Тағы да бес жасар қыз қаза болды

Кеше кешкісін 5 жасар қыз жоғалып, жедел-іздестіру барысында полиция ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты.

Malim Админ

  • 14.07.2023

13 шілде күні кешке Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылының адамдары наразылыққа шықты. Оған осы ауылда тұратын 5 жасар қыздың кісі қолынан өлуі себеп болған.

«Жедел-іздестіру барысында полиция ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы (99-бап) бойынша іс қозғалып, тергеу басталды» деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бүлдіршіннің өліміне күдікті анықталған соң ауыл тұрғындары наразылыққа шығып, күдіктіні халықтың қолына беруді талап еткен.

Ауыл адамдары жиналғанын полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Халық тынышталғанын, ауылды полиция бақылап тұрғанын айтты.

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, Жібек жолы ауылында интернет ажыратылған. Түн ішінде осы ауылдағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық өткізу пункті де жабылған.

Күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

Бала өліміне байланысты президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды. Сонымен қатар президент баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтқан.