Президент реформалары – бейбіт ел тұрғындарының болашағына нақты қадам
Тәуелсіз елдің тұрғыны ретінде елімізде болып жатқан әрбір саяси оқиғаның мәні зор. Өйткені егемендікті аңсап өткен бабалар тілегі орындалды. Бүгінде бейбіт елді әлем халықтары танып келеді. Халықаралық байланысқа жол ашылды. Мұның барлығы да мемлекет басшысының жүргізген саясатының жемісі деп білемін. Былтыр 5 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жалпыхалықтық референдум өткізгені белгілі. Бұл дегеніміз Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына жасалып отырған оң қадам, тиімді бетбұрыс. Осылайша қоғамда демократия орната аламыз деп ойлаймын. Әрібр адам аталған реформаға қатысып, өзінің өзгеріске үлес қоса алатынын сезінді. Мұндай саяси реформаларды Түркістан облысының тұрғындары да оң көзқараспен қабылдап жатыр. Саяси науқанда белсенділік танытып, республикада көш бастады. Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жерлестеріміздің бейжай қарамағаны ұнады. Себебі заң түзелмей, қоғамды түзейміз деген қате болар еді. Халық пікірінің ескерілгені жақсылықтың нышаны деуге болады. Бүкілхалықтық референдумнан кейін Президентіміз Үндеу жасады.
«Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын. Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін. Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді. Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек» деді Мемлекет басшысы.
Референдум нәтижесі де жаман болып жатқан жоқ. Жалпы Ата Заңымыздың алғашқы нұсқасы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған. 27 жыл ішінде оған Парламенттің заң шығарушылық құқығымен бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Күн санап өзгеріп жатқан қоғамда халықтың талап-тілектерінің сипаты өзгеріп, сұранысы жоғарылауда. 98 баптың 33-не енгізілген өзгерістер қатарында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданып, ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүзеге асырылып жатыр. Аудан әкімдерін де халық тікелей сайлай алады. Түркістан облысында биыл 4 аудан әкімі сайланды. Бір мандатты округ арқылы кез келген азамат өзінің конституциялық құқығын қорғай отырып, депутат атана алады. Жалпы мұндай жүйеге, Президенттің саяси реформаларына сарапшылар да жоғары баға беріп отыр.
Ел Президенті VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында алдағы жоспарларды бекітті.
«Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Бұл науқан, шын мәнінде, бұрынғыдан ерекше, өзгеше болды. Сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында, ашық өтті. Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті. Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз.
Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты. Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет» деді Мемлекет басшысы.
Халқымыздың мәңгілік құндылығы саналатын Тәуелсіздіктің арқасында көптеген жетістікке қол жеткіздік. Соның бірі елордамыз Астана қаласы болса, екіншісі киелі Түркістан қаласының жаңа бағытқа қадам басқаны. Мұнда аз уақыт ішінде түрлі ғимараттар бой көтеріп, руханият ордасына, туристер қаласына айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған болатын. Ал келер жылы түркі мемлекеттер арасында туристік астана ретінде жарияланып отыр. Биыл облыстың 5 жылдығы жыл басынан бері кеңінен аталып өтуде. Соның ішінде өзім қызмет атқарып жүрген «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасы ұжымының да қосар үлесі мол. Мұнда оқырманды кітап оқуға баулудан бөлек, түрлі рухани, мәдени, әдеби іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның бірі де бірегейі «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» жобасы деуге болады. Әдеби сапар аясында Түркістан облысының руханият, әдебиет және мәдениет саласындағы маңызды жаңалықтармен бөлісу және өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру басты мақсатымыз еді. Алғашқы сапар Жамбыл облысы, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан басталды. Содан соң Алматы, Астана және Шымкент қалаларында және Қызылорда облысында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қаламгерлер оқырманмен қауышты. Әдебиет пен кітапхана саласындағы түйткілді мәселелер талқыланды. Сапарға өңірімзден арнайы ақын-жазушылар, қаламгерлер мен журналистер және кітапханашылардан құралған делегация мүшелері де барды. Нәтижесінде 19 мың кітап жиналып, шалғай ауылдағы кітапханаларға таратылды. Бұл жұмысымыздың бір бөлігі ғана. Мен кітапхананың ақпаратқа жауапты маманы ретінде жақсы жаңалықтарды бөлісіп жүрмін. Бейбіт елдің бақытты тұрғыны болуды жазсын баршамызға!
Ардақ Нұрғали
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.