Қаңтар құрбаны Еркебұлан Құттыбаевты ақтық сапарға шығарып салды
Ол өз үйінде жүрек талмасынан көз жұмған
Бүгін ақтөбеліктер Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Еркебұлан Құттыбаевты ақтық сапарға аттандырды. Ол 15 наурыз күні өз үйінде жүрек талмасынан көз жұмған болатын. Бұл туралы Azattyq.org хабарлады. Марқұмды танитындар Еркебұланның еш уақытта денсаулығына шағым жасағанын көрмегенін айтады.
– Кісі бетіне қатты келмейтін, аса сабырлы азамат еді. Тағдырлас болған аз уақыт аралығында біз оның өте еңбекқор, жақындарына қамқор жан екенін білдік. Артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Әкесіз қалған балаларды жылатпай, апелляция алқасы Еркебұланның "КамАЗ-ын" отбасына қайтарады деп үміттенеміз, – дейді Қаңтар бойынша айыпталған 18 азаматтың бірі Асланбек Омаров.
Үш баланың әкесі, 41 жастағы Еркебұлан Құттыбаев биыл ақпанның басында Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталып, тоғыз ай шартты жаза арқалаған. Ол 1 ақпан күні берген сұхбатында шартты жазаға келіспейтінін айтқан.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылғы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде «Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталған үш адамның бостандығын 3,5 жылға шектеген.
Айта кетейік, 1 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға үкім оқыды. 18 адамның ішінде ең ауыр айып Нұрсұлтан Исаевқа тағылған еді. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды.