freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Жаңа Конституция билік жүйесін қалай өзгертті: Саясаттанушылар реформаның алғашқы нәтижесін бағалады

Сұқбат •
Жаңа Конституция билік жүйесін қалай өзгертті: Саясаттанушылар реформаның алғашқы нәтижесін бағалады
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енгеніне үш айдан асты. Осы уақыт ішінде елдің саяси жүйесінде елеулі құрылымдық өзгерістер болды. Қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді, депутаттарды сайлау тәртібі өзгерді, жаңа саяси институттар құрылды. Алайда мұның барлығы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың саяси шешімдерге ықпалын күшейте алды ма? Malim.kz тілшісі конституциялық реформаның алғашқы нәтижелері мен алдағы мүмкіндіктерін саясаттанушылар Ғазиз Әбішев пен Нұрхат Ораштан сұрады.

2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Соның нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар өзгеріс жүзеге асты. Бұрынғы Сенат пен Мәжілістің орнына партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылды. Сондай-ақ Вице-президент институты енгізіліп, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесі белгіленді. 

Реформаның құқықтық негізі қаланғанымен, оның саяси және қоғамдық салдарын бағалау мәселесі әлі де өзекті. Себебі мемлекеттік институттардың құрылымын өзгерту олардың жұмыс сапасы автоматты түрде жақсарады дегенді білдірмейді.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, реформаның нәтижесі туралы түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Ол жаңа Құрылтайдың жұмысына баға беру үшін кемінде алғашқы парламенттік сессияның қорытындысын күту қажет екенін айтады.

"Қазір реформаның нәтижесіне нақты баға беру ерте. Өйткені конституциялық өзгерістер қамтыған Құрылтай жұмыс істей бастағанына төрт апта ғана болды, бесінші аптасы аяқталып келеді. Сондықтан оның тиімділігі жөнінде біржақты тұжырым жасауға болмайды. Кем дегенде алғашқы сессияның қалай өткенін көруіміз қажет", – дейді Ғазиз Әбішев.

Ал саясаттанушы Нұрхат Ораш конституциялық реформаны бағалау кезінде мемлекеттік құрылымның өзгеруі мен оның қоғам өміріне ықпалын бір-бірінен ажыратып қарастыру қажет деп есептейді.

Оның айтуынша, алғашқы үш ай ішінде Қазақстан жаңа институционалдық модельге көшіп, адам құқықтарына қатысты бірқатар конституциялық кепілдікті бекітті. Атап айтқанда, азаматтың ұсталған сәттен бастап қорғалу құқығы, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетінен келген зиянды өтеу, дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік мәселелері нақтыланды.

Дегенмен сарапшы Конституцияда құқықтың бекітілуі мен оның іс жүзінде толық қамтамасыз етілуі екі бөлек мәселе екенін атап өтті.

"Реформаның нәтижесін тек мемлекеттік органдардың құрылымымен немесе қабылданған заңдардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы ықпалы билік институттарының жұмысынан, азаматтардың құқықтарының қорғалуынан және саяси шешімдердің қабылдану сапасынан көрінуі тиіс", – дейді Нұрхат Ораш.

Құрылтай: саяси өзгерістің артықшылығы мен тәуекелі

Конституциялық реформаның ең маңызды өзгерістерінің бірі – қос палаталы Парламенттің таратылып, бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. Билік бұл өзгеріс арқылы заң шығару жүйесінің құрылымын жаңартты. Алайда жаңа модельдің қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні оның нақты тәжірибесіне байланысты.

Ғазиз Әбішев бір палаталы Құрылтайды Қазақстанның президенттік басқару жүйесіне сәйкес келетін институт деп бағалайды. Оның айтуынша, Қазақстан президенттік республика болып қала береді және жаңа Конституцияда мемлекет басшысының саяси жүйедегі орны бұрынғыдан да нақты сипатталған.

"Президенттік билік саяси жүйеде негізгі орын алады. Ал Құрылтай осы жүйеге сәйкес қалыптастырылған. Енді Парламент екіге бөлінген құрылым емес, халық өкілдігін жүзеге асыратын біртұтас орган. Ол саяси жүйедегі президенттік билікті толықтырып отырады", – дейді саясаттанушы.

Әбішев жаңа Құрылтайдың жасақталу тәртібіндегі өзгерістерді де оң бағалайды. Оның пікірінше, барлық депутаттың партиялық тізім арқылы сайлануы парламенттік мандаттардың құқықтық және саяси табиғатын біріздендіреді.

Бұрынғы жүйеде Сенат депутаттарының бір бөлігін Президент тағайындайтын. Сонымен қатар Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы өкілдік ету тәжірибесі болған. Саясаттанушы мұндай тетіктер депутаттардың саяси мандатының қалыптасуына қатысты белгілі бір сұрақтар туындатқанын айтады.

"Бұрын Парламенттің бір бөлігінде басқа билік тармағының шешімімен тағайындалған адамдар болды. Бұл олардың өкілдік мандатына қатысты сұрақтар туғызатын. Қазір барлық депутат партиялық тізім арқылы сайланады. Яғни мандаттардың құқықтық негізі бірдей. Мен мұны қолдаймын", – дейді Ғазиз Әбішев.

Ал Нұрхат Ораш бір палаталы жүйенің артықшылықтарымен қатар, белгілі бір тәуекелдері де бар екенін ескертеді. Оның пікірінше, қос палаталы Парламент жағдайында заң жобалары бірнеше деңгейде қаралып, қосымша талқылаудан өтетін. Бұл уақытты көбірек қажет еткенімен, қабылданатын шешімдердің сапасын қайта тексеруге мүмкіндік берді.

Бір палаталы Құрылтайда мұндай рәсімдердің бір бөлігі қысқарады. Демек, заң қабылдау процесі жеделдеуі мүмкін. Бірақ сарапшы шешім қабылдау жылдамдығын тиімділіктің басты өлшемі ретінде қарастыру дұрыс емес деп санайды.

"Заңның жылдам қабылдануы оның сапалы екенін білдірмейді. Мәселен, әлеуметтік немесе салық заңнамасына қатысты шешім қысқа мерзімде қабылданғанымен, оның салдары жеткілікті зерттелмесе, кейін қосымша түзетулер енгізуге тура келуі мүмкін", – дейді Нұрхат Ораш.

Саясаттанушы Құрылтайдың тиімділігі депутаттардың дербес заңнамалық бастама көтеру мүмкіндігіне, Үкімет қызметіне жүргізілетін парламенттік бақылауға, комитеттердің сараптамалық әлеуетіне және парламенттік азшылықтың пікірін ескеру тетіктеріне байланысты екенін айтады.

Саяси партиялар арасында шынайы бәсеке қалыптаса ма?

Жаңа Конституция бойынша Құрылтай депутаттары толықтай пропорционалды жүйемен, яғни партиялық тізім арқылы сайланады. Бұл өзгеріс саяси партиялардың жауапкершілігін арттыруы мүмкін. Бірақ партиялық өкілдіктің күшеюі саяси бәсекенің де күшейгенін білдіре ме?

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстандағы партиялар арасындағы бәсекенің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі ел президенттік басқару жүйесін сақтап отыр және қазіргі саяси партиялар мемлекет басшысына қатысты түбегейлі оппозициялық ұстанымда емес.

"Саяси партиялар бір-бірімен бәсекелеседі. Алайда президенттік билік негізгі орында тұрғанын ескеруіміз керек. Қазіргі партиялардың барлығы іс басындағы президентке "лоялды". Сондықтан олар бір-біріне өткір саяси оппозиция ретінде қарсы шықпайды. Негізгі бәсеке экономикалық реформаларды іске асыру жолдары мен нақты салалық шешімдер төңірегінде жүреді", – дейді Ғазиз Әбішев.

Оның түсіндіруінше, партиялардың бәсекесі экономикалық реформаларды жүзеге асыру тәсілдері мен олардың орындалу деңгейіне көбірек бағытталған. Яғни саяси күштер арасындағы айырмашылық идеологиялық қарсыластықтан гөрі, нақты мемлекеттік саясаттың мазмұнында көрінуі мүмкін. Әбішев мұндай процесті партиялық жүйенің біртіндеп дамуының шынайы жолы деп бағалайды. Ол қазіргі саяси жүйенің бұрынғы кезеңдерден маңызды айырмашылығы ретінде институттардың дербес жұмыс істеу мүмкіндігіне тоқталды. Саясаттанушының пайымдауынша, президенттік билік күшті болғанымен, қазіргі мемлекет басшысы саяси жүйені өзінің жеке тұлғасына шамадан тыс тәуелді етуге ұмтылмайды.

"Қазіргі Президент өзінің тұлғасына ерекше назар аударуға тырыспайды. Мемлекеттік институттарға жеке тұлғаға тәуелді қосымша құрылым ретінде емес, дербес институт ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл – оң фактор", – дейді ол.

Ал Нұрхат Ораш партиялық жүйенің тиімділігі олардың парламенттегі күнделікті қызметінен көрінуі тиіс деп санайды.

Оның айтуынша, партиялар тек сайлау науқанында белсенділік танытатын ұйым ретінде қалмай, заңнамалық бастамаларды әзірлейтін, қоғамдық мәселелерді көтеретін және сайлауалды бағдарламаларының орындалуына жауап беретін тұрақты саяси институтқа айналуы қажет. Бұл үшін партиялар кәсіби кадр даярлауға, сарапшылармен жұмыс істеуге және өңірлік ұйымдарын дамытуға ерекше көңіл бөлуі керек.

"Саяси бәсеке тек сайлау науқаны кезінде көрінбеуі керек. Оның маңызды бөлігі парламенттің күнделікті жұмысында қалыптасады. Мәселен, партиялар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы немесе кәсіпкерлік мәселелері бойынша балама заңнамалық ұсыныстар енгізе ала ма? Әртүрлі фракциялар арасындағы пікірталас нақты шешімдерге ықпал ете ме? Негізгі мәселе осында", – дейді Нұрхат Ораш.

Сарапшы азаматтардың саяси шешімдерге қатысу мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан Халық Кеңесінің заң жобаларын Құрылтай қарауына енгізу мүмкіндігі қоғамдық ұсыныстарды мемлекеттік шешімдерге жеткізудің қосымша арнасына айнала алады. Алайда бұл институттың тиімділігі оның мәртебесіне емес, азаматтар көтерген мәселелердің қаншалықты ескерілетініне байланысты болады. Мысалы, қоғамдық ұсыныстардың қаншасы қаралып, қаншасы нақты шешімге айналғаны және қабылданбаған бастамаларға қандай түсініктеме берілгені маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, партиялардың жауапкершілігін арттыру мен азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейту өзара байланысты міндеттер болып отыр.

Реформаның нәтижесін қандай көрсеткіштермен бағалауға болады?

Конституциялық реформаның тиімділігі туралы нақты қорытынды жасау үшін оның алдағы бір-екі жылдағы нәтижелерін бақылау маңызды.

Ғазиз Әбішев заң шығарушы органның жұмысына баға беру кезінде асығыстық танытпау қажеттігін айтады. Ол Құрылтайдың алғашқы сессиясы аяқталғаннан кейін ғана заң шығару процесінің қаншалықты тиімді ұйымдастырылғанын байқауға болатынын атап өтті.

Сонымен қатар саясаттанушы жаңа Құрылтай құрамында цифрландыру мәселелеріне арналған комитеттің пайда болуын оң өзгерістердің бірі ретінде бағалайды.

"Цифрлық комитеттің құрылуы уақыт талабына жауап береді. Бұл өте маңызды. Өйткені алдағы жылдары цифрландыру мен жасанды интеллект саласынан туындайтын сын-қатерлер өте көп болады", – дейді Ғазиз Әбішев.

Ал Нұрхат Ораш реформаның тиімділігін бағалау үшін нақты әрі өлшенетін көрсеткіштер қажет екенін айтады. Сарапшының пікірінше, бірінші кезекте Құрылтайдың заң шығару қызметіне назар аудару керек. Атап айтқанда, депутаттар ұсынған заңдардың үлесін, заң жобаларының қаралу мерзімін және кейін қайта өзгертілген заңдардың санын салыстыру маңызды.

Екінші көрсеткіш – парламенттік бақылау. Үкіметке жолданған депутаттық сауалдар мен олардың нәтижесінде қабылданған нақты шаралар Құрылтайдың атқарушы билікке ықпалын бағалауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, саяси бәсекенің деңгейін анықтау қажет. Ол үшін әртүрлі фракциялардың заңнамалық бастамаларын, балама ұсыныстардың қаралуын және парламенттік пікірталастардың ашықтығын зерттеу керек.

Төртінші бағыт – азаматтардың құқықтарын қорғау. Сарапшы Конституциялық Сот шешімдерінің орындалуы, құқық бұзушылықтарға қатысты шағымдардың нәтижесі және мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келген зиянның өтелуі маңызды көрсеткіштерге айналуы тиіс деп есептейді.

Бесінші бағыт – қоғамдық қатысу. Азаматтар мен қоғамдық ұйымдар ұсынған бастамалардың қаралуы және олардың мемлекеттік шешімдерге ықпалы реформаның қоғаммен байланысын бағалауға мүмкіндік береді.

"Егер Құрылтай заңдарды бұрынғыдан жылдам қабылдаса, бірақ оларға жиі түзету енгізуге тура келсе, мұны біржақты тиімділік көрсеткіші деп бағалау қиын. Сол сияқты депутаттық сауалдардың саны артқанымен, олардың нәтижесінде нақты шешімдер қабылданбаса, парламенттік бақылаудың ықпалын қосымша зерттеу қажет болады", – дейді Нұрхат Ораш.

Оның пікірінше, бұл көрсеткіштер жыл сайын жарияланып, реформаның алдындағы кезеңмен салыстырылуы керек. Сонда саяси өзгерістердің нәтижесін жалпы бағалаумен шектелмей, нақты деректер арқылы талдауға мүмкіндік туады.

Сарапшы 2027-2028 жылдарды конституциялық реформаның алғашқы тұрақты нәтижелерін анықтауға мүмкіндік беретін маңызды кезең ретінде қарастырады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу