаса біз қайда барамыз?!  Мұхтар Әуезов немесе Қалибек Қуанышбаев атындағы театрға миллиардтап ақша бөлініп жатқан кезде олар халықаралық аренада өздерін жан-жақты  көрсете алады.  «Астана Опера» театрының бір қойылымына 300 миллион жұмсалады екен. Біздің театрға 5 миллион ғана кетеді. Осы жерде жүрген 40 баланың тағдыры қалай болады деп алаңдаймын. Бұлар театрдан алатын 80-90 мыңға емес, өнер деп келіп отырған жандар. Егер демеу көрсетіп, бізді мемлекеттік мекеме ретінде құратын болса алдымызға нақты, ауқымды жоспар құрамыз. Мемлекеттің атын асқақтатуға, абыройын көтеруге қолдан келгенше атсалысамыз.  Ал қазір маусымды жабуға екі спектакль сахналауды жоспарлап отырмыз.  Қос қойылым да өмірден алынған. Біреуінің атауын шамалап «Бозторғай» деп қойдық.

- Жұмыстарыңызға сәттілік, істеріңізге береке тілейміз!