Президенттің кадр резервіне ілігу – бірден министр болу деген сөз емес

  • 02.12.2023

2019 жылы мемлекет тарапынан жастарға ерекше көңіл бөлінді. Осы жылды Жастар жылы деп жариялаған Мемлекет басшысы «Президенттік жастар кадр резервін» қалыптастыру идеясын алғаш рет ел назарына ұсынды. Бұл бастаманы көтеру арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқаруда жастарға иек артатынын, білімді, білікті жастарды қолдауға әзір екенін көрсетті. Осы бір сындарлы кезде білімді жастардың шетелге жиі кететіні, арман-мақсаттарын шетелдермен байланыстыратыны жиі айтылатын. Мемлекетті алға бастайтын, жаңашыл жобалардың алдыңғы шебінде жүруі тиіс жастардың туған жерін, Отанын гүлдендірудің орнына, өзге елдерге нәпақа іздеп кетуі Мемлекет басшысын ерекше ойландырса керек. Өзінің ел басқарудағы алғашқы қадамын жастарды қолдаудан, жастарға арналған жобаларды жандандырудан бастаған Қ.Тоқаев 2019 жылы Президенттік жастардың кадр резервін қалыптастыруды мақсат етіп отырғанын айтқанда қолдаушылар көп болды. Бұл әсіресе білімін ұштауды, өз еңбегімен мәнсаптық көтерілуді көздеп жүрген жастардың үмітін ұштағаны анық.

Мемлекет басшысының «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығы 2019 жылғы 27 тамызда шықты. Жарлықпен тыңғылықты танысқан жандар кадрлық резервке алынудың нақты тәртібімен таныса алады. Мұнда бүгінге дейін жиі қойылатын «Президенттік жастар кадр резервіне кімдер тұра алады?» «Бұл қатарға іліну үшін не керек?», «Резервке тұрғандар бірден жоғары мәнсапқа ие бола ма?» деген сияқты сауалдарға толық жауап береді.

Мұндағы көпшілікті қызықтырған ең негізгі мәселе – жастарды кадр резервіне іріктейтін комиссияның құрамына қатысты туындады. «Комиссия бұра тартпай ма? Жастарды іріктеуге лайықты тұлғалар таңдалған ба? Мұнда алалау, танысқа басымдық беру болмай ма?» деген сұрақтардың жиі қойылатыны да сол сенімсіздіктен, білместіктен туындағаны сөзсіз. Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрғандықтан, Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрамы мен олардың жұмыс істеу механизмі терең сүзгіден өткен. Жалпы алғанда Ұлттық комиссияның қызметін қамтамасыз етуді міндеті тікедей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті органға жүктелген. 

Ал Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы осы Ұлттық комиссияның төрағасы қызметін атқарады. Одан бөлек, Президент Кеңсесінің бастығына комиссия төрағасының орынбасары міндеті жүктелсе, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасына комиссия төрағасының орынбасары жұмысы берілген. Сондай-ақ, Премьер-Министрінің орынбасары, Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Президенттің өңірлік саясат мәселелерін үйлестіретін кеңесшісі, сондай-ақ, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры комиссия мүшесі ретінде кадр резервін қалыптастыруға атсалысады. Бұған қоса, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Жарлыққа сай комиссияның хатшысы жұмысын атқарады. Ұлттық комиссия құрамына топтастырылған мұндай лауазым иелері Президент жүктеген міндетті төрт жылдан бері өз деңгейінде жүзеге асырып келеді.

Жарлықта дәйектелген ережеге сай, Президенттің жастар кадр резервіне тек отыз бес жасқа дейінгі жастар ғана іріктеледі. Және үміткердің міндетті түрде Қазақстан азаматы болып, бес жыл еңбек өтілінің болуы маңызды. Тағы бір ескеретін жай, ел Президенті қызметке тағайындаған азаматтар бұл резервке қатысуға жіберілмейді.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Әрі бұл іріктеу шарттарының бәрі жастардың арасынан ең мықтысын, ең білімдісін, көпшіл, ұйымдастыру қабылеті жоғары, қиын жағдайлардан жол таба білетін, көпшілікпен тіл табыса алатын, көшбасшылық қасиеті жоғары жастарды таңдауға мүмкіндік береді. Алғашқы сатыда кандидаттардың құжаттары тексеріліп, талапқа сай келетіні анықталса, екінші кезеңде үміткердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл жастардың жаңа технологияны меңгеру, ақпаратты талдап, сараптай алу қабілетін көрсететін сынақ. Үшінші сатыда ситуациялық тапсырмаларды шешудегі қабілетін көрсетсе, төртінші сатыда комиссия үміткерлердің құзыреттерін бағалайді. Осы сындардан сүрінбей өткендер резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда әңгімелесуге қатысады. Бұл кезеңде кандидаттың өзін-өзі ұстау, сұрақтарға жылдам әрі тапқыр жауап беруі, сөз байлығы сынға түседі. Тек осы сынақтардан кейін ғана Сарапшылық комиссия Резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарайды.

Қазіргі заман – ақпараттар заманы. Сол себепті Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру ісінде ақпараттандыру, жобаны таныстыру бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылады. Бұл қызмет мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға тапсырылған. Сондықтан, уәкілетті орган іріктеу жүргізу туралы хабарландыруды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа ресурстарда орналастырады.

Айрықша тоқталатын жайт – кадр резервіне тұруға үміткерлердің мемлекеттік тілді білуі басты қажеттілік болып отыр. Мұндай механизмнің енгізілуі Қазақстанның мемлекетік қызмет корпусын ана тілінде еркін сөйлейтін, қазақша өз ойын қиналмай жеткізе алатын, отаншыл, халықшыл жастармен толықтыруға бағытталған. Мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы анықтамасы жоқ жастар Президенттің кадр резервінің қатарына қосыла алмайды. Тек мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификатты өткізгенде ғана үміткерлердің басқа турларға қатысуға құқығы бар. Іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинап, қатарынан озған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі. Ең жоғары нəтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.

      Бірнеше кандидатта тестілеудің бірдей нəтижелері болған жағдайда іріктеудің келесі кезеңіне Ұлттық комиссия айқындаған саннан асатын кандидаттардың саны жіберілуі мүмкін. Сарапшылық комиссияда өткен әңгімелесу қорытындысын ескере отырып, және басқа кезеңдерде жинақталған балдарды назарға ала отырып Резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың ортақ тізімі жасалады. Тек осыдан кейін ғана іріктелген адамдардың тізімі Ұлттық комиссияның қарауына жолданады.

Кадр резервіне тұру – бірден министр болу деген сөз емес. Өйткені, жоғары лауазымға жетудің өз шарттары бар. Айталық, Ұлттық комиссия кандидаттарды үш жыл мерзімге Резервке алу туралы шешім шығарады. Міне, осы жылдар ішінде тізімге қосылған кандидаттар кадр сапына ілігеді. Соншама сынақтан сүрінбеген жастардың кадр резервінен шығып қалуы да қиын емес. Мәселен, комиссияның көзін алдап, діттеген мақсатына жету үшін анық емес ақпаратты, құжаттарды ұсынған кандидаттар тізімнен алынады. Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқандарға, шет мемлекеттің азаматтығын алғандарға да, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағандарға да Президенттің жастар кадрлық резервінде орын жоқ. Сондай-ақ, қызметінен төмендетілген не шығарылған; қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған; Резервте болу кезеңінде қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық жасаған,  сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған азаматтар да резерв сапынан алынады.

Ал Резервке алынған жастардың "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері лауазымдарына, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания басқармаларының төрағалары мен басқарма мүшелері болуына жол ашық.

Қарап тұрсақ, 2019 жылдан бері жыл сайын Президент жастар кадр резерві толығып келеді. Бүгінге дейін өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып, сынаққа қатысқан қыз-жігіттердің ізденгіштігіне, жауаптылығына, еңбекқорлығына таңдай қағасың. Ең бастысы, жастар өздеріне мемлекеттің қолдау білдіріп, қамқорлық танытып отырғанын ұмытпауы тиіс. Қазіргі жастарға «Мемлекет маған не береді» деп емес, «Мемлекетке мен не беремін?» деген принциппен өмір сүрген маңызды. Себебі, мемлекеттің болашағы – жастардың қолында.