Қазақтың мықты мамандары Кореяға қашанғы ағылады?

Үздіктердің сыртқа кетуі экономикамызға   теріс әсер етеді

Олжас Қасым

  • 19.02.2024

Енді қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға заңды түрде барып жұмыс істей алады. Осы уақытқа дейін екі ел арасында бұл мәселе бойынша 8 рет келіссөз жүрген. Нәтижесінде тараптар біржақты шешімге келді.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша,  Қазақстан тарапы толықтай құжаттың бәрін аяқтады, бүкіл процедураны өтті, енді  келісім ғана қалып отыр. Наурыз айында екі ел арасында келісімге  қол қойылады және еліміздің азаматтары Кореяға барып заңды түрде еңбек мигранты ретінде жұмыс істей алады.       

Ал Сыртқы көші-қон және босқындар басқармасының сарапшысы Әміржан Тәжібековтің пікірінше, «Employment permit System» жүйесі елдер арасындағы байланысты нығайтпақ. Бұл Оңтүстік Корея елінің жүйесі болып табылады. Жүйеге сәйкес Оңтүстік Корея шетел жұмыс күшін тарту үшін мемлекетпен мемарандум құрады. Сол мемарандум аясында бірқатар мемлекеттің азаматтары Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге құқылы болады.

Бүгінде Оңтүстік Кореяның «Жұмыс істеуге рұқсат алу» жүйесіне 16 мемлекет кірген. Енді еліміз 17-ші болып тіркелуі мүмкін. Оның өзінде санаулы ғана квота бөлінеді. Әзірге, қанша адамға рұқсат етілетіні белгісіз. Мысалы, Өзбекстанға 3000-ға жуық орын бөлінеді. Ал, еңбек мигранттарына қатысты тәртіп одан әрі күшейе түседі.

ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының дерегіне сенсек, «Оңтүстік Кореяда Қазақстанның 50 мың азаматы  жүр.   «Олардың 21 мыңы этникалық корейлер.    11 мыңдайы заңсыз жүргендер. 10 мыңға жуығының   визасы бар.  Бірақ,   олар сол мемлекетке кіргеннен соң  турист сияқты жүреді. Көбі  жұмыс іздеп барады», - дейді Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев.     

Алматылық Оразгүл Қасымбекова 2016 жылы Оңтүстік Кореяға еңбек етуге заңсыз жолмен барғандардың бірі. Негізгі мамандығы техник-программист бола тұра ол жақта қара жұмыс істеуіне тура келіпті.

«Қазақстанда орташа жалақы 300 мың болса,   Кореяда 300 мыңды 1 аптада табуға болады. Бірақ, жұмыс  оңай емес. Таңертең барасың, бірақ, қайда баратыныңды білмейсің. Сені алқапқа, зауытқа немесе  асханаға алып кетуі мүмкін. 12 сағат, 8 сағат аяқтан тұрып жұмыс жасадық, оңай болған жоқ.   Мен танитын қазақ балалардың бәрі  заңсыз өткендер», - дейді Оразгүл Қасымбекова.   Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев Кореяның    жергілікті компаниялары «3Д» деген жұмысқа Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Қазақстаннан азаматтарды   шақырып, тартқанын мәлімдеді.  «3Д» деген  лас,қиын, қауіпті, зиянды жұмыстар. 

Елімізде енді «Employment permit System» жүйесі аясында даярлық орталықтары ашылады. Мұны жүзеге асыру үшін қазақстандық мамандар Оңтүстік Кореялық әріптестерімен ақылдаса келе, екі қалаға тоқталыпты. Айталық, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, сондай-ақ Қонаев қаласында  оқу-тәжірибе жұмыстары,   тілді үйрететін  және   азаматтардың денсаулықтарын   тексертіп, анықтама  беретін жер болады.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев  бұл шешім өте маңызды деген пікірде.    Біріншіден, еңбек келісім шарты болады, сол елдің азаматтарымен бірдей жалақы алады. Екінші, әр жерге бір ауысып жүрмейді, егер  заң бұзбаса, қамап, болмаса депортация жасап жібермейді.  Сонымен бірге медициналық сақтандыру  болады, ауырып қалса,   заңды түрде емделуге құқығы бар. 

Егер де, азаматтар EPS жүйесінде көрсетілген талаптарға сай келмесе Оңтүстік Кореяға жұмысқа бара алмайды. Іріктеу де қатаң жүргізіледі. Сыртқы көші-қон және босқындар басқармасының сарапшысы Әміржан Тәжібековтің айтуынша, Оңтүстік Корея жүйе бойынша  өздерінің жұмыс берушілерінен өтініш қабылдайды. Осылайша қандай ваканция мен талаптар  бар, қандай кәсіптік біліктілік бар екенін білуге болады. Сол бойынша азаматтар жұмысқа орналаса алады. 

Экономист Бауыржан Ысқақ бұл ретте бір жайтты ескеруге тиіс екенімізге назар аудартады.  «Елімізден қандай мамандар кетіп жатыр. Егер де олар отандық экономикамызға пайдасы бар, білімді технологтар, дәрігерлер сияқты таптырмас мамандар болса,   керісінше  Кореяда жүзеге асырылып жатқан жағдайды ұстануымыз керек. Яғни, үздіктердің сыртқа кетуі экономикамызға   теріс әсер етеді».

Мұндай ауыс-түйіс әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, бүгінде Қазақстанға 400 мыңға жуық шетел азаматы жұмысқа тұруға келген. Ал, екі қолға бір күрек іздеп елімізден сыртқа кетушілердің саны, көрші мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым аз дейді мамандар.

Фото: Tengrinews